Білім • 30 Тамыз, 2023

Жетістік алға жетелейді

300 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Білім саласындағы жүйе­лі жұмыстың нә­ти­жесінде өңір оқушылары биыл айтарлықтай жетіс­тіктерге қол жеткізді. Нақ­тырақ айтсақ, жам­был­дық жеткіншектер ха­лықаралық, республи­калық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 343 медаль жеңіп алды. Сон­дай-ақ республикалық ғылыми жобалар жарысында өңір командасы он төртінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанды.

Жетістік алға жетелейді

Жалпы алғанда өңірдің білім сала­сын­дағы жетістігі жыл өткен сайын ар­тып келеді. Бұл әлбетте, педагог маман­дардың табанды еңбегінің, жанкешті­лігінің арқасында мүмкін болып отыр.

– Облыстың білім беру саласы сан түрлі бағыт бойынша өркендей түс­кені рас. Бұл жыл сайынғы қар­жыланды­рудың артуымен байланыс­ты екені дау­сыз. Өңірдің ағарту саласын дамытуға жергілікті атқарушы билік қай кезде де мүдделі. Қолға алынған нақты жұ­мыс­тың нәтижесінде түрлі санат бойын­ша көрсеткіш те жақсара түсті. Білім саласында өзіне тән ерекшеліктермен мойындалған бірнеше халықаралық жоба бар екені белгілі. Біз солардың сарап­тамасына ден қоямыз. Са­рапшы­лардың пікіріне сүйенсек, TIMSS, PISA, PIRLS, ICILS ха­лықаралық зерттеу ұйым­да­рының тәуелсіз бағалау жүйесі қай кезде де маңызға ие. Тиісті деңгейде жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, өңір оқушыларының республикалық деңгейдегі көрсет­кіші айтарлықтай жоғары­лаған. Өңірде оқу үрдістерін өркендету, оқыту сапасын ілгерілету үшін консультативтік-кеңесші орган саналатын директорлар кеңесі, «Ұлағат» педагогтер қауымдастығы құрылған. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім басқармалары қызметіне жүргізілген кешенді мониторинг нәтижесінде өңір­дегі оқу-әдістемелік орталықтың іс-тәжірибесі республи­ка бойынша таратылды. Бұл өңір ұстаздарының шығарма­шы­лық әлеуеті арта түскенін аң­ғар­тып отыр. Бір сөзбен айт­қан­да, облыстың білім саласын өркендету үшін барлық мүм­кіндік қарастырылған, – дей­ді өңір басшысы Нұржан Нұр­жігітов.

Облыстық білім басқарма­сының басшысы Мейірхан Өмір­бектің айтуынша, былтырмен салыстырғанда оқушылардың ҰБТ-да көрсеткен нәти­жесі биыл айтарлықтай жақ­сарған. Мә­селен, өткен жылы 100-ден жоғары ұпай жинаған өңір оқу­шы­ларының саны 1 218 болса, биыл 1 587 оқушыға жет­ті. Сондай-ақ 305 түлек «Ал­тын белгі» иегері атанса, 852 түлек мектепті үздік аттестат­пен аяқта­ған. Қысқасы, оқушылар­дың ҰБТ-дағы көрсеткішіне қарап-ақ білім сапасының жоға­ры­лай түскенін аңғару қиын емес.

– Өңірде білім сапасының жоға­ры­лауы педагогтің кәсіби біліктілігіне байланысты екені сөзсіз. Сол тұрғы­дан алып қара­ғанда, ұстаздар үздіксіз ізденіс арқылы ғана толайым табыс­қа қол жеткізетініне күмән жоқ. Жұмысына жауап­кер­шілікпен қарап, көңіл көн­шітерлік нәтиже көрсе­тіп жүр­ген әріптестеріміз де аз емес. Олар­­дың жанкешті еңбегі өзгелер­ге үлгі болса дейміз. Биыл акаде­мик Асқар Жұма­ділдаев және IMPACT ашық шығармашылық байқау­ларында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ бере­тін 25 педагог жеңімпаз атанып, ко­ман­далық есепте республикада II орын­ды иеленді. Бұдан бөлек, рес­пуб­­ликалық төрт байқауда 14 ұс­таз жеңім­­паз атанса, халықаралық олим­­пиада мен байқауда 9 ұстаз жүлделі орын­­ға ие болды. Аталған жетіс­тіктер облыс мұғалімдерінің шығар­машылық әлеуе­тінің жоғары екенін айқындап тұрса керек. Білім беру балабақша табал­дырығынан басталады десек, облыс­та 573 мектепке дейінгі білім беру ұйы­мында 60 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі ұйымдармен қамту үлесін арттыру мақсатында өткен жылы 2 270 орындық 20 жекеменшік балабақша ашылса, биыл жыл соңына дейін 1 937 орындық 17 жекеменшік бала­бақша ашу көзделіп отыр. Бұл бағыт­тағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 3-6 жастағы балаларды қамту үлесі 100 пайызды, 2-6 жас арасындағы балаларды қамту үлесі 94,2 пайызды құрайды, – дейді М.Өмірбек.

Дерекке көз жүгіртсек, бүгінде өңір­де 25 білім нысанының құрылыс жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 9 білім ордасы мен 5 мек­тептің жапсарлас құрылысы аяқта­лып, пайдалануға берілмек. Сондай-ақ 11 нысанның құрылысы 2024 жылы да жалғасады. Н.Нұр­жігітовтің айтуынша, алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын жұмысқа басымдық беріледі.

– Білім саласындағы инфра­құ­ры­лымды жетілдіру мақса­тында тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Осы жылы өңірде 25 білім ныса­нының құрылысы жүргізілу үстінде. «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясын­да қолға алынатын жұмыс аз емес. Айталық, өңірде 12 мектептің же­теуінің құрылысы биыл, қалған бесеуінің құрылыс жұмысы келесі жылы басталады. Білім саласына қарасты тозығы жеткен нысандарды жөндеу жұмыстары да назарымыздан тыс қалған емес. 4,4 млрд теңгеге 17 білім беру нысанын күр­делі жөндеуден өткізіп жатырмыз, – деп нақтылады облыс әкімі.

Н.Нұржігітов келтірген деректерге сенсек, өңір мектептерінде интернет жылдамдығын арттыру мақсатында да ауқымды жұмыс жүргізілген. Қысқасы, интернет сапасын жақсарту мақсатында 61 млн теңге қаражат қа­рас­тырылған. Байланыс операторларымен бірлесіп атқарған жұмыстың нәти­жесінде 28 білім ошағында интернет жылдамдығы жақсарған.

Өңірдің білім саласына ай­рықша назар аударылып отыр. Салаға бөлі­нетін қар­жы да жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, осы жылы білім саласына 284,8 млрд теңге қарас­ты­рылған. Бұл өңір бюджетінің 50 пайы­зынан жоғары.

 

Жамбыл облысы