Шаруашылық • 30 Тамыз, 2023

Майлы дақыл – молшылық көзі

245 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кейінгі он жылда еліміз майлы дақылдар өндірісін мықтап қолға алды. Егіншілік саласын әртараптандыруға және майлы дақылдарды өсіруді субсидиялауға негізделген мемлекет саясаты осы сектордағы импорттық үлесін азайтуға және саланың қайта өңдеу өндірісін дамытуға барынша басымдық беріп жатыр. Елімізде май-тоңмай өндірісі жыл санап қарыштап алға басып келеді.

Майлы дақыл – молшылық көзі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Астық дақылдарының егіс көлемін азайта отырып, оның орнына майлы дақылдар мен құнарлы мал азығының үлесін арттыру, өңдеу саласының қуаты мен сапасын жақсарту бағытында жүргізілген мақсатты, жан-жақты жұмыстардың нәтижесі де айтарлықтай. Бүгінде май-тоңмай саласы – агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бір бөлігі. Майлы дақылдар егу, өндіру, өңдеу жұмыстары еліміздің барлық аймағында кеңінен өріс алып отыр. Айталық, шығыс, оңтүстік өңірлер күнбағыс, соя өсіру жөнінен көш бастап тұр­са, солтүстік өңірлерде зығыр, ақ­мия, рапс дақылдарын өсіру жақ­сы жолға қойылған.

Ал даму келешегіне келсек, май дақылдарының дамуы бірінші кезекте логистиканың дамуымен байланысты, яғни майлы дақылдар экспортқа молынан шығарылар болса, саланы дамытуға да кең жол ашылмақшы. Қазақстандық майлы дақыл өндірушілері отандық өнімдердің сапасы өзге елдің өнімдерінен бір де қалыспайтынын және бәсекеге қабілетті екенін айтады. Демек майлы дақылдар өндірісінің өрісі алдағы уақытта кеңейе түседі.

Кейінгі жылдары майлы дақылдар, көкөністер мен бақша дақылдарының көлемі белсенді түрде ұлғайған. 2012 жылдан бастап осы дақылдар алқап­та­рының өсуі сәйкесінше 67%, 14%, 35% болды. Дәнді дақылдарға қа­­ра­­ғанда өсімдік шаруа­шылығының осы сегменттерінде өнім­ділік те артып келеді.

Ұлттық статистика бюросының дерек­тері бойынша, өсімдік шаруашылы­ғындағы рентабельділік өткен жылы мынадай болды: майлы дақылдар – 66,7%, дәнді-бұршақты дақылдар – 49,6%, көкөністер мен бақша дақылдары – 33,8%, техникалық дақылдар – 26,4%. Жалпы алғанда, кейінгі он жылда майлы дақылдар 67%-ға, ал жалпы алымдар 1,5 есе өсті. Майлы дақылдар өндірісі негізінен Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыс­тарында шоғырланған. Бұл аймақтардағы жалпы алым бүкіл ел бойынша шамамен 55%-ды құрайды.

АҚШ Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі (USDA) болжап отырғандай, 2022-2023 маркетингтік жылы майлы дақылдардың әлемдік өндірісі бірден 42,7 млн тоннаға ұлғайып, жаңа рекордтық көрсеткішке – 643,1 млн тоннаға жет­пекші.

Өткен жылдың аяғында майлы дақыл­ өсірумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорындарда олардың тұқымдарының қоры рекордтық көрсеткіш – 1 673,8 мың тоннаға жетті. Бұл толайым табыс­қа қайта өңдеуді қарқынды арттыру жұ­мыстарының нәтижесінде қол жет­кізілді.

Май­лы дақылды өндіруші негізгі елдер болып саналатын Еуроодаққа мүше мемлекеттер әлемде жиналатын майлы дақылдың жалпы көлемінің 50 пайы­зын, оның ішінде рапс дақылының 30 пайызын, күнбағыс майының 20 пайызын еншілейді екен. Рапс дақылына қатысты үлкен үлес Канада мен Қытайға да тие­сілі. Сояны әлемде үш ел көп өндіреді, олар – мұхиттың арғы жағындағы АҚШ, Арген­тина, Бразилия мемлекеттері. Елімізге келсек, майлы дақылдардың әлемдік өндірістегі үлесі 2 пайыз ғана екен...

Енді осы аталған және басқа да майлы дақылдың еліміз көлеміндегі өн­дірісінің даму барысын нақты дерек-дәйек­терге сүйене отырып саралап көре­лік.

Биыл қолайлы ауа райы жағдайы егін жинау жұмысын уақтылы бас­тауға мүмкіндік беріп отыр. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі берген мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша барлығы 2,7 млн гектардан майлы дақыл жиналуға тиіс. Оның ішінде: күнбағыс – 1 157 мың га, зығыр – 909 мың га, мақсары – 485 мың га, рапс – 98 мың га. Әзірге 34 мың гектар алқаптан мақсары жиналды, өнімділігі – гектарына 6,9 центнер.

Қазіргі уақытта бірінші кезектегі мін­дет – өсірілген егінді шығынсыз жинау­ды жүзеге асыру. Егін жинау жұмысын жүргізуге 149,9 мың трактор, 38,6 мың астық жинайтын комбайн, 13,5 мың орақ жұмылдырылған, 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.

Науқанды ойдағыдай, оралымды өт­кізудің негізгі бір факторы – фермер­лер­ді қажетті қаржымен қалыпты қам­та­масыз ету. Биыл «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ желісі бойын­ша көктемгі егіс және егін жинау жұмысын қар­жы­ландырудың жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрады. Өсімдік шаруа­шы­­­л­ығы саласындағы мемлекеттік қол­дау шара­лары Ауыл шаруашылығы ми­нистрі­нің 2020 жылы 30 наурыздағы №107 бұйрығымен бекітілген «Өсімдік шаруа­шылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары» бойынша жүзеге асырылады. Өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялаудың мақсаты – өндіріс көлемін ұлғайту, өндірілетін өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын жақсарту, отандық шикізатпен қам­та­масыз ету. Биыл осы мақсаттарға мемле­кет тарапынан шамамен 87 млрд теңге бөлінді.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде майлы дақылды өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің базалық субсидия­лармен қоса (минералды тыңайтқыш­тар, пестицидтер, тұқымдар), су жеткі­зу жөніндегі қызметтердің құнын арзан­датуға арналған субсидия, инвес­тиция­лық субсидия алуға да құқығы бар. Жалпы, майлы дақылды қайта өңдеу кәсіпорындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша бірқатар қолдау қарастырылған. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдікті несиелер бөлінеді. Сондай-ақ Салық кодексінің 411-бабына сәйкес майлы дақылды қайта өңдеу кәсіпорындары үшін қосымша құн салығын 70% мөлшерінде төмендету бойын­ша жеңілдік беріледі.

2022 жылы өсімдік майларының экспорты 318 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,1 есе көп (149 мың тонна). Өсімдік майының негізгі көлемі Қытайға (экспорттың жалпы көлеміндегі үлесі – 37%), Өзбекстанға (31,7%), Тәжікстанға (14,3%), Ауғанстанға (5,5%), Түркияға (5%), Қырғызстанға (1,5%) экспортталады. Импорт 142 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 8%-ға аз (154,3 мың тонна).

Бүгінде елімізде жалпы өндірістік қуаты жылына 3,3 млн тоннадан аса шикізатты құрайтын 70-ке жуық май тұқымын қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. 2021-2022 жылдары шикізатты қайта өңдеу бойынша жалпы қуаты шамамен 1 млн тонна майлы дақылды қайта өңдеуді қамтитын үш ірі жоғары технологиялық кәсіпорын («Qazaq Astyq Group» ЖШС, «Бота-2015» ЖШС, «Altyn Shyghys» ЖШС) пайдалануға берілді.

Ұлттық статистика бюросының де­рек­тері бойынша, тазартылмаған өсімдік майын өндіру жөніндегі кәсіп­орындардың орташа жүктемесі 2021 жылғы 23,7%-дан 2022 жылы 32,4%-ға дейін ұлғайды. Қазірде отандық кә­сіпорындар өсімдік майы­мен ішкі нарық­ты толықтай қамта­масыз етіп отыр.

Өндіріс пен экспортты ұлғайту, сон­дай-ақ импортты төмендету бойынша қалып­тасқан оң динамика өнімді қайта өңдеу мен экспорттауға бағытталған мемлекет саясатының нәтижесін көрсетеді. Күнбағыс экспортының орташа жылдық деңгейін сақтау, әлемдік нарықта жоғары сұраныс пен бағаның өсуі жағдайында шикізатты елден әкетудің шамадан тыс көлемін тежеу үшін, сондай-ақ оларды өзімізде өңдеуді дамыту, өнім өндіру және экспорттау жұмысына қолдау жасау үшін осы жылдың 4 ақпанынан бас­тап күнбағысты сыртқа шығаруды баж салығы қолданыла бас­тады.

Кейінгі жылдары майлы дақылдар өндірісіне жүргізілген зерттеулерден елі­мізде зығыр тұқымының жақсы өсіріліп жатқанын байқауға болады. Зығыр егу елімізде 2008 жылы басталған екен, содан бері егіс көлемі бірнеше есе өсіпті. Қазір елдің барлық солтүстік өңірі зығыр егеді деуге болады, сондай-ақ еліміздің шығысы мен орталығында да зығыр өсіру қауырт қолға алынып жатыр. Оның бір, мүмкін басты себебі – зығыр денсаулыққа өте пайдалы: холес­терин деңгейін төмендетеді, жүректің ишемиялық ауруының, гипертония мен қатерлі ісіктің алдын алады, иммундық жүйені жақсартады.

Сонымен қатар елдегі рапс өсірудің келешегі де зор дейді мамандар. Алай­да рапс егудің көлемін арттыру фермер­лердің қаржылық мүмкіндігіне байланысты болып келеді. Өйткені бұл дәнді дақылды егу көп қаржыны қажет етеді. Соған қарамастан аталған дақылды өсіру көлемі де жыл санап артып келе жатыр. Өнімі, игерілуі, пайдасы да жаман емес.

Қанша дегенмен, еліміздегі ең маңыз­ды майлы дақыл күнбағыс болып қала бер­мек. Егер бұрын күнбағыс Шығыс Қа­зақ­стан мен Алматы облыстарында ғана егілген болса, қазірде солтүстік, батыс және оңтүстік өңірлерде де көптеп өсіріледі. «Күнбағысқа деген сұраныс өте жоғары, оны көршілес елдер, оның ішінде Қытай жақсы алуда. Оған деген сұраныс арта береді, соған сәйкес өсіру көлемі де ұлғаяды», дейді мамандар.

Елімізде жоғарыда аталған дақыл­дармен қоса ауыспалы егістік үшін өте ыңғайлы саналатын соя, құрғақшылыққа төзімді мақсары сынды майлы дақыл өндірісі де дамып келеді. Сояға құс фабрикалары тарапынан үлкен сұраныс бар. Олар сояны сатып алып, жемге пайдаланатын сояны өздері дайындайды. Оны өңдеу ауқымы зор, әртүрлі. Мақсары су қоры жетіспейтін, құрғақ аймақтарда кеңінен тараған.

Қорыта келгенде, еліміздегі майлы дақыл өндірісі мен оның өңдеу саласын дамытуға халықаралық нарықтағы туындаған жағымды өзгеріс жақсы әсер етіп отыр. Нарық талаптарына сәй­­кес, мұндай мол мүмкіндікті елі­міз­­дің майлы дақыл өндірушілері мен өсімдік майларын өңдеушілері де кеңінен пайдалануға белсене кіріскен сыңайлы. Тегінде, заман, уақыт талабы бәрі-бәрін өзі реттеп отырады. Қазірде диқандар егістікті әртараптандыру ісіне мықтап ден қойған. Дақылдың бір емес, бірнеше түрін еккен пайдалы екенін терең ұғынған. Сол бағытта жарыса жұмыс жүргізіп жатыр. Асылында, алтын астығымыз, ақ бидай дәніміздің алдына ештеңе түсе қоймас. Дегенмен ас атаулының дәмін кіргізген, сол дәнді дақылдар өсіруден бес есе тиімді саналатын майлы дақылдар өндірісі де ел экономикасының қомақты бір бөлігі ретінде қалыпты дами беруге тиіс. Оған байтақ елімізде мүмкіндік те, ресурстар да жеткілікті.