Қазақстан құс өсірушілер одағының өкілі Руслан Шарипов бидай әкелуге енгізілген тыйымға ұқсас тауық етін Ресей Федерациясынан әкелуге шектеулер енгізу мүмкіндігі туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, импортталған тауық еті отандық тауыққа қарағанда әлдеқайда арзан. Сондай-ақ импорттық етті отандық өнім түрінде сату жағдайлары болған.
С.Жұманғариннің айтуынша, импорттық өнімдерді әкелуге «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңның 22-бабына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29-бабына сәйкес елдің экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнген кезде тыйым салуға болады. Құс еті импортқа тәуелділігі жоғары әлеуметтік азық-түлік өнімдер қатарына енгенімен, Қазақстан тұтынушылардың тауық етіне деген қажеттілігін 60%-ға ғана қамтамасыз етеді. Сондықтан ресейлік тауық етінің импортын бағаның өсуіне және ел ішінде тапшылық туғызу қаупінсіз жабу мүмкін емес. Сонымен қатар егер санитарлық-эпидемиялық стандарттарды, контрафактіні және басқа да қолданыстағы нормаларды бұзу фактілері болса, зерттеу жүргізіледі және расталған жағдайда шектеу шараларын қабылдау үшін Техникалық реттеу және метрология комитетінің базасында қолданылатын ахуалдық штабқа жүгіну қажет.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші Қанатбек Үзембаев Павлодар облысында күзгі-қысқы кезеңде шабындық алқаптарды дайындау және Ертіс өзенінің бойындағы ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов әкімдік жүргізген тексеру қорытындысы бойынша облыстың барлық ауданында ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған резервтік шалғындар бар екенін айтты. Жемшөппен толық қамтамасыз ету үшін СҚО әкімдігімен қосымша Тайынша, Ақжар және М.Жұмабаев аудандарында жем дайындау мәселесі шешілген. Ал аймақтағы шөп алқаптарындағы су тапшылығы туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Галидулла Азидуллин түсініктеме берді. Ол мұндай проблема биыл түнгі температураның төмендеуіне байланысты бүйірлік ағынның төмендеуіне орай орын алғанын растады. Ертіс бойынша су жіберудің жалпы көлемі жоспарланған 4 590 млн текше метр орнына 4 100 млн текше метрді құрады.
С.Жұманғарин Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін Ертіс бойынша қажетті су өткізу көлемін ұйымдастыру бөлігінде жұмысты жолға қоюды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне суару бойынша жобаларды пысықтауды тапсырды.
«Көмір» ҒЗО» ЖШС директоры Ерлан Альшеров көмір саласында ұлттық стандарттарды әзірлеу бойынша мемлекеттік сатып алудың ұзаққа созылған конкурсы туралы сұрақпен жүгінді. Конкурстың ұзаққа созылу себептері бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбекова түсініктеме берді.