Инновация • 01 Қыркүйек, 2023

Инновациялық орталық

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының Алатау ауданында балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында инновациялық орталық ашылды. Қарқынды дамып келе жатқан ауданда биыл 1-сыныпқа баратын балалардың саны 6 мыңнан асса, қаладағы 302 мыңнан астам оқушының 55 мыңы осы ауданда тұрады.

Инновациялық орталық

Мемлекет басшысының 100 заманауи оқушылар сарайын са­лу бағдарламасын жүзеге асыру аясында бой көтерген орталықта 33 үйірме жұмыс істейді.

Қала әкімі Ерболат Досаев жаңа орталық аудан мектептері мен балабақшаларға жақын маң­нан ашылғанын жеткізіп, ең жоғары стандарттар бойынша білім беру технологияларымен жаб­дықталғандығын атап өтті. Орталықтың ашылуымен Алатау ауда­нында оқушылар мен ата-аналарға ың­ғайлы білім беру кластері құрылып отыр. Арнайы бағдарламалармен қамтылған секция­лар балаларға мектепте алған білімін терең­детуге және кеңейтуге мүмкіндік береді.

Шығармашылық орталықта тігін шеберханасы, аспаздық сту­диясы, спорт залдары, актер­лік шеберхана, музыкалық және дыбыс жазу студиясы, қыс­қы бақта орналасқан арт-сту­дия бар. Мұндағы коворкинг ай­мағы, балалардың көңілін кө­теруге арналған интерактивті проекциялық зал және оқушы­ларға арналған демалыс аймағы, ашық терраса да балалардың көңілінен шықты.

Орталықта сонымен бірге модельдеу, VR сыныптары, авиа­модельдеу, өнер­кәсіптік дизайн сияқты секциялар жұмыс істейді. Балаларға кәсіптік бағдар беруге бағытталған студиялар колледж­дермен және жоғары оқу орындарымен де тығыз байланысты жұмыс істейді. Мысалы, аспаздық студиясы Сервистік қызмет көр­сету колледжімен, ал физика және химия зертха­налары қа­ладағы жоғары оқу орында­рымен балаларды тартымды бағдар­ламаларымен қы­зық­тыратын болады. Осы орайда қала әкімі WorldSkills фор­матындағы чемпионаттарға қа­ты­­сатын тәжірибелі тәлім­гер­лер мен бейінді жоғары оқу орын­дары мен колледж сту­дент­тері шығармашылық орта­лыққа келетін балалармен ын­ты­мақтастықты дамытуға белсене қатысуы қажет деді.

Орталықта ерекше қажет­тіліктері бар балаларды да сек­­цияларға тарту мүмкіндігі қарас­тырылған. Мысалы, моториканы дамытуға бағытталған сек­циялар, виртуалды кабинет бағдарламалары инклюзивті бағытта іске асады. Мұнда логопед, дефектолог, психолог мамандар үшін арнайы залдар мен коррекциялық кабинеттер бар.

 

АЛМАТЫ