Президент Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өтті.
«2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды», деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өтті. Шын мәнінде, атқарылған жұмыс көп екені мәлім. Президент болашақта да осы игі шаралар өз жалғасын табатынын айтты.