Пікір • 01 Қыркүйек, 2023

Экономикалық қауіпсіздікке назар аударылды

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан­ның эконо­микалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы толығымен экономикалық мәселелерге арналды.

Экономикалық қауіпсіздікке назар аударылды

Президент ел экономикасын дамыту­ға қатысты нақты зерттелген, есептелген ауқымды жоба-жоспарымен таныстырып, бұл бағыттағы әрбір мәселеге жеке-жеке тоқ­талды. Әрбір өзекті түйткілдің эко­номи­камыздың дамуын қалай тежеп отыр­ғанына мысалдар келтіріп, оны шешудің нақты жолдарын көрсетті.

Жолдауда ең алдымен ұлттық эконо­миканың құрылымына қатысты рефор­ма­ның басты бағыттары ашық айтылды. Елі­міздің экономикалық қауіпсіздігі, азық-түлік қауіп­сіздігі, ұлттық экономиканың ішкі және сыртқы сын-қатерлерге төзімділігі алдың­ғы қатарға шығарылды. Мұның себебі, қа­зір­гі кезде геосаяси ахуал ушығып, әлем­дік на­рықта экономикалық тежелу анық бай­қалады.

Мемлекет басшысы «Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермей­ді» дей келе, барлық экономикалық жүйені шұғыл түрде түпкілікті қайта қарап, өзгерту жолымен ғана өркендейтінімізді қадап айтты. Экономикамыз өзімізді толық қамта­ма­сыз ете алатын жағдайға жету үшін қан­дай қадамдар жасауымыз қажеттігін жіпке тізгендей етіп, егжей-тегжей түсіндіріп берді. Мысалы, жаңа өнеркәсіп саясатын жүргізіп, еліміздегі жұмысқа отандық шикізатты, та­уар мен кадрларды пайдалану керектігін айтты. Шындығына келсек, қазір біз аулаларды абаттандыруға қажетті тауарларды (балалар алаңындағы құрал-жабдық­тар) Ресейден тасымалдап отыр­мыз. Арзан жұмыс күші есе­­бінде құрылысқа кадрларды Өзбекстан, Қырғызстаннан шақыртамыз. Бұл үрдіске тосқауыл қоятын кез келді.

Президент ұлттық қауіп­сіздік мәселесі­не ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы маңызды мәселенің бірі – қорғаныс-өнер­кә­сіп кешенін жан-жақты нығайту. Біз қазір қорғаныс өнеркәсібін­де импортқа тәуелділіктен арыла алмай отырмыз. Әскери техниканы көршілес елдер­ден сатып аламыз. Президент өз әскерімізді заманауи әскери техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті өндірісті дамытуды бірінші орынға қойып отыр. Бұл орайда Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Бұл Жолдаудың екі жаңалығы – жаңадан екі министрлік құрылады. Президент эко­но­миканың стратегиялық жағынан маңы­зы зор екі саласы – көлік-логистика және су шаруашылығын дамытуға айрықша тоқталды. Қазіргі таңда еліміз көлік-ло­гис­тика саласының әлеуетін толық пайда­лана алмай отырғанына дәлел-дәйектер кел­тірді. Соның бірі – сын көтермейтін авто­жолдар құрылысы, осы саладағы жем­қорлықтың артуы. Президент саланы тиімді басқару үшін Көлік министрлігі құрылып, оған жол инфрақұрылымын салу міндеті де қосылатынын айтты.

Кейінгі кездері баспасөз­де жиі көтерілген мәселенің бірі – су. Өйткені күн сайын күллі әлемде судың құны да, маңыздылығы да бірнеше есеге артып барады. Халық са­ны өссе, суды да көбірек тұ­ты­намыз. Соның бір дәлелі, елор­дадағы су мәселесінің бірінші орынға шығуы. Президент 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Суға келгенде трансшекаралық су көзде­ріне тәуелді болғандықтан әділ, тиімді су сая­сатын жүргізбесек, кейін бар­мақ шайнап қала­тынымызды алға тартты. Бұл салада бізде мәселе шаш-етектен. Сол себептен Мемлекет бас­шысы Су ресурстары және ирригация ми­нистрлігі құрылып, сала аясында Ұлттық гид­рогео­логия қызметі қайта жұмыс істейтінін сүйін­шіледі.

Бұдан бөлек, Президент елімізде IT-саланы дамыту, экожүйеге дұрыс көзбен қарау, креативтік индустрия мен орта кәсіп­керлікті өркендету секілді түйткілі мол мәсе­лелерге кеңінен тоқталды. Бұл жұмысты атқа­ру үшін бізге бірлік, ынтымақ, ықылас, күш-жігер, отаншылдық сияқты қасиеттер қажет­тігін айтты.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты