Қазір шаруаларға техниканы лизингпен беріп жатыр. Оның 25 пайызын мемлекет өзі өтеп береді. Мәселен, комбайн 100 млн тұрса, оның 25 млн теңгесін мемлекет төлейді. Одан кейін техникаға банктен 15 пайыздық өсіммен қарыз алсақ, оның жартысын түрлі қаржы компаниялары арқылы тағы да мемлекеттің өзі төлеп беріп отыр. Бірақ мемлекеттен бөлінген сол қаржы қолымызға өте кеш тиеді. Жылда осы – біресе ақша болмай қалады немесе құжат дұрыс болмайды. Техника паркін жаңартуға тежеу болып отырған негізгі фактордың бірі осы. Бүгінде шаруашылықтардың көбі осыдан жарты жыл бұрын лизингке алған техникасының қарызын 15 пайыздық өсімпұлмен жауып жатыр. Өйткені әлі күнге дейін мемлекет беруге тиіс 7 пайызды ала алмай отыр. Егер осы ақша дер кезінде шаруаның қолына тисе, оған тыңайтқыш, тұқым алуға болады. Немесе шаруашылықты дамытатын басқа да қажеттерге жұмсалатын еді. Президент Жолдауынан кейін көптен бері шаруалардың бас ауруына айналған осы мәселе енді реттеліп қалар деген үміт оты жанғандай болды.
Ендігі бір мәселе, жаңа техника алу үшін ең алдымен шаруаның қаржысы болуы керек. Қазір, міне, бидай, майлы дақылдарымыз пісті, бірақ оны уақытында сату керек қой. Егер өнімді экспортқа жіберсек, табысымыз көбейеді. Өкінішке қарай, өнімді экспорттау мәселесіндегі кедергілер де қолымызды байлап, дамуға тұсау салып келеді. Өнімді экспортқа шығаруға жыл сайын тыйым салынып, бағаны құлдыратып жатырмыз. Жеме-жемге келгенде мұның зиянын өнімін лайықты бағаға сата алмай, салдарынан техника ала алмай қалған шаруа шегеді. Экспортқа тыйым салуға болмайды. Осы мәселені де мықтап ойластырған жөн.
Одан кейін Президент Жолдауында ауыл шаруашылығын ғылымға сүйеніп дамытпаса, тоқырауға ұшырайды деген үлкен мәселе көтерілді. Агроғылым дамыса, шаруалар жылда қайталанып жатқан қуаңшылыққа тәуелділіктен арылады. Қуаңшылықты тек жоғары технология мен ғылым ғана жеңе алады. Мысалы, Қостанай өңірінде кезінде үш бірдей ғылыми ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы жұмыс істеп тұрды. Қазір Заречныйдағы ғылыми станса жұмыс істемейді. Жітіқарадағы тәжірибе стансасы баяғыда жабылып қалған. Мұндай ғылыми мекеме тек Қарабалықта жұмыс істеп тұр. Оның өзі шаруашылықтардың бәрін қамти алмайды. Қазір агроғылым не істеп жатыр? Жаңа сұрыптар бар ма? Жоқ. Жаңа технология да жоқ. Бізге мұның бәрін ғылыми-тәжірибелік институттар көрсетіп, үйретуге тиіс. Селекция, сапалы тұқым шығару жұмысын қайта жаңғырту керек. Бұл туралы арнайы заң қабылдану қажет. Өкінішке қарай, қазір бізде мұндай заң жоқ. Салдарынан әлі күнге дейін кейбір тұқымдарды қымбат бағаға шеттен сатып алып отырмыз. Шығыс Қазақстанда майлы дақылдардың тұқымы шығып жатыр. Бірақ ол бізге жетпейді, не біздің климаттық жағдайға сәйкес келмейді. Сондықтан күнбағыс, зығыр, рапстың тұқымын Ресейден, элиталы бидай тұқымын Қорғаннан алып келіп жатқан жайымыз бар.
Осы мәселелерді қолға алып, байыпты түрде тәжірибеге енгізетін үлкен ғылыми ізденістер жасалып, жоспарлау, ұйымдастыру жұмыстары атқарылуға тиіс. Ауыл шаруашылығы ғылымына келіп жатқан дарынды жастарға, білікті ғалымдарға қолдау көрсету маңызды. Солтүстік аймақтарда ауыл шаруашылығын ілгерілетуге негіз болатын үлкен ғылыми-тәжірибелік орталық ашылса, құба-құп.
Сайран БҰҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері