«Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейінгі Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында Орталық Азия аймағында су мәселесі жаһандық проблемаға айналып отырғанын ескерткен болатын. Сыртқы су ағынының азаюы оны тиімсіз пайдаланудың салдарынан ушығып отырғаны да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмаған.
Толыққанды мемлекеттік су кадастры жоқ екені, бұл өз кезегінде су ресурстарының мөлшері мен сапасына мониторинг жасауға және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету жөніндегі нақты теңгерімге қол жеткізуге кедергі келтіріп жүргені туралы мәселелер аз айтылмайтын. Суды пайдалану саласында ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарының нашар жүргізіліп жатқаны шешімін таппай келе жатқан проблемалардың бірі болатын.
Мұндай идея 2010 жылы Парламент Сенатында да айтылған. Ол кезде су қорын пайдалану және қорғау саласындағы бақылау, рұқсат беруге жауап беретін мемлекеттік орган Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағында болды. Бүгінде Су ресурстары комитеті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайды.
Енді сол комитетті министрлік деңгейінде қайта құрылымдаудың қажеттігі Мемлекет басшысы тарапынан айтылды. Суға байланысты тәуекелдер жаһандық экономикаға жылына 500 миллиард доллардан астам шығын әкеледі деген болжам бар. Алдағы онжылдықтарда су тапшылығының артуы 700 миллионға дейін адам тұратын құрғақ және жартылай құрғақ аймақтардан мәжбүрлі көші-қонға әкеледі, бұл елдер арасындағы шиеленісті күшейтеді. Осыған байланысты жаһандық су дағдарысы он жылдан астам уақыт бойы Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық тәуекелдер индексінде басты жаһандық тәуекелдердің бірі ретінде анықталды. Сарапшылар қауымдастығы жасаған болжамда тұщы сумен қамтамасыз етудің тұрақтылығы тұрғысынан біршама алаңдатарлық белгілер бар: 2050 жылға қарай әлем халқының жартысынан астамы су тапшылығы бар аймақтарда өмір сүретін болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің мәліметінше, Қазақстанның трансшекаралық өзендерге тәуелділік коэффициенті 46 пайыздан астам. Көбінесе бұл тәуелділік экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі ерекше болатын елдің оңтүстік өңірлеріне әсер етеді. Жалпы, Қазақстандағы 100 км3 өзен ағынының 20 км3 астамы Қытайдан (Іле және Ертіс өзендері), 14 км3 Өзбекстаннан (Сырдария өзені), 7 км3 Ресейден (Жайық өзені) келеді, ал Қырғызстан (Шу және Талас) – шамамен 3 км3. Осы елдердің барлығымен дерлік Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан сәттен бастап су ресурстарының көлемін де, сапасын да реттеу жұмыстарын жүргізді.
Аграрлы мемлекет үшін су ауадай қажет. 2009 жылы «Стратегиялық салалар мен объектілер туралы» заңда су шаруашылығы стратегиялық сала ретінде көрсетілді. Судың стратегиялық маңызын мемлекет деңгейінде қарастырсақ та, көп нәрседен ұтылып қалдық.
Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керегін, суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналатынын айтты. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтау тапсырылды, министрлік аясында Ұлттық гидрогеология қызметі жұмысын қайта бастайтын болады.
«Іс тетігін маман шешеді» деген қағида бүгінде де өзекті. Су мәселесінде қордаланып қалған түйткіл министрліктің құрылуымен шешіле салмайтыны белгілі. Суды қалай болса солай пайдаланып келген күндеріміз өткен уақыттың еншісінде қалды. Енді баяғы заман болмайды. Әсіресе оңтүстік өңірлерде, Қырғызстан, Өзбекстанмен шекаралас облыстарда су мәселесі аса өзекті.
Су шаруашылығында инженер-гидротехниктер, салалық инженер-құрылысшылар, гидрогеологтер, гидрологтер және гляциологтер тапшы. Тіпті олардың көпшілігі университеттердегі мамандықтардың классификаторына да енбеген. Саланың күре тамырына қан жүгірту үшін цифрлық технологияны меңгерген мамандар керек. Ол үшін Жамбыл гидромелиоративтік институтын, техникумдарын жаңа сапада қалпына келтіру керек. Су проблемалары бойынша су шаруашылығы ҒЗИ-дың жұмысын жандандыру, білімді арттыру және мамандарды қайта даярлау жөніндегі өңірлік орталықтарды құру қажеттігі талай жылдан бері айтылып келеді. Су сегментінде қордаланып қалған түйткілді білікті мамандар көмегімен ғана шеше аламыз.
Қысқасы, жаңадан ашылғалы отырған министрлік су дипломатиясын терең меңгерген мамандардан жасақталуы керек.
Бізге су дипломатиясына басымдық беретін кез келді. Осы мәселені реттеу экономика мен ауыл шаруашылығына ғана қатысты емес, негізінен ұлттық қауіпсіздік мәселесі, оның бұл жерде табысқа шығуына дипломатия мен бірқатар құрылымның үйлестірілген жұмысы арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
экономист