Сенат • 02 Қыркүйек, 2023

Экономикалық саясаттың басымдықтары

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы кезеңдегі басым бағыттарын белгілеп берді. Осылайша, экономикалық саясаттың жаңа моде­ліне көшудің нақты және тиімді тетіктері айқындалды. Олар әділдік, инклюзивтілік, тиімділік және прагматизм қағидаларына табан тірейді. Ұсынылған шаралар экономикадағы құрылымдық өзгеріс­тер­ге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.

Экономикалық саясаттың басымдықтары

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Ұлттық бизнестің мүддесін қорғау, шағын және орта кәсіп­кер­лікті қолдау да Прези­ден­тіміздің ерекше назарында. Сондай-ақ Жолдауда инвестиция тарту бо­йынша нақты шара­лар көрсетілді. Осы ретте өң­деу өнеркәсібіне серпін беру үшін шетелдік және отандық инвесторлар алғашқы үш жылда салықтан босатылатынын баса айту керек.

Реформалардың маңызды бағыт­­тарының бірі – салық және бюджет заңнамасын одан әрі жетілдіру. Бұл ретте Парламент Үкім­ет­пен бір­лесіп, елдегі кәсіп­кер­лік және ин­вес­тициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тетіктерді пысықтайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Осы салада қордаланған проб­лемаларды жүйелі шешу үшін жеке министрлік құрылады. Мұндай қадам еліміздегі су қауіп­сіздігі мәсе­ле­лерін мақсатты түрде шешуге және саланы жоспарлы дамытуға мүм­кіндік береді.

Президентіміз көлік-логистика саласын да одан әрі дамыту жө­нінде нақты тапсырмалар берді. Жаңа бастамалар еліміздің қуатты логистикалық әлеуетін тиім­ді іске асыруға жол ашатыны анық. Жа­ңа­дан құрылған Көлік министр­лігі осы бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізеді.

Жолдауда негізгі нарықтарды демонополизациялау, мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту бо­йынша қажетті шаралар қабылдау керектігі де айтылды. Бұл бастамалар еліміздегі кәсіпкерліктің жан­дан­уына оң әсерін тигізеді.

Одан бөлек, Үкімет пен Пар­ламент банк жүйесінің тиімділігін және оның ел экономикасына қо­са­тын үлесін арттыруға көмек­те­се­тін заңнамалық түзетулерді қа­ра­уы қажет. Осы бағыттағы нор­ма­лар ұлттық табысты барынша әділ бөлуге ықпал етеді.

Демографиялық үдерістерді ескере отырып, бүгін Мемлекет бас­шысы «Келешек» атты жаңа бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл – балалардың білім алуы үшін бастапқы капиталды жинақтауға көмегін тигізетін ма­ңыз­ды қадам.

Сондай-ақ Президентіміз Жол­дау­да өңірлердің бюджет сала­сын­дағы дербестігін арттыруға ар­нал­ған нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес салық төлемдерінің бір бөлігін аймақтарға беру көзделіп отыр. Бұдан былай аудандық әкім­дік­тер бюджетті өздері жасақтай алады. Бұл, өз кезегінде, жергілікті жер­дегі мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін арттырады.

Осы ретте әкімшілік рефор­маның жалғасатынын атап өту қажет. Соған сәйкес Үкімет мүше­лері мен әкімдердің жауапкершілігі артады. Мемлекеттік жоспарлау барынша жинақы және икемді бола түседі.

Мемлекет басшысының осы және өзге де бастамалары, ең бірінші ке­зекте, азамат­тары­мыз­дың әл-ауқа­тын арттыруға және экономика­мыз­ды әртарап­тан­дыруға бағыт­талған. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал өте күрделі. Аталған бастамаларды іске асыру осы шешуші кезеңде еліміздің теңгерімді және сапалы дамуына тың серпін береді.

Осы орайда ерекше назар ауда­ратын жайт, айтылған тапсыр­ма­лардың басым бөлігі үш жылдың ішінде жүзеге асуға тиіс.

Экономикалық дамудың жаңа тәсілдерін іске асыру үшін берік құқықтық база қажет. Сондықтан Президентіміздің барлық реформасын заңнамалық тұрғыдан қамта­ма­сыз ету аса маңызды. Бұл ретте Парламент Сенаты Мәжілістегі, Үкімет­тегі әріптестерімен, сарап­шы­­лармен және мүдделі тараптармен әрдайым белсенді жұмыс істейді.

Қорыта келгенде, эконо­ми­ка­лық саясаттың жаңа үлгісін жүзеге асыру еліміздің тұрақты, сапалы әрі ұзақмерзімді экономикалық дамуына негіз болады. Бұл бас­та­малардың барлығы Әділетті Қазақстан құру ісіне елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы