Руханият • 05 Қыркүйек, 2023

Тіл ғылымының маңызы

639 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тілді қазіргі және тарихи кезеңде зерттеу сияқты тіл білімінің классикалық міндеттерінен бөлек Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ қоғамының тілтанымдық санасын көтеруге, тіл және сөз мәдениетін арттыруға арналған іргелі зерттеулер жүргізіп келеді.

Тіл ғылымының маңызы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Тіл білімін әдетте қарапайым халық тіл үйрену үшін қажетті білімдер жасайтын ғылым деп түсінеді. Шын мә­нін­де, тіл­танушылар тілді арнайы зерттеу ны­саны ретінде алып, биологтер тірі ағзаны қалай зерттесе, солай өз алдына дербес объект ретінде қарайды. Сондықтан лингвистикада тілдегі кез кел­ген құбылыс – ғылыми ізденіс ны­­саны, ал лингвист үшін тілдердің ұлы­сы мен кішісі, күштісі мен әлсізі, құндысы мен құнсызы жоқ, бәрі бірдей маңызды, құнды: белгілі бір мәдени қа­уымдастықтың өзі туралы, дүние тура­лы қайталанбайтын бірегей танымы мен көзқарасының көрінісі, адам баласына ғана тән ерекше қасиет. Біз тілдік әр алуандықтан айырылсақ, адамның ойлау қабілетінің қолжетімді көріністері мен сан қырлы нәзік қалтарыстарынан айрыламыз.

Жалпы, барлық ғылым саласының ішінде лингвистика, әсіресе теориялық тілтаным салыстырмалы түрде шамамен XVIII-XIX ғасырларда толық қалыптасқаны рас. Сондықтан тіл ғылымының болашағы зор, бергенінен беретіні көп.

Қазақ тіл білімінің маңызын көр­сететін фактілер сан алуан. Бірне­шеуіне ғана тоқталайық. Бірінішіден, ол – адамзат тіліндегі ең ірі туыстық топ үндіеуропа тілдерінің бір тармағы – түркі тілдері қатарындағы өз түптөркінін сақ­тағ­ан саламаттысы, жауһары; әлем­дегі 7 000-нан астам тіл ішінде сөй­лермен саны бойынша алғашқы 100-дікке кі­ре­тін, мемлекеттік тіл мәр­тебе алған не­бә­рі 129 тілдің бірі. Қа­зақ тілін ұлт­тық, мемлекеттік, автохтонды – басқа мемлекет шекарасында таралған, мәдениет­ара­лық қатынас, яғни еліміздегі өзге этностар тілі, халықаралық қатынас – ха­лықаралық ұйымдардың ресми тілі ретінде қазіргі және тарихи аспектілерде зерттейтін біре­гей ғылым саласы. Демек бұл ғы­лым болмаса, қазақ тілі ғылыми таным нысаны болмас еді.

Екіншіден, қазақ тіл білімі – тікелей болмаса да, жанама түрде қоғамның тілтанымдық санасын көтеруге, тілдік мә­дениетін арттыруға база жасайтын бір­ден-бір ғылым саласы. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы миссияны өзі құрылғаннан бері жауапкершілікпен атқарып келеді. Ол үшін қазақ тілін дәстүрлі құрылымдық немесе салыстырмалы тарихи ғана емес, өзін тудырған қоғам, адамдар қауымдастығымен, яғни адам­өзекті арнада зерттеу жүр­гі­­­зіп отыр. Тіл мен қоғам (социолинг­вис­тика), тіл мен таным (лингвоко­гни­тология), тіл мен мәдениет (линг­во­мә­де­ниеттаным), тіл мен этнос (лингвоэтнология, этнолингвистика) тіл мен пәл­сапа (лингвофилософия), тіл мен сая­сат (лингвополитология), тіл мен тән (психолингвистика), тіл мен ми қызметі (нейролингвистика) арасындағы байланыстарды қарастыратын кешенді із­де­ніс­тер институттың үнемі назарында. Мұндай зерттеулер аталған бағыттардың бірінде қарқынды, енді бірінде жаңадан жүргізіліп жатыр.

Мәселен, біз жүргізген лингво­по­литологиялық зерттеулердің өзегін­де­гі «ұлттық бірегейлік» ұғымына тоқта­ла­йық: мемлекет аумақ пен әскер, фи­зи­калық денелерден құралған шека­ра­сы бар адамдар қауымдастығы ғана емес, ол ең алдымен санада, сол қауым­дас­тық миында өмір сүретін когнитивті кешенді таным құрылымы. Тәуелсіз ел, мемлекет болу үшін өзін сол мемлекетпен бірегейлендіретін «саналар жиынтығы болуға» тиіс. Әртүрлі адамдарды бір мемлекет халқы қылатын біре­гей­лендірушілер не дегенде, олар – ортақ ұғым, түсінік, категориялар. Бұ­лар­ды қалай «ұстаймыз», қалай «кө­ре­міз»? Тек қана тілден, тек қана тіл фактілері арқылы табамыз. Егер сіз бен біздің санамызда бәрімізді ұлт ретінде ұйыстыратын ор­тақ тілдік бірліктер болмаса, біз отан­дас, мүдделес болуымыз неғайбыл. Қа­зақ­стан мемлекеттілігі қазақ ұлтының сим­воликасына табан тірейді: шаңырақ, көк ту, алтын қыран, алтын күн, туған жер, т.б. тілдік көріністер жүйесі бәрі­міз­­дің санамызда ортақ «Отан», «Қазақ­стан» деген концептілерді ассоциациялайды. Ал бұлар түгелдей қазақ тілінің лексикалық, фразеологиялық бірліктері. Тілтанушылар осындай тіл бірліктерін құрылымдық бөлшектер не­месе тілдің тарихи даму кезеңінің артефактілері ретінде ғана емес, ұлт­ты ұйыстырушылар, мемлекетті берегей­лен­дірушілер, ғылым тілімен айтқанда, идентификаторлар ретінде зерттейді. Мұндай зерттеулердің бергені де, берері де мол. Сонымен қазақ тіл білімі – мем­ле­кеттік ұлттық бірегейлікті сақтауға қа­жет­ті ғылыми білімдерді жасаушы ст­ра­­­­тегиялық маңызы жоғары ғылым са­­­ла­­­­сының бірі.

Бодандық бұғауынан босаған ұлт­тар­­дың еңсесін тіктеуі үшін өзінің «ме­нін» қалпына келтіруі, өзін дұрыс тануы аса маңызды. Міне, осы үдерісте тіл­танушылар еңбегінің орны ерекше. Себебі ұлттың бүкіл болмысы, оның адам, табиғат, қоғам туралы ғасырлар бойғы танымы, зияткерлік әлеуеті, эмоционалды интеллектісі, ахлақтық келбеті, талғамы, басқаша айтқанда ұлттық сананы құрайтын тарихи, тілдік, діни, эстетикалық, саяси, экономикалық, құқықтық, т.б. сана элементтерінің толық көрінісі әмбебап түрде тек тілде сақ­талады, жинақталады, түрленеді, тіл арқылы ғана ұрпақтан-ұрпаққа таралады. Профессор Ербол Жанпейісов осы турасында «Қазақ өзін-өзі танымайынша, ел болуы қиын» дейтін. Осы бағытта теориялық білімдер жүйесін анықтау өз алдына, оларды халық кәдесіне жарату тілтанушылардың із­де­ніс үдерісінде жүзеге асыратын не­гіз­гі қызметінің ажы­рамас тағы бір міндеті, тіпті өздері абы­роймен атқарып келе жатқан парызы десем де болады. Бұл қазақ тіл­та­ну­шы­сының басқа ғылым саласы мамандарынан бөлекше, салмағы ауыр жүгі десем де болады. Себебі математикке немесе химикке өз зерттеу нәтижелерін үне­мі жұртшылыққа насихаттау міндетті емес, тар кәсіби қауымдастық болмаса, қа­лың жұрт оны түсіне де бермейді. Ал тілтанушы үшін бұл қоғам алдындағы қасиетті парызы, себебі лингвист тілдің қоғамды тәрбиелейтін, ұйыстыратын асыл қызметін жете түсінетін маман. Сондықтан осы міндетті тіл ғалымдары көпшілікке түсінікті мақала, сұхбат, анықтамалық, сөздіктер әзірлеп, ұсынып, жүзеге асырады. Мәселен, қазақ сөзінің астарындағы ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған қабат-қабат білімдер жүйе­сін ашып көрсеткен тұңғыш бірегей еңбек 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» негізі институт әзірлеген ұлттық сөздік картотекалық қор болды. Ол 1940 жылдан бастап институт ғалымдары жинақтаған әр сөздің алуан түрлі мәтіндегі контексі бар 4 миллионнан астам қимақағаздан тұ­ра­ды. Институт ғалымдарының мұн­дай қоғам­дық пайдалы еңбегі әзірге барлық жақ­тан толық еленіп-ескерілді деп айту қиын. Сонымен әңгімемізді жалғасақ, қазіргі кезде институт сөзтізбе саны 120 мың бірлікті қамтитын қазақ тілінің үлкен түсіндірме сөздігін әзірлеп жатыр. Тіл білімі – ұлтты өзіне танытушы, ұлттың шынайы келбетін сақтаушы ғылым саласы.

Үшіншіден, қазақ тіл білімнің маңыз­ды­лығы сонда, бұл сала тілдің қоғамдағы тиімді қызметінің ғылыми-практикалық негіздерін қалыптастырады: дұрыс сөйлеу, дұрыс жазу нормаларын зерттеулер арқылы анықтап, жұртшылыққа қолжетімді нормативтік, ортологиялық құралдар әзірлеп ұсынады. Институт – қазақ тілінің ауызша және жазба ком­муникациядағы қызметін сауатты жүзеге асыруға арналған орфографиялық, орфоэпиялық, біртілді, екітілді, үштіл­ді аударма және түсіндірме, терми­нологиялық, ономастикалық, сино­ним­дік, антонимдік сөздіктер мен түрлі анықтағыш, анықтамалық, нұсқау­лық­тар әзірлеп отырған тілдік норманы белгілеуші бірден-бір құзырлы мекеме.

Төртіншіден, тіл ғылымының өзі қа­лып­тасқаннан бергі жинақтаған білім­дері бүгінгі жасанды интеллектінің базасы, себебі жасанды интеллект тілі адамзат баласы тілінің күрделі жүйелері негізінде әзірленді. Бүгінгі күні жасанды интеллект адам үшін игілікті қызмет атқаруға тиіс, әйтпесе оның қаупі де жоқ емес. Сондай игілікті іс­тер­дің бірі – жойылып бара жатқан не­месе әлемдік тілдер ықпалымен сөй­лер­менінен айырылып жатқан тілдерді цифрландыру, сол арқылы оларды сақтап қалу. Бұл мәселенің бір жағы ғана, гуманитарлық, ізгі жағы. Оның рационалды, прагматикалық, жараты­лыс­танушылық та жағы бар: егер адам­заттың барлық тілін цифрландырып алатын болса, онда лингвистика ғана емес, нейробиология, жасанды интеллект, нейропсихология сияқты басқа да жаратылыстану саласы ғалымдары бас қатырып отырған өте бір күрделі мәселе шешіледі. Мәселенің мәнісі мынада: әлемнің барлық тілдерінде айтуға болатын, бірақ сол барлық тілде бірдей дәл жеткізуге қауқары жететін бір ғана әмбебап ойқұрылым жасау әзірге мүмкін емес. Бұл күрделі жүйенің теориялық шешімінің нейробиологиялық негізі бар, әрі ол барлық тілдерді жасанды интеллектіге салу арқылы ғана алынады.

Осы тұрғыда институт қазақ тілі­нің де күрделі жүйесін цифрландыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар біршама, соның ішінде ең іргелісі – Қазақ тілінің ұлттық корпусын (www.qazcorpus.kz) әзірлеу ісі. Корпустың мәні микроскоп, телескоп, рентген аппараты, томограф сияқ­ты т.б. ғы­лы­ми өнертабыстың же­місімен барабар, өте зор. Ол үнемі толық­ты­ры­лып, кеңейтіліп және байы­ты­лып отыратын, теңгерімделген, яғни қа­зақ тілінің барлық қолданыс аясы, әрбір стилі мен жанры бойынша жи­нақталған, метабелгіленіммен, яғни мәтіннің дереккөзі туралы жан-жақ­ты энциклопедиялық ақпаратпен, линг­вис­ти­калық аннотациялармен, яғни мәтін құрамындағы әрбір тілдік бірлік туралы алуан түрлі тілтанымдық сараптамамен қамсыздандырылған. 

 

Анар ФАЗЫЛЖАН,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры