Таным • 05 Қыркүйек, 2023

Ахмет Байтұрсынұлы және Қостанай педагогика сыныбы

372 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 1895-1909 жылдар аралығында ауылдық мектептерде атқарған ұстаздық қызметінде ерекше орын алатын уақыттың бірі – Қостанай кезеңі. Бұл – бас-аяғы екі жылдай мерзім. Шамамен, 1900-1902 жылдар аралығы. Аталған жылдары А.Байтұр­сынұлы Меңдіқара болысындағы Орынбаев ауылдық мектебінде мұғалім және Қостанай қаласындағы педагогика сыныбында ұстаздық жасады. Қостанай қаласында Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы А.Е.Алекторовпен тамыр-таныстық орнатады. Бұл тамырлық оның өмір жолын Омбы қаласында жалғастыруға сеп болады.

Ахмет Байтұрсынұлы және Қостанай педагогика сыныбы

Қостанайға А.Байтұрсынұлы Әулие­көл­дегі болыстық мектептен кейін ауы­сады. Ағартушының ғұмырнамалық бая­ны мен шы­ғар­машылық табысы тура­лы алғаш­қылардың бірі болып сөз қозғаған М. Әуезұлы бұл ауыс-түйісті «…Қостанай уезіндегі Әулиекөл деген жерде екінші рет оқытушы болған. Әулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласы…» деп жазады.

Патшалық билік тұсында жыл сайын өткен жылдың қорытындысы бойынша шығарылып отыратын Торғай облыстық анықтамалық-статистикалық деректерінің мәлі­ме­тінше, 1901 жылы А.Байт­ұр­­сын­ұлы Қостанай уезі Меңді­қара болысының №4 аулында орналасқан «Орынбаев (Урунбаев) мектебінде» және Қостанай педагогикалық сыныбында мұға­лім болып қызмет атқарады.

Қостанай қаласына жа­қын орналасқан Меңдіқара болы­сындағы Орынбаев (Урунбаев) мектебі қай жылы ашылды, мек­тепті ашқан Орынбаев деген кісі кім екендігі туралы дерек­тер жоқ­тың қасы. 1889-1894 жыл­дары Торғай облысы халық мектеп­тері­нің инспекторы қызме­тін ат­қар­ған А.Васильевтің 1896 жы­лы Орынбордан басылып шық­қан «Торғай облысындағы орыс білімінің тарихи очеркі» деп аталатын еңбегінде ауылдық мектептер туралы мәліметінде аталған мектеп аталмайды. Демек, ол 1896 жылдың 1 қаңтардан кейінгі мезгіл-мерзімде пайда болған деп пайымдауға болады.

Торғай облысының анықтама­лық-статистикалық есептерінде аталған мектеп 1898 жылдардан бастап «қылаң» бере бастай­ды. Мектептің орналасқан жері – Қостанай уезі Меңдіқара болы­сының №4 ауы­лы. 1910 жылы жа­рияланған Торғай облысының елдімекендер тізімінде аталған ауылдың ор­наласқан мекені Тобыл өзенінің бойы деп көрсетіледі. Онда 478 үй, 2535 жан бар деп көрсетіліп, ауыл уездік қаладан – 150, бақылаушы приставтан орналасқан мекеннен – 130, крестьян басшылығы мекенінен (от квартиры крестьянского начальника) – 170, болыс орталығынан – 20 верст деп белгіленген.

1898 жылдары аталған мектепте Ор Мұғалімдік мектебінің 1887 жылғы алғашқы 20 түлегінің бірі Қазыкерей Шотаев (Чутаев) ұстаздық етеді Ол – Орынборға қараған Шығыс Орданың (кейін Қостанай уезінің территориясы) әмірші-сұлтаны Бақтыкерей Шотаевтың баласы Әбілпейізден (Абдулфеиз) тарайтын ұрпақ. Әбілпейіздің (Әппез деп те атайды) бір баласы Нұрғали Шотаев 1864 жылы Торғайда Ы.Алтынсарин ашқан мектепке қабылданған 13 шә­кірттің бірі болған.

Орынбаев мектебін ашқан кім болуы мүмкін деген сауалға келер болсақ, қазақ даласында орыс-қазақ мектептер жүйесі қалыптаса бастаған ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы заманда оқу ісінде Орынбаев (Урунбаев, Урумбаев) деген соймен ұстаздық еткен екі кісінің есімі кездеседі. Бірі – 1861 жылы Троицк мектебі ашылған уақытта «Мұсылман діні» сабағын жүргізген – молда Қазыбай Орын­баев, екіншісі – 1864 жылы Орын­бор мұғалімдік мектебін үздік бітірген түлек – Бақтыбай Орын­баев. Екінші Б.Орынбаев, инспектор А.Васильевтің жазуынша, Орынбордағы орыс-қазақ мектебін бітірген соң Орынбор облыстық басқарма жанында қызметке қалады. 1866 жылы ол зауряд-хоружний әскери атағын алады. 1867-1868 жылдары ол Орынбордағы қазақ балаларына арналған мектепте «Іс жүргізу» пәнін оқытады, ал 1870 жылы білім саласындағы құзыретті мекеме оны Троицк орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі етіп бекітеді. Сол тұста ашылған ауылдық мектептерді ашуға орысша білім алып, түрлі шенеунік қызметте болған Арынғазиев сынды кісілердің мұрындық болғанын ескерсек, ұстаздық қызметте бол­ған Бақтыбай Орынбаев та сондай іс атқаруы әбден мүмкін деп ойлаймыз.

А.Байтұрсынұлы ауылдық Орынбаев мектебінде мұғалім бола жүріп 1901-1902 жылдары Қостанай педагогикалық сыныбында қазақ тілінен сабақ береді. Сол кездегі әкімшілік басқару жүйесі бойынша ауыл мектебі болыстық мектепке, болыстық мектеп уездікке бағынышты болады. Ал болыстық мектеп жоқ болғанда, ауыл мектебі тура уездік мектепке бағынатын. Сол кезеңде Қостанай орыс-қазақ мектебі уездік мектеп мәртебесінде болады. Педагогика сыныбы алғаш­қыда аталған мектептің жанында жұмыс жасап тұрады. Сондықтан әкімшілік Орынбаев мектебін Қостанай педагогикалық сыныбына бағындырады. Сол бір кезеңдерде А.Байтұрсынұлының өз қолымен жазған арыз-ша­ғым­дарында өзін «Қостанай педаго­гикалық сыныбына қарасты Орын­баев ауылдық мектебінің мұға­лімі» деп көрсетуінің сыры осында деп есептейміз.

Сыныптың ашылу тарихы былайша өріледі: 1892 жылдан бас­тап Торғай облысы көлемінде тез көбейіп жатқан ауыл мектептерін мұғалімдермен қамтамасыз ету мақсатында облыстық әкімшілік 1894 жылы Қостанай қаласынан екі жылдық педагогика сыныбын ашу мәселесін көтереді. Бұл туралы экс-инспектор А.Васильев былай деп жазады: «...Көптеген ауылдық мектептер арнайы білімі бар мұғалімдерге мұқтаж болды. Осы мұқтаждыққа байланысты алдымен ауылдық мектептерге педагогикалық білім алмаған адамдарды тағайындауға тура келді, өйткені тек Торғай ғана емес, сонымен қатар барлық Дала облыс­тарына тән еді. Орын­бор қырғыз (қазақ – авт.) Мұға­лімдер мектебі курсын бітір­гендердің саны жылына 7 адамнан аспады. Аталған мектепке көмек ретінде l894 жылы Қос­танайдағы 2 жылдық орыс-қырғыз училищесінің жанынан ауылдық мектептерге мұғалімдер дайындау мақсатында 2 жылдық педагогика сыныбын ашу ұсы­нылды. Сыныпты жасақтау жобасы өз уақытында округтік-білім басқармасына ұсынылды, сонымен қатар жыл сайын оған земство шығынынан қаржы бөлу белгіленіп, l896 үшін земство шығыстарының сметасын бекіту кезінде 3000 рубль мөлшерінде рұқсат етілген сомаға енгізілді».

Осылайша 1894 жылы қолға алынған педагогика сыныбы 1897 жылы Ы.Алтынсариннің басшылығымен 1884 жылы Троицк қаласынан Қостанай уезінің жаңа орталығы Новониколаевскіге көшірілген 2 сыныптық орыс-қазақ мектебі жанынан ашылады. Сыныптың ашылуы туралы «Тургайская газета» 1897 жыл­ғы №108 санында арнайы хабарлама жазады. Онда Орынбор мұғалімдер мектебіне бөлінген 17 стипендияны Қостанайдағы педагогика сыныбына ауыстыру мәселесі көтеріледі.

1902 жылдың анықтамалық-статистикалық ақпаратында педа­гогика сыныбының меңгерушісі болып Максим Николаевич Грехо­водов деген ұстаз қызмет жасайды. Сонымен қатар сыныпта дін сабағын жүргізушіден бөлек, екі мұғалім қызмет атқарған. Бірі – Василий Иванович Гурылев, екіншісі – А.Байтұрсынұлы.

М.Н.Греховодов – Орынбор мұ­­ға­лімдік мектебінің түлегі, мұға­лім­дік қызметін 1895 жылдың 1 та­мызынан бастаған. Соған қараған­да ол А.Байтұрсынұлымен бірге оқып, бір жылы оқуды тәмамдаған. Қостанай педагогикалық сыныбы­ның меңгерушісі тұсында ол Әу­лие­көл болыстық мектебінде мұ­ға­лім болып жүрген өзінің курс­­тасын Қостанайға қызметке ша­­қыруы әбден мүмкін деп бағам­дауымызға болады.

1902 жылдың 1 мамырынан бастап А.Байтұрсынұлы А.Алекторовпен бірге Омбыға қызмет ауыстырады. Патшалық Халық ағарту министрлігі Ақмо­ла және Семей облыстарында ауыл мектептерін ашып, оның жұ­мысын жолға қою мақса­тын­да А.Алекторовты Ақмола және Семей облыстары халық учи­­лищелерінің директоры етіп бекітеді. Ол өзінің жанына іс жүргізуші лаузымына А.Бай­тұрсынұлын тартады. Сөйтіп, бұлар Омбыға ауысқаннан кейін М.Греховодов те сол жаққа қызмет ауыстырып, Петропавл уезінің инспекторы болып тағайындалады.

Қостанай педагогикалық сы­ны­бының айтулы түлектері ре­тінде С.Көбеев, М.Дулатұлын атау­ға болады. Сыныпты 1901 жы­лы тәмамдаған С.Көбеев алғаш­қыда Ырғыз уезі Толағай ауыл мектебінде жұмыс жасайды. Кейін Қостанай уезінің ауылдық мектептерінде ұстаздық ете жүріп, шәкірт балаларға арналған оқу құралы мен кітаптар шығарады. 1910 жылы Уфа қаласынан И.Кры­ловтың мысал өлеңдерін аудар­ған «Үлгілі тәржіма», Қазан қала­сынан 1912 жылы «Үлгілі бала» кітаптарын және 1913 жылы әйел теңсіз­дігі та­қырыбына жазылған «Қа­лың мал» романын бастырып шығарады.

Педагогика сыныбы 1902 жылы тәмамдаған ақын, публицист Міржақып Дулатұлы курстан кейін Қайдауыл болысында ұстаздық етеді. Одан кейінгі жылдары ол рухани ағасының соңына еріп, Ақмола, Семей облыстарында іс жүргізуші, ауыл мұғалімі қызметін атқарады.

1897 жылы жұмысын баста­ған педагогика сыныбы патша билігінің уақыт керуенінде тұрақты жұмыс істеп, кеңес дәуі­­­рі­нің көшіне де ілеседі. 1915 жыл­дың анықтамалық ақ­парат­тарында ол «Қостанай пе­дагогикалық курсы» деп аталады. Оның 2 жыл­дық оқу мерзімі де сақталып, курс­тың оқы­ту­шылар құрамы кеңейіп, 10 оқы­тушыға дейін өседі. А.Бай­тұр­сын­ұлымен бірге педа­гоги­кадан сабақ берген В.И.Гурылев оқытушылық қыз­­метін жалғастырып келген. Курста пән оқытушыларының қата­­­ры да кеңейіп, дене гигиенасы, сурет, ән сабақтары қосылады.

Кеңес үкіметі тұсында, яғни 1921 жылы педагогикалық курс­тың оқытушыларының саны едуір өседі. Қазақстан орталық ар­хи­вінің мұрағатында Қостанай педагогикалық курсының 70 шә­кірті мен 17 ұстазына былғары аяқкиім беру тізімі хатталған құжат бар. Педкурстың шәкірттері мен ұстаздарына жылы аяқкиім беру мәселесі Қазақ АССР атқарушы билігінің (Совнарком) шешімінсіз жүзеге аспайтыны және жергілікті жердің әкімшілігінде ондай күш-қуат бола бермегені анық. Ал сол Совнаркомда 1921 жылы халық ағарту комиссары (Наркомпрос) лауазымын Ахмет Байтұрсынұлы атқарған еді. Ендеше, теориялық тұрғыда, оның Қостанай педагоги­калық курсына қандай да бір ық­па­лы болған деп пайымдауға бола­ды. Себебі Қазақ өлкесінде мұға­лім мамандарын даярлайтын оқу орындары саусақпен са­нар­лықтай еді. Қостанай уезін Қазақ автономиясының құра­мын­да қалдыруға елеулі үлес қосқан, ағартушылық қызмет бар ғұмырының шамшырағы болған А.Байтұрсынұлы Қостанай қаласындағы өзі оқытушы болған педагогика сыныбының жалға­сы болған педагогика курс­ының тағдырына бей-жай қара­маған болар деп ойлаймыз. Ал кеңес билігіне дейінгі 1917-1920 жыл­дардағы Алаш автоно­мия­сының билігі тұсында А.Байтұр­сынұлы Алашорда үкіметінің 5 кіс­і­ден тұратын оқу комиссиясын басқарғаны белгілі. Демек, билік қайта-қайта ауысып, өліара кезең орын алған тұста Қос­та­най­­дағы мұғалімдер даярлайтын оқу орнының жұмысына А.Байтұр­сын­ұлы­ның қандай да бір қатысы болғаны сөзсіз.

1917 жылға дейін 20 жыл тарихы бар педкласс пен педкурс кеңес үкіметі толық орнаған 1920-1930 жылдары өзгеше атау­лармен, Руспедтехникум және Қазпедтехникум сынды, тіпті, Қазинститут деген оқу орындары жұмыс жасайды. Жергілікті өлкетанушы ғалымдар атақты әдебиеттанушы М.М. Бахтин 1931 жылы қуғын-сүргінге ұшырап Қостанайға жер аударылып келген жылдары Қазинститутта және Қазпедтехникумда дәріс оқығанын анықтады.

1930 жылдардың орта шенінде педтехникум деген мәртебе жойылып, оны педучилище деп атау орын алады. 1939 жылы кеңес билігінің шешімімен педагог мамандар даярлайтын педучилище базасында Қостанай мұғалімдер институты ашылады. 1950-1992 жылдар аралығында ол оқу орны Қостанай педагогикалық инс­титуты деп аталып, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы университет мәртебесін алады. 1996 жылы университетке А.Байтұрсынұлы есімі берілді. Демек, бүгінгі А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай универси­тетінің бастау бұлағына патша заманында ашылған Қостанай педагогика сыныбы өзек болған деп толық айтуға болады. Ал сол сыныпта ағартушы ұстаз А.Байтұр­сынұлының қызмет етуінің біздер үшін үлкен рәміздік сипаты бар деп санаймыз.

 

Алмабек Әбсадық,

А.Байтұрсынұлы

атындағы Қостанай университетінің

профессоры, филология

ғылымдарының докторы