Музей • 05 Қыркүйек, 2023

Түркістандағы көшпелі көрмеге 24 музей қатысады

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Visit Turkistan» орталығы алаңында «Музейлер шеруі» кеңейтілген көшпелі көрмесі басталды, деп жазады Egemen.kz

Түркістандағы көшпелі көрмеге 24 музей қатысады

Фото: gov.kz

Бір ғасырдан астам тарихы бар Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерді жинақтап, сақтап, көпшілікке таныстырып, кеңінен насихаттап келе жатыр.

Аталған көрме музей қорындағы жәдігерлер негізінде киелі Түркістанның бүгінгі жаңғыруы мен жетістіктерін халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Түркістан облысы әкімдігі

 

Көрмені облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып берді.

«Ұлттық рухымыздың бір тармағы ата-баба мұрасы мен өнегесін кейінгі ұрпаққа танытуда музейдің алатын орны ерекше. Өткенге құрметпен қарап, бүгінгі күнді қадірлеп, келешектің қамын ойлау – басты міндетіміз. Жалпы музей – тарихи-ғылыми деректерді, көне заман ескерткіштерін, олардың үлгі нұсқаларын, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, мұраларды зерттеп жинақтаушы, сақтаушы әрі бұл мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе отырып, солардың негізінде жастарға жалпы қоғам мүшелеріне тәлім-тәрбие, беретін мәдени және рухани мекеме. Сондықтан екі ай бойы жалғасатын көшпелі көрменің маңызы зор», деді басқарма басшысы.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпаратынша осы күндері облыстағы музей қорында 170 мыңнан астам рухани құндылық сақталған. Олардың басым бөлігін археологиялық, этнографиялық экспедициялар нәтижесінде жинақталған бірегей жәдігерлер құрайды. Атап айтсақ, қазақтың соңғы ханы Кеңесарының қылышы, атақты қазақ балуаны Қажымұқанның қара үйі, Ұлы композитор Шәмшінің жеке заттары, Халық қаһармандары, соғыс, тыл, еңбек ардагерлері, спорт, білім, мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосқан азаматтардың да жетістігін айқындайтын жәдігерлер бар.

Кеңейтілген көшпелі көрмеге Түркістан облысындағы республикалық «Әзірет Сұлтан», «Отырар» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы, облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты 24 музей қатысады.

Айта кетсек, музейлер шеруі 1 қыркүйек пен 29 қазан аралығында, аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері өтеді.