Ауыр атлетика • 05 Қыркүйек, 2023

Толағайлар тартысы

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясының астанасы – Эр-Риядта ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарының жолдамалары таратылатын жарыста 537 зілтемірші күш сынасып жатыр.

Толағайлар тартысы

Дүбірлі додада Қазақстанның туы астында 12 спортшы өнер көрсету үстінде. Ерлер арасында басты үміт Денис Улановқа артылып отыр. 81 кило салмақта сынға түсетін ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында төртінші орынға табан тіреген еді. Уақыт оза Денистің басты қарсыласы Габриэль Сынкрэяннің допинг қолданғаны анықталып, румы­ниялық ауыр атлет бірнеше жылға үлкен спорттан шеттетілді. Сөйтіп, қола медаль Улановқа табыс етілді. Одан бөлек, Шығыс Қазақстан облысының тумасы 2016 жылы Ташкентте Азия чемпионы атанып, 2017 жылы Тайпейдегі Дүниежүзілік универсиадада бас жүлдені олжалады.

Денис Улановтан бөлек, жас­тар арасындағы әлем чемпионы, бірқатар дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілген Ақмолда Сайрамкездің де мүмкіндігі жо­ғары бағаланып отыр. Эр-Риядта ол 67 кило салмақ дәрежесінде күш сынасады. Сондай-ақ Парсы шығанағында Ерназ Алпысов (55 кило), Сергей Петрович (89 кило), Еламан Сейітқазы (81 кило), Әлішер Сейітқазы және Асыл­жан Бектай (96 кило) өнер көрсетеді. Ал әйелдер арасындағы сайыста Айнұр Әбдіхалықова (49 кило), Надежда Ли мен Екатерина Столяренкоға (71 кило), Айнұр Нұрлыбекова (76 кило) мен Айша Омароваға (81 кило) үміт артамыз. Дүбірлі дода 17 қыркүйекте аяқталады.

Соңғы үш әлем чемпио­натының нәтижелеріне тоқталсақ, 2020 жылы Паттайяда жеңіс тұғырына көтерілу бақыты тек Игорь Сонға бұйырды. 55 кило салмақтағы жерлесіміз Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының күміс жүл­дегері, бес дүркін әлем чемпио­ны, екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы Ом Юн Чхольге есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты.

2021 жылы Ташкентте ұйым­дас­тырылған жарыста Қазақ­стан құрама командасы мүшелері арасында жалғыз жүлдені Арли Чонтей иеленді. 55 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол қоссайыс қорытындысы бойынша 260 (118+142) килолық зілтемірді еңсеріп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

2022 жылы Колумбияның Богато қаласында қоржынымызға бір күміс пен бір қола медаль түсті. Нұрғиса Әділетұлы (96 кило) екінші орынды иеленді. Оның көрсеткіші – 383 (174+209) кило. Қазақтың нар тұлғалы ұлы Бахрейннің алыбы Лесман Паредестен ғана қалып қойды. 73 кило салмақтағы Алексей Чуркин үздік үштікті түйіндеді. Ол 343 (153+190) килолық зілтемірді тік көтерді. Жерлесіміздің алдын Индо­незияның қос саңлағы – Рах­мат Эрвин Абдулла мен Ризки Джуаниансия орады.

Былтырғы әлем чемпиона­тының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы озды. Аспанасты елінің толағайлары 6 алтын, 3 күміс және 3 қоланы олжалады. Жарыс қожайындары екінші орынға табан тіреді. Колумбиялықтардың қоржынында 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль бар. Үшінші орында – Таиланд. Тай елінің өкіл­дері түрлі-түсті жүлделердің әрқайсысын қос-қостан еншіледі.