Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Барлауда
Соғыс басталған жылы әкем Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмыс iстеп жүреді. Жасы 18-ге толмай өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Ол «Елімді, жерімді қорғау – менің міндетім» деп түйді.
Соғыстың алғашқы күндері майданның алдыңғы шебінде 353-пулеметтiк-артилериялық батальонның жаяу әскер химиялық барлау взводы құрамында ұрысқа кіреді... Тереңдігі белуардан келетін окоп қазып, күздің ызғарлы түнінде батпаққа батып, су кешіп түні бойы жауды аңдиды. Окоптың іші таң атқанша кеудесіне дейін суға толып қалады. Окоптан басын сәл көтерсе, оққа ұшады. Әкеміз осылай түн қатып, мұз жастанған. Неміс басқыншыларына қарсы жау тылында да соғысады. Сондай бір барлау тапсырмасын орындау үшін Эльман көлінің жанындағы Старый Руссо қаласының түбінде жолсызбен, ми батпақты кешіп, үш жауынгер майдан шебін кесіп өтіп, жау тылында мина қойылған қақпаннан өтеді. Немістер сол мезетте оларды байқап қалып, пулеметтен, минаметтен оқ жаудырады. Алды – оқ боран, арты – мина алаңы. Жауынгерлер жанқиярлықпен алға ұмтылады. Әкем оқ тиіп құлаған кезде аяқ астындағы мина да қоса жарылады. Ауыр жараланып, ес-түссіз қалған әкемді қаруластары далада орналасқан армиялық госпитальға жеткiзедi. Содан соң оны Кострома қаласына аттандырыпты. Жарақатының тым ауырлығын ескеріп, Чусовой қаласына жөнелтедi. Денеге қадалған көптеген мина жарықшағын алу қиынға соғады, темірдің қанша жарықшағы денеге дарыса, сонша рет етін кесіп, ота жасалады. Тек өкпеге қадалған оқ жарқыншағын ғана алу мүмкін болмайды. Сол оқ соғыстан кейін де әкемнің кеудесінде сақталып, бірге жер қойнына кетті... Әкемнің денесінде еті тілім-тілім кесіліп алынған оқтың ойық орнынан сау жер жоқ еді, оны көзіміз көрді... Үш айлық ұзақ емделуден соң денесі қырық жамау сарбаз 19-жаттығушы танкi полкінің мектебіне жiберiледi де, оны Т-34 танкiнiң зеңбiрек командирі лауазымында белгіленген уақытынан бұрын үздік бiтiреді...
Отқа оранған доға
Әкем Курск доғасында танкілер бетпе-бет тірескен ең ірі қанды шайқастың бел ортасында болады. Прохоровка селосы маңында екі жақтан мың жарымға жуық танк қатысқан қанды қырғында шойын танкілердің өзі шоқтай балқып, оттай жанады. Үш күн, үш түн қатарынан оқ бораған қара түнектің астында от жалындаған қияметті басынан өткереді... Танк снаряд атқан сайын оның іші қалың түтінге толып, экипаждың тыныс алуы қиындай түседі. Отқа оранған дала әлем-тапырық. Аспан айналып жерге түскендей. Қалың өрт, ештеңе көрінбейтін қою қара түтін. Танкілердің гүрілі мен жарылған бомбаның дүрсілі құлақ жарады. Жан-жақты бағдарлау мүмкін емес. Әкем таза ауа жұтайын деп танкінің жоғарғы люк қақпағын ашып, басын сәл қылтитқаны сол еді, құлақтың түбінен шың еткен қатты соққы жарылыстан есі танып, ішке құлап түседі. Есін жиып қараса, жаудың снаряды танкінің жоғарғы люгін жұлып әкеткен екен. Егер қас-қағым сәт кешіккенде ажал құшатын еді.
Қаптаған жаудың қалың танкілерінің ішінен зеңбірегімен көздеуге оқ бойына ыңғайланып зымырап келе жатқан «Тигрді» көреді. Әттең снаряд жоқ. Соғыс заңы – тек сен бірінші қимылдауың керек, әйтпесе құрыдың! Әкеміз дереу шешім қабылдайды, орманнан шыға келіп, қатты жылдамдықпен неміс танкісін бүйірден соғып, аударып тастайды... Соңғы күшін жинап, жанып жатқан танкіден әзер шығып үлгереді. Құлақ тұндырар қатты соққыдан контузия алады, одан кейін не болғаны белгісіз. Есін жиған кезде санитарлық бөлімде жатқанын біледі...
Курск қырғынынан аман шыққан соң, әкеміз Т-34 танкісімен Украина жерiндегi Житомир, Черновица, Каменец-Подольск, Бердишев, Козятин қалаларын азат етуге қатысады. Польшаның астанасы Варшаваны басқыншылардан босатады. Гдыня, Данцег қалаларының түбіндегі, Фридрихефельде, Карлхорст, Биркенбердер қалаларындағы өліспей беріспейтін қорғаныстағы фашистерді талқандауға да қатысқан.
Сандомир бекінісін бұзу
Кеңес әскерінің Польшаны азат етіп, Германияға шабуыл жасауына стратегиялық жол ашатын Висла өзенінің жағасында Сандомир бекінісінде жаудың ірі қорғанысын бұзу үшін үш күн, үш түнге созылған қанды шайқастың ішінде әкем соғысқан танк бригадасы да болды. Немістердің оқ ататын зеңбірек нүктелерін анықтап барлау үшін әкем бастаған үш танкіні «қармаққа жем салған сияқты» алдын ала алға майдан шебіне жібереді. Олар жан-жақтан зеңбіректердің атқылап жаудырған оқ боранының өтінде әдейі бөгеліп, өлімге саналы түрде бас иіп, жаудың назарын өздеріне аударады. Бір кезде танкіге снаряд тиіп, лапылдап отқа орана бастайды. Экипаждың радист атқышы мен механик жүргізушісі де оққа ұшады. Қатты жарақат алған әкем бар күшін салып, жанып жатқан танкіден сыртқа шығады. Үстіндегі лаулап жанған киімін сабалап сөндіріп, біршама жерге барып, есінен танып құлайды... Есін бір жиған кезде немістердің даусын естиді. Олар майдан алаңында қозғалуға шамасы жоқ, жараланған жауынгерлердің тірі жатқандарына оқ атып жүр екен. Ендігі кезек әкемдікі... Әкеміз қолына «лимонка» гранатын алып, сақинасын ағытып, оны бармағымен қысып ұстап, кеудесіне басып, «Жаныма таянып келсе, өзімді де, оларды да бірге қосып жарып жіберемін» деген оймен олардың келуін күтіп жатады... Көз алдына туған ауылы, әкесі, шешесі, бауырлары елестеп «қош бол елім, жерім, туысқандарым...» деп жарық дүниемен қош айтысып жатып, әбден қансырап, қалжыраған әкем есінен танып, көзі ілініп кетеді... Қанша уақыт жатқаны белгісіз, кеудесіне қатты батып кеткен гранаттан ауырсынып оянады. Көзін ашса, айнала қап-қараңғы, тым-тырыс, алыстан атылған оқтың тырсылы еміс-еміс естіледі, немістер көрінбейді. Кеудесіне қатты батқан гранатаның сақинасы ағытулы екені есіне түседі, сақинаны орнына қайтадан бекітеді. «Есімді білмеген күйде байқамай кеудеме басқан сақина ілген бармағыммен бірге алақанымды ашып жіберсем, немістен бұйырмаған оқсыз-ақ өз гранатаммен бірге жарылып кететін едім ғой...» деген ойдан қатты шошып, жалма-жан есін жиып алады.
«Енді не де болса жау тылынан шығу керек» деген ойға келеді. Майдан шебі алыс емес екенін еміс-еміс атылып жатқан пулеметтің дыбысынан болжайды. «Ендеше, сол атылып жатқан оқтың дыбысы бағытына қарай жүру керек» деп бауырымен еңбектей жөнеледі. Майдан шебіне жақындаған кезде, айналаны бір сәтке жарық қылып жіберетін атылған ракетаның жарқылынан немістердің пулеметтері орнатылған төбешік нүктелерінің қалай орналасқанын байқап қалады. Қолында ешқандай қаруы жоқ, жалғыз гранатасы ғана бар. Ойы – «Қалай да жау шебінің артқы жағынан білдіртпей өту керек...». Бір-біріне тым жақын орналасқан екі пулемет нүктесінің арасынан өтсе, біреуі болмаса, екіншісі міндетті түрде бәрібір байқап қалуы мүмкін. Не істеу керек? «Пулемет нүктесінің біреуінің үстінен шабуылдап өту керек» деп шешім қабылдайды. Сөйтіп, жүгірген бойы неміс пулеметшілерінің артынан білдірмей келіп, қолындағы жалғыз гранатасын пулемет нүктесін көздеп лақтырып жібереді. Граната жарылған кезде алға қарай бар күшін салып жүгіре жөнеледі. Қанша уақыт жүгіргені белгісіз, қансырап, әбден әлі құрыған әкем қараңғыдағы жанталаста сүрініп кетіп, құлап түседі... Біраз уақыттан соң, көзін ептеп ашады, көпке дейін қандай күйде екенін түсіне алмай жатады... Таң атып, айнала жарық бола бастаған кез секілді. Есін жиып, жан-жаққа қарайды. Майдан шебінен аман-есен өткеніне көзі жетеді... Кеңес әскерлерінің майдан шебіне қарай бет алып, «уралап» шабуылға шыққанын көреді... Ептеп қозғалып, қанға малынған денесін сүйретіп, келесі күні өзінің әскери бөлімін тауып алады. Бөлім штабына келсе, әкемді «ерлікпен қаза тапты» деп еліне «қара қағаз» жіберейін деп жатыр екен...
Жеңіс жауынгері
Әкем Берлинге шабуыл жасау кезінде атақты қолбасшы генерал М.Е.Катуков басқарған 1-гвардиялық танк әскерінің құрамында немістің астанасына ең алғашқы басып кіргендердің қатарында болады. Бұл енді ең соңғы шешуші шайқас! Жау өліспей беріспейтінін көрсетті.
«Берлинге кіргеннен бастап, оның әрбір көшесі үшін ең ауыр шайқас басталды. Шабуыл майданының шебі империялық канцелярия мен Рейхстагтан алыс емес «Тиргарен» паркіне тірелетін Вильгельмштрассе көшесі арқылы өтіп жатты. Танкілерге фаустатқыштар кедергі жасады, немістер канализациялық құдықта немесе үйдің жертөлесінде отырып алып-ақ көшеге шыққан танкілерді ата бастады. Қай жаққа қарау керек екеніңді білмейсің, үйлердің терезелерінен немесе есіктерінен фаустатқыштар танкілерімізге оқ жаудырды. Танкілер жанып жатты. ...Танкінің ішінде отқа оранасың, сыртта оқ боран түтеп тұр. Оқ пен оттың арасында бір ғана таңдау – тек алға ұмтылу, Рейхстагқа табан тіреп, жеңіс туын желбірету... Біз де фаустатқыштар отырған жерлерді аямай атқылаймыз. Тіпті танкіде экипаждың біреуін ғана қалдырып, жаяу әскер шекпенін жамылып, автоматпен, гранатпен қаруланып, көпқабатты үйлердің жертөлесіндегі фаустатқыштарды іздейміз. Үйлердің терезесінен атқыштар көрініп қалса болды, танк зеңбірегімен шрафнельді және жарқыншақ снарядты жаудырамыз. Бұрын бір снарядты немістердің бір топ жаяу әскеріне жұмсасақ, енді оны бір фаустатқышқа жұмсауға тура келді. Үйлердің терезелерін атқылап отырып, Берлиннің көшелерімен күн сайын жүз қадам ғана жылжимыз... Көше ішіндегі ауыр шайқастарда танкілеріміздің осылайша шабуылдары іркіліс жасап отырды... Біздің танкіміз Рейхстагтың іргесіне келіп тірелген кезде екі жақ та бір-біріне үздіксіз оқ жаудыруын бір мезет те тоқтатқан жоқ. ...Танкінің радиоқабылдағышы арқылы 2 мамыр күні таңертең армия қолбасшысының оқ атуды дереу тоқтату туралы бұйрығын тыңдадық. Бұл қуанышты хабар еді. Әбден қажыған жауынгерлер мен офицерлер мәз болып, бір-бірін құшақтауға ұмтылды. Әркім әрқалай пистолеттен, винтовкадан, автоматтан, зеңбіректен аспанға оқ атқылап, бас киімдерін жоғары лақтырып жатты. Жеңістің құрметіне салют аттық. Жау жеңілгенін мойындап, біржола берілді. Берлин от болып жанып жатты...» – деп әкем жан досы, ардагер журналист Сүтемген Бүкіровке айтып берген екен.
Майданда көрсеткен ерлігі үшін гвардия сержанты – әкем Бектай Әбсаттаров екі «Қызыл Жұлдыз», «III дәрежелі Даңқ», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендері, «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Шайқастағы еңбегі үшін» әскери медальдермен марапатталған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің саусақпен санарлықтайы ғана қалды. Жүрегі елім деп соққан менің әкем де бүгін бұл өмірде жоқ, биыл оның өмірге келгеніне 100 жыл толады. Майдангер әкелердің ерлігін оқып-білу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Менің де әкемнің ерлік істері, еліміздің өркендеуіне қосқан ерен еңбегі туралы өнегелі әңгімелерді бүгінгі ұрпақтың білгені абзал.
Мүталап ӘБСАТТАРОВ,
мемлекеттік қызмет саласының ардагері