Ғылым • 06 Қыркүйек, 2023

Жас ғалымдар бас қосты

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғылымды танып-білуде ережеден мысал пайдалырақ. Бұл – Ньютонның сөзі. Демек, сөзден іс озу керек. Ұлт­тық ғылым академиясы дәл осындай мақ­сатпен жас ғалымдардың ба­сын қосты. Ондағы мақсат – жас ғалым­дарды іске бастау. Әрі ғылым­дағы мәселелерді билікке жеткізіп, екі араға көпір болу.

Жас ғалымдар бас қосты

Жиынға ғылымды қарыштап дамытамын, серпіліс әкелемін деген жас ғалымдар жиналды. Ерекше бастамалар көтеріп, ғылым жұмысын жүргізудегі маңызды мәселелер туралы айшықты ойларын айтты. Жиында Академияның вице-президенті Асқар Жұ­маділдаев: «Академияның 100 күндік есебін Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсындым. Есепті тапсырарда «Құланның қасуына – мылтықтың басуы. Құланның қасуын мен де көрдім, сіз де көрдіңіз. Енді мылтықтың басылуы қалды», дедім. Ондағы ойым ғылым ісіндегі бастамаларды жүзеге асырып, іске көшетін сәт келді деу еді. Ал іске көшу үшін ғалымдардың басы қосылып, үні жарқын шығуы қажет. Осы жиын – қазақтың бірауыз сөзінің іс жүзіндегі көрінісі», деді.

Ғылыми ортаның халықаралық дең­гей­­де танылуына ғалымдардың сүйек­ті жария­ланымдарының саны, дәйек­сөзділігі, ғылы­ми ықпал индексі әсер ететіні анық. Кейінгі 5 жыл ішінде біздің ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемдегі үздік журналдардың 25 па­йызына енді. Бұл көрсеткіш – әлі де болса ғылыми ортаны алмас қылыштай қайрай түсуіміз керек екенінің дәлелі. Мемлекет басшысы бұл жөнінде «Мен бұл салаға ерекше мән беремін. Себебі білім, білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды. Таяу арада сіздер де ғ­алым­дар мен тәжірибелі мамандардың қата­рын толықтырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосасыздар деп санаймын. Мен жастарға сенемін», деген болатын.

Astana IT University алаңында өткен алғашқы отырыста энергетика және машина жасау, ақпараттық, коммуника­циялық және ғарыштық технологиялар, геология, минералды және көмірсутек шикізатын өндіру және қайта өңдеу, жаңа материалдар, технология, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы зерттеулер тақырыбы зерделенді. Ал жиынның С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу уни­верси­тетінде өткен бөлігінде агро­өнер­кәсіптік кешеннің тұрақты дамуын, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану және экология, жаратылыстану ғылымы саласындағы ғылыми зерттеулердің әл-ауқаты талқыланды.

Ғылым академиясы құрылған уақыт­тан бастап жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта олар­дың ғылымды дамытуға қатысты ойлары тың­далып, ғалым­дардың тастай берік ордасы қаланбақ. Академияның бас­ты міндетіне ғылымға жанашыр азаматтар­дың ортасын қалыптастыру қосылып отыр.

Асқар Жұмаділдаев «Әл-Хорезми «минус­ты плюске айналдыр» дейді. Мен оны былай жалғастырамын: жеңілісті жеңіске айналдыр. Қандай қараңғылық болса да, сәуленің ұшқынын көру керек», деп жас ғалымдарды ғылым сәулесін жағуға шақырды.

 

Елігімай ТӨҢКЕР,

журналист