Мәулен Әшімбаев ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және кедергісіз орта қалыптастыру еліміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы инклюзивті даму мәселелеріне әрдайым баса мән беріп келеді. Әділетті Қазақстан дегеніміз де баршаға тең мүмкіндік жасауға табан тірейтіні анық. Осы ретте боччадан өтіп жатқан осындай сайыстар Қазақстанда инклюзивті қоғам құруға өз үлесін қосып отыр деп айтуға толық негіз бар. Алдағы уақытта да бәріміз бірлесіп, үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат спикері елімізде аталған спорт түрінің қолға алынғанына көп уақыт өтпесе де, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп үлгергенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол инклюзивті қоғамды дамыту үшін осы қарқынды жоғалтпай тиісті жұмысты жалғастырудың маңыздылығына және бұл бағытта Сенат заңнамалық деңгейде қажетті қолдау көрсетуге дайын екеніне назар аударды.
«Қазіргі таңда еліміз бойынша 20-дан астам бочча үйірмесі жұмыс істейді. Ол жерлерде 150-ге жуық ерекше қажеттілігі бар спортшы жаттығады. Биыл біз ұлттық құрамамызды жасақтадық. Құрама халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайды. Спортшыларымыздың ірі сайыстарға қатысуының өзі үлкен жетістік. Сондай-ақ бұл – әр адамның өз мүмкіндіктерін іске асыруына жол ашатын толық инклюзивті қоғам құру ісіндегі маңызды қадам», деді М.Әшімбаев.