Саясат • 07 Қыркүйек, 2023

Ынтымақтастық нығаяды

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Қытай (Шэньси) мен Қазақстанның жоғары біліміне арналған халықаралық көрме өтті. Іс-шара Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жыл­дығына арналған.

Ынтымақтастық нығаяды

ФОТО: gov.kz

Көрме екі ел басшылары қол жеткізген келісімдерді, сондай-ақ осы жылдың мамыр айында өткен «Қытай – Орталық Азия» саммитінің нәтижелерін іске асырудағы маңызды қадам болып отыр. Аталған саммитте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин екі ел арасындағы білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы көпсалалы ынтымақтастықты тереңдету туралы маңызды келісімдерге қол қойған болатын.

Көрме аясында екі ел уни­вер­ситеттері арасындағы ын­тымақтастық туралы екіжақ­ты меморандумдар жасалып, бірқатар жоба мен бағ­дар­лама іске қосылды. Шэнь­си провинциясы партия коми­тетінің хатшысы Чжао Идэ «Біз Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасындағы білім беру ынты­мақтастығы саласындағы тамаша нәтижелермен мақтана аламыз», деді. Расында да, қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай университеттері арасында 249 келісімге қол қойылып, 20 халықаралық бірлескен жоба іске асырылып жатыр.

Қытай Халық Республика­сының төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елден мемлекеттік сапары барысында қытай тарапы Қазақстанда Лу Бань шеберханасын ашуды ұсынған болатын. Қазіргі уақытта Тянь­зинь кәсіптік институтының қолдауымен Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қазақстан техни­калық университетінің базасында Лу Бань шеберханасын ашу жоспарланып отыр. Сол секілді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ресми түрде Қытайдың жетекші 10 жоғары оқу орнының құрамына кіретін Шыңжаң Цзяотоң университетінің бастамасымен Жібек жолы университеті Альянсының (UASR) бақылау­шысы болды. Альянстың мақса­ты – Жібек жолы елдерінде білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

Қытаймен ынтымақтастық «Болашақ» халықаралық бағдар­ламасы аясында да кеңейіп жа­тыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, 2021 жылдан бастап Қазақстанда «500 ғалым» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. «Аталған бағдарламаны іске асыру үшін биыл біз ғылыми тағылымдамалар үшін ұсыны­латын ұйымдардың тізіміне 50 жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарды енгіздік. Осыған байланысты Қытайдың ғылыми институттарын, ғылыми орта­лық­тарын, ірі ұйымдары мен жетекші университеттерін қа­зақ­стандық ғалымдар үшін ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыруға белсенді қатысу­ға шақырамыз», деді ол.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай білім мен ғылымның дамуына ықпал ететін білім беру ын­ты­мақтастығын кеңейтуді әрі тереңдетуді жалғастыру үс­тін­де. Бұл бастамалар мен бағ­дар­­ламалар екі халық арасын­дағы ұзақмерзімді қарым-қаты­нас пен өзара түсіністіктің маңыз­дылығын растайды және бірлес­кен даму мен өркендеуге деген ұмтылысын көрсетеді.