Пікір • 06 Қыркүйек, 2023

Нақты мерзімдер қойылды

102 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жолдаған биылғы Жолдауында нақты тапсырмалар мен міндеттер көрсетіліп, орындалуына қысқамерзім белгіленді.

Нақты мерзімдер қойылды

Маңызды құжатта экономика саласына көп көңіл бөлінді. Экономиканың дамуы әлеуметтік саланың жақсаруына тікелей байланысты. Сондықтан осы бағытқа барынша мән берілді. Соның ішінде көлік тасымалы, логистикаға ерекше тоқталды. Қандай порттар мен темір жолдардың салынатынын анықтап айтты.

Атом электр стансасының құрылы­сын референдум арқылы шешу де дұрыс қадам. Бірақ өз басым оның салынуына қарсы емеспін. Өйткені бізге электр энергиясы керек. Шетелдік инвесторлар келсе де бірінші қуат көзіне қарайды. АЭС қарапайым тұрғындарға да пайдалы. Арзан электр энергиясы болады. Әрине, қауіпсіздік алдыңғы орында тұратыны белгілі.

Су мәселесінің өзекті екені баян­далды. Осыған байланысты жаңа министрліктің құрылатыны құба-құп болған. Расында да су мәселесінде көрші елдер­мен жақсы қарым-қатынасты үзбей проблеманы бірігіп шешкен жөн. Сонымен бірге күнделікті тұрмыс­та, ауыл шаруашылығында суды үнем­деп пайдаланған дұрыс. Президент айтқан­дай, тарифтік саясатты да әділетті жүр­гізген абзал. Әлбетте тарифтен түскен қара­жат инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады. Алайда халық тарифтің не үшін қымбаттағанын түсінбей жатады. Сондықтан монополияға қарсы агенттікпен тариф келісілген соң оны халық арасында түсіндіру жұмыстары жүруге тиіс. Мемлекет басшысы әділетті тариф саясаты туралы осыны меңзеп отыр.

Сондай-ақ елімізде шетелдік 3 коммерциялық банк пайда болатыны көңілге қонды. Несі бар, сол арқылы отандық банк саласында бәсекелестік күшейіп, пайыздардың төмендеуіне алып келсе, жаман ба?! 

Шымкентке қатысты әуежайдың логистикалық әлеуетін арттыру жөнінде сөз қозғалды. Бүгінгі таңда әуежайда жеке инвестор есебінен жаңа терминал салынып жатыр. Оның үстіне аэропорт маңында ірі логистикалық орталық бар. Бүкіл келген жүк сонда сақталады. Сол тауарды діттеген жеріне жеткізу мәселесі алға шығып отыр. Президент тапсырмасына орай бұл мақсатты жүзеге асыруға тиіспіз. Сонымен бірге креативті экономика Астана мен Алматы қалаларынан бөлек үшінші мегаполисте де жақсы дамығаны сөз болды. Иә, мұнымен толық келісемін. Осы күнде жастардың, жеке азаматтардың бизнес идеясын іске асыру бойынша шаһарда қолдау тетіктері баршылық. Бизнеске арналған үкімет секілді ұйымды атауға болады. Бұдан бөлек жоғары оқу орындарында студенттердің бизнес жобаларын патенттеу, сертификаттау бойынша да көп жұмыс қолға алынған.

Президент бұған қоса өз Жол­дауында кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалына да арнайы тоқталды. Билік пен бизнес арасында сындарлы диолог орнауы қажеттігін атап көрсетті. «Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тас­тау жұмысын жалғастыру қажет» деді Мемлекет басшысы аталған проблеманы назарға алу аса қажет.

 

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,

Шымкент қалалық

мәслихатының төрағасы