Отбасы • 08 Қыркүйек, 2023

Шаңырақ берекесінің кілті

207 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Демографиялық өсім жоғары өңірде мәуелі әулетке айнал­ған, бүгінде өзгелер үлгі-өне­ге алар отбасылар қатары қалың. Бұл орайда отбасылық құн­ды­лықтарды насихаттауда «Ме­рей­лі отбасы» ұлттық кон­кур­­сының алар орны ерекше. Қазақ халқы үшін отбасы – қа­сиетті ұғым, қастерлі құн­ды­лық. Адам баласына берілетін тәр­бие­нің ең негізі осы отбасында қалыптасады.

Шаңырақ берекесінің кілті

Түркістан облысы ата-аналар қа­уым­дастығының төрайымы, Ақбаян Төлбасықызы бала білім алатын мектеп,  қандай ұстазға, тәрбиешіге, қандай ортаға түсетіні аса маңызды екенін айтады. «Сол үшін ата-ана өзінің құ­қы­ғын білуі қажет. Ата-ананың бала­ның білім ошағына барып, таңдап, мұғаліммен сөйлесіп, әрдайым жиі байланыста болуға, мектепте, балабақшада бейнебақылау камераларын орнатуды талап етуге құқығы бар. Баланың қауіпсіз жерде өсуі – толықтай ата-ана­ның қолында. Баланың ортасы көңілінен шықпаса, үйге көңілсіз келсе, сөйлесіп басқа мекемеге ауыстыруға әрекет жасаған жөн. Бізде керісінше баламен санаспай, ата-аналар өздерінің үйіне, жұмысына жақын мекемелерге беріп жатады. Бірақ баланың өмірінде не болып жатқанынан бейхабар отырамыз. Оның өміріне әсер ететін психологиялық травмалар болып жатқан жоқ па, буллинг, кибербуллинге ұшырап жатқан жоқ па деп ата-ана жіті қадағалау керек. Бұл бойынша ата-аналарға арналған арнайы курстар бар. Облыс көлемінде біз бірнеше рет барлық 17 ауданды аралап, ата-аналармен кездестік. 300-500 ата-анаға дәріс беріп, бала мен ата-ананың қарым-қатынасы туралы, баланың қауіпсіздігі – ата-ананың жауапкершілігі екенін түсіндіруге, толық құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға ты­рыс­тық. Ең күшті тәрбие – ол мектеп пен ата-ананың ынтымақтастығы. Ата-ана мектептің іс-шараларына белсенді қатысып, жиналыстарынан қалмай барса, баланың айналасы қауіпсіз болады, бойында сенімділік пайда болады, ата-анасының үнемі қасында екенін, үнемі қолдайтынын сезінеді. Ең қорқыныштысы – әкесі мен ұлы, анасы мен қызы сырласпайтын отбасылар өте көп. Бала – тек үйі, киімі, тамағы тоқ болса болды деп қарайтын жансыз дүние емес. Үнемі рухани байланысты талап ететін сенің келешегің. Біз 5 сағат мұғалім, 8 сағат дәрігер болуымыз мүмкін, бірақ біз 24 сағат ата-ана екенімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан балаларымызбен әрқашан байланыста болып, кез келген сәтте мұң-мұқтажын тыңдай білуіміз керек», дейді Ақбаян Төлбасықызы.

Отбасының ақыл-кеңесшісі, бағыт-бағдар берушісі саналатын аға буын бала тәрбиесінде еңбектің алар орны ерекше екенін айтады. Бүгінде 5 ұл-қызынан 14 немере, 4 шөбере сүйіп отырған Айтбай ақсақал еңбекті бү­кіл тәрбие жүйесінің күретамыры деп есептейді. «Бізді кезінде әкеміз де, шешеміз де еңбекке көбірек баулыды. Мені тәрбиелеген Сейсенбек атам 10 жастан асар-аспас бау-бақша егуге, шашылып жатқан дүниелерді орын-орнына қойып жүруге үйретті. Бүгінде адам еңбегін де технологиялар алмастырып жіберді ғой. Баланы еңбек адамдарына құрметпен қарауға, халық шаруашылығының салаларындағы еңбек түрлеріне баулу, олардың дағ­дысы мен іскерлігін қалыптастыру, бо­лашақ мамандық таңдауға дайын­дау маңызды. Отбасында өнімді ең­бек­ке тікелей қатысуы оқуға деген сапа­лы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зия­лы­лық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады», дейді Айтбай Сейсенбеков ақсақал. Ал Созақ ауда­нында тұратын Күлзада Әлтаева еңбекке ерте араласқанын, таң ата бие сауымына кіріскендерін еске алады. Бүгінде сексен төрт жасты еңсеріп, бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған Күлзада әже күніне 40-50 бие сауып, оны шаруа­шы­лыққа өткізгендерін айтады. «Қыс қыстауымыз Үшкөкшенің құмы болса, жазғы жайлауда Бетпаққа шығып кететінбіз. Зейнеткерлікке шыққанға дейін шопандық кәсіпті серік еттік. Қар мен жаңбырға, күннің суығы мен ыстығына қарамай жұмыс істедік. Ота­ға­сының еңбекқорлығының арқа­сын­­да талай қиындықтарды жеңе білдік. Еңбек ете жүріп Батыр ана атандым. Әрқайсысына шамамыз келгенше тәрбиемізді бердік. Қазір барлығы өз алдына шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болды. Бастысы олардың бойы­на адалдықты, еңбекқорлық қасиет­тер­ді еге білдік. Өзім білетін іс­тердің барлығын, сиыр сүтінен, бие сүтінен, түйе сүтінен дайындалатын жеңсік астарды дайындауды келіндеріме үй­ретуден жалыққан емеспін. Уақыт өте келе олар осы тірліктерді менің қо­лым­нан алып, өздері де керемет да­йындаудың шебері атанды», дейді Күлзада әжей. Иә, отбасында ұрпақ тәрбиесінде үлгі-өнегенің алар орны ерекше. Бұл орайда облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Жақыпова бүгінгі отбасының дұрыс моделі – ер мен әйелдің екеуі де жұмыс істеп, балаларды бірге тәрбиелеуі, үйдегі жауапкершілікті тең бөлісуі деп есептейді.

Айта кетелік, облыс деңгейінде өткен «Мерейлі отбасы – 2023» ұлт­тық конкурсына 143 отбасы өтінім берген. Аудан, қалалық деңгейде ұйым­дастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 31 отбасы жеңімпаз атанды. Олардың арасынан отбасындағы жарасымдылық пен өзіндік қарым-қабілеттерімен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен 6 отбасы жүзден жүйрік шығып, «Мерейлі отбасы – 2023» ұлт­тық конкурсының облыстық кезе­ңінде топ жарды. Бірінші орынды 4 ұл, 3 қыздан 29 немере, 35 шөбере тәрбиелеп отырған, Төлеби ауданынан Абилдаевтар отбасы иеленді. Екінші ІІ орынды Айтбаевтар отбасы (Түлкібас ауданы) мен Бейсенбаевтар (Түркістан қаласы), ІІІ орынды Смайловтар отбасы (Қазығұрт ауданы), Ақжаровтар отбасы (Шардара ауданы), Ергешовтер отбасы (Сарыағаш ауданы) иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

 

Түркістан облысы