Отбасы • 07 Қыркүйек, 2023

Өнер қонған әулет

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Малдыбаевтар отбасының өнерде ойып алар орны бар. Әсіресе отағасы күйші-композитор Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйі музыка майталмандары тарапынан жоғары бағаланғаны белгілі. Расында да Аман Малдыбаевтың сол бір шертпе күйі тыңдарманды толғандырмай қоймайды. Күйдегі эпикалық сарынның арыны жұртты елең еткізері даусыз.

Өнер қонған әулет

Шынында да «Көне Тараз» күйін тыңдаған кісінің көз алдына көне шаһардың байырғы тарихы елес­тей­тіні даусыз. Оның «Жалын кешкен» әні де уақытында хит болғанын ешкім ұмытқан жоқ. Жарты ғасыр бойы қолы­нан домбырасын тастамаған Аман Малды­баевтың отбасы мүшелерінің де өнерге аңсары ауған.

Оның үш ұлы – үш бәйтерегі. Қо­лынан қасиетті домбырасын тастамайтын әке тәлімін алған Әлібегі уақытында Аманмен бірге Германияның он ша­һа­рын шарлап, қазақ өнерін қарт құрлықта насихаттады. Саксофоннан сызылтып саз төгетін оның өнерін жұртшылық жоғары бағалайтыны ақиқат. Өйткені ол – кәсіби музыкант ретінде өзін мойын­датып үлгерген талант иесі. Қай­бір жылы Әлібек оқушылар арасында өткен халықаралық «Азия дауысы» байқауында лауреат атанды.

Ортаншы ұлы Рүстем де өнерімен дараланып, талай додаларда үздіктер қатарынан көрінді. Ол Беларусь елінде өткен халықаралық ән конкурсында 1 орын иеленсе, Мәскеу мен Новосібірде ұйымдастырылған әншілер байқауында дипломант атанған.

Өнерлі отбасының сүт кенжесі Қазы­бекті жұрт қобызшы ретінде жақсы тани­ды. Жас қобызшылар арасында ұйымдастырылған халықаралық «Жез киік» байқауында үздіктер қатарынан көрініп, лауреат атанған ол жас орындаушылар арасында ұйымдастырылған республикалық аламанда екінші орын иеленген.

Малдыбаевтар отбасына өнер гене­ти­калық жолмен дарыған секілді. Мұны Аман Малдыбаевтың сөзі де айғақтай түсетіндей. Оның сөзіне сенсек, ата-анасы айтыс ақыны болған көрінеді.

«Әкем мен анам да ақындыққа жақындығы бар кісілер еді. Екеуі жиі айтысады екен. Көбінесе шеберлігі басым әкем жеңісті бермейтін көрінеді. Мұны анамның «Әкеңе айтыста жеңіл­ген­нен кейін тұрмысқа шықтым» деген сөзінен де аңғаруға болады. Қыс­қасы, біздің әулетке өнер арғы жақтан тараған-ау», дейді ол өткен шаққа көз жүгіртіп.

Үш ұлы да әке жолын жалғастырып, түрлі музыкалық аспапты игеріп, өнер­ге бет бұрғанына еш өкінбейді. Олар қазақ өнерінің байрағын қай кезде де биіктен көргісі келеді.

«Шыны керек, мені өнерге әкем бау­лыды. Сол үшін де әкеме дән ризамын. Ол кісі қай кезде де қолдан келген көмегін аяған емес. Әжемнің тұңғыш немересі болғандықтан сол кісінің де аңызға толы әңгімесін көп естіп өстім. Осының барлығы да мені өнер әлеміне жетелей түскені анық. Өз басым осы жолды таңдағаныма шын қуанамын», дейді үйдің тұңғышы Әлібек.

Өнер қонған отбасының отағасы Аман балаларын құрсақта жатқан ке­зін­де-ақ күй күмбірімен сусындатқан. Айтуынша, үш ұлдың өнерге бет бұ­руы­на осы бір қадамы да әсер етсе керек.

«Ұлдарым анасының құрсағында жатқанда ай-күні жақындап қалған келін­­шегімнің қасында отырып, төкпе күй тартып, шертпе күй шерте­тін­мін. Қазақ­тың ғажап күйлерін балаларым­ның санасына құрсақта жатқан кезінен бастап сіңіргім келді. Олар дүниеге келген соң да бесігін тербетіп отырып, талай рет ән айтып, күй тарттым. Үшеуін де осылайша өмірге келмей тұрып ұлттық музыкамен тәрбиеледім. Соның да әсері бар шығар», дейді А.Малдыбаев.

Жүрегі өнер деп соққан А.Малды­баев – қай кезде де жаңа бір идея­ны іске асыруға ұмтылып тұратын адам. Ты­ным­сыз ізденістің нәтижесінде ол 1989 жылы «Әулиеата өрендері», 1991 жылы «Шежіре» фольклорлық ансамблін құрып, оған өзі жетекшілік етті. Өнер ұжымдарының репертуарын толықтыру үшін тынымсыз еңбек­тенді.

Бүгінде қазақ эстрадасында маң­дайы жарқырап жүрген белгілі әнші Досымжан Таңатаров алғашқы өнер жолын А.Малдыбаев құрған ан­самбль­де бастағанын біреу білсе, біреу білмес. Осыдан-ақ Малдыбаев мек­тебінің мықты екенін аңғару қиын емес шығар. Өйткені тек Досымжан ғана емес, мемлекеттік «Дарын» жас­­­тар сыйлығының лауреаты, інісі Мадияр Малдыбаев, республикалық кон­курстардың лауреаты Нұрлыбек Қадырбергенов, әншілер Құралай Ғайымова, Гүлшат Сопбекова, Жанар Үстемірова сынды таланттар да Мал­ды­­баев­тың тәлімін тыңдап, дәрісін алған.

Қазақ музыкасының «Алтын қо­рына» енген «Көне Тараздан» бөлек, «Мұңды саз», «Шоқай датқа», «Мұңлы тамшылар» секілді өзге күйлері де тың­дарманын тапқан. Сондай-ақ А.Малды­баев­тың «Жалын кешкен», «Жастар маршы», «Наз сезім», «Аққу әні» секілді әндері де жүректерге жеткен.

Тегінде өнерсүйер қауым А.Малды­баев­ты белгілі күйші-композитор ре­тінде ғана танып жүрген кезде ол өзінің актерлік қабілеті мен шеберлігін де көрсетті. Белгілі режиссер Ермек Тұр­сыновтың «Шал» атты көркем фильмінде негізгі кейіпкерлердің бірі Қал­тайдың образын қал-қадерінше ашуға тырысты.

«Бұл өзі бір қызық дүние ғой. Әуелде киноға түсемін деп кім ойлапты? Көркем фильмге түсу идеясы маған расында да қатты ұнады. Өзім­ді басқа қырымнан байқап көруге мүмкіндік берілді. Ондай мүмкіндіктен қалай бас тартасың? Бұл өмірімнің жарқын сәттерінің бірі десем де болады. Қысқасы, өмірде Қалтайдың образын алып шығу маған аманатталған еді. Аманатқа қиянат жасаған жоқпын.

Қалай десек те, өнер – бізге берілген Құдайдың аманаты. Балаларымның бәрі де өзім секілді өнер әлемінен алыс­тамағанына шын қуанамын. Олар өз бойындағы талантты еңбекпен ұштас­тыра алса, әлі талай биікті бағын­ды­ратынына сенемін», дейді өнерлі отбасының отағасы.

 

Жамбыл облысы