«Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды», деп Президент осы Жолдауында атап көрсеткендей, қазіргі күнде жаңа Қазақстан құруға бет бұрған елімізде алдымен әділдікті тұғыр еткен заң үстемдігін орнатудың маңызы зор. Өйткені, азаматтық қоғам, адам құқығы тәуелсіз мемлекетіміз үшін басты орында.
Баршаңызға белгілі өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасымен республикамызда жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары өз алдына бөлек еншісін алды. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл батыл қадамы да халықтың көкейіндегісін дөп басып, қордаланған әлеуметтік мәселелердің оңынан шешілуіне жол ашты. Сол тұрғыда біздің саланың мамандарына да үлкен жауапкершілік жүктеліп, облыстағы 17 басқарманың қатарында 2022 жылдың 24 маусымында Абай облыстық Әділет департаменті құрылды.
Содан бергі бір жыл ішінде қабылдауымызға келген азаматтардың құқықтық-заңдық тұрғыдан қоғамдағы орнын айқындау, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру тұрғысында ауқымды жұмыс атқарылып жатқандығын айта кеткен артық болмас.
Президент Жолдауына зер сала қарасақ, алдымен азаматтық сананы жаңа белеске көтеруге шақырады. «Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады», деп бүкпесіз шындықты дөп басып айтқан.
Президент Жолдауында барлық сала бойынша қамтылған мәселелерді түбегейлі әрі дұрыс шешілуін жүзеге асыру үшін заң үстемдігін орнатуға белсенді үлес қосу әр азаматтың парызы.
Жанболат САМАШЕВ,
Абай облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары