Тапсырмалар орындалуымен құнды
Мен өзім диқан болғаннан кейін Президенттің ауыл шаруашылығына қатысты айтқан сөздерін мұқият тыңдадым. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз», деді.
Өте орынды айтылған сөздер. Бірақ Үкімет бұл тапсырманы іске асыра ала ма, мәселе – сонда. Әсіресе ішкі рынокты қорғау саласында әлі күнге енжарлықтан арыла алмай отырмыз. Мысалы, «Капитал.кз» мәліметіне қарағанда, былтыр елімізге Ресейден 60 мың тоннадай сүт өнімдері енгізіліпті. Ал біз оларға бар болғаны 22,2 мың тонна өнім экспорттаппыз. Ресейден енген сүт өнімдерінің бәрін өз ішімізде өндірілуге болады-ақ. Сырттан келіп жатса да көршілеріміз өндірген өнімнің бағасы төмен. Осындайда өзіміздің өндірушіні қолдау үшін реттегіш факторларды іске қосып, импорттың бағасын көтеруге әбден болады. Бірақ ЕАЭО шарты бойынша, ондай шаралар қолдануға біздің қақымыз жоқ. Ал олар бәсекелестік артып бара жатса, шарт негіздеріне сүйеніп, өнімдерімізге тосқауыл қоя қояды. Осындай әділетсіздіктерді еңсеруге Үкімет тарапынан саяси ерік-жігер керек.
Президент Жолдауда 100-ден аса тауарлы-сүт фермасын салдырғанымыз үшін Солтүстік Қазақстан облысының жетістігін көпке үлгі етті. Бірақ осындай ферма салған кейбір жігіттер сүт өндіру тиімсіз, қолдағы малды сату керек деп жүр. Өйткені бәрі де миллиондаған теңге несиеге алған малының қарызын жаба алмай қаламыз ба деп алаңдайды.
Ішкі өндірушілерді қолдау мәселесінде Өзбекстан алға түсіп барады. Олар бізден бидайды шикізат түрінде енгізіп, өздерінде ұн қылып, ар жағындағы Ауғанстан, Тәжікстан сияқты елдерге сатады. Мұның экономикалық тиімділігін айтпағанда, қаншама қосалқы жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Ал біз ұн күйінде енгізейік десек, баж салығын үлкейтіп қойған. Сондықтан бидай күйінде өткізуге мәжбүрміз. Осындай түйткілді мәселелерді оң шеше алсақ, ісіміз ілгерілеп жүре берер еді.
Жомарт ОМАРОВ,
«Токуши GRAIN» ЖШС директоры
Солтүстік Қазақстан облысы
Баланың үйірмеден үйренері көп
Жеке тұлғаны оқыту, тәрбиелеу және дамытуда үйлестіруші қосымша білім беру ұйымдарының алар орны ерекше. Бұл орайда облыстық жас туристер стансасының атқарып отырған еңбегі ауқымды. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуді қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме 8 мыңнан аса баланы үйірме жұмыстарымен қамтиды.
Биыл «Түркістан облыстық жас туристер стансасы» КММ өзінің 65 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Мекеме 1953 жылы Шымкент қаласындағы облыстық «Оқушылар үйінде» туристік бөлім ретінде ашылып, 1957 жылы балалар туристік-экскурсиялық базасы ретінде дербес бөлініп шыққаннан кейін атауын «Жас туристер стансасы» деп өзгертті. Бүгінде бұл мекеме қызметін Түркістан қаласында жалғастырып, облыстағы балалар мен жасөспірімдер туризмінің орталығына айналып үлгерді.
Аталған станса мен оған қарасты қала, аудандық мекемелердің қызметі – балалар мен жасөспірімдердің демалысын, оларды сауықтыру мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, сондай-ақ шығармашылық дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының, қылмыс жасауларының алдын алу, қараусыз және қадағалаусыз қалуларын болдырмау. Қазіргі кезде стансада туристік-спорттық, туристік-экскурсиялық, туристік-экологиялық, туристік-өлкетану, туристік-археологиялық және ұлттық туризм бағыттарында жұмыстар атқарылып келеді.
Менің авторлық жобам негізінде ерекше пішімдегі «Өркениетті өмір» интеллектуалды ток-шоуы, «Жасыл сақшы» балалар мен жасөспірімдер ұйымының слеті, «Тұран скауттар әскери-патриоттық қозғалысы» жиыны, «Ұлы Тұран ұрпақтары» тақырыбында өлкетанушылар фестивалі, «Біз – туристік отбасымыз!» отбасылық туристік фестивалі, «Қоғам және отбасы» ата-аналар форумы мен ұлттық туризм – ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ұлттық ат спортын үйірмеге қатысушылар арасында насихаттау» көшпелі семинары елімізде алғаш рет өткізілді.
Сонымен бірге Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Жаз қызығы – көңілді демалыс» жоспарына сәйкес 1 маусым – 20 тамыз аралығында 1500-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, оларда 12 мыңға жуық оқушы қамтылды.
Сәуле ӨМІРБАЕВА,
«Облыстық жас туристер стансасы» КММ директоры
Түркістан облысы
Ниетіміз мүмкіндікпен үйлеспей тұр
Биыл Еурокубок ойындарына әу баста төрт команда қатысқаны белгілі. Ел чемпионы ретінде дүбірге қосылған «Астана» екінші турда-ақ Загребтің «Динамосынан оңбай «таяқ жеп», Еуропа лигасына сырғыды. Онда да тұрақтай алмай, әупірімдеп жүріп Конференция лигасының топтық кезеңіне өтті. Оған да шүкір демеске лажымыз жоқ. Әрине, кезінде Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде ойнаған командадан басқа нәтиже күткеніміз анық.
Қалған үш командамыз ойындарын Конференция лигасында бастады. Еуропада рейтингіміз төмен болғандықтан, Еуропа лигасына команда қатыстыра алмадық. Ал аталған лигада өнер көрсеткен Қостанайдың «Тобылы» екінші турда былтырғы жартылай финалға шыққан Швейцарияның «Базелін» қапы қалдырып, келесі кезеңде де жеңісті жолын жалғастырғанымен, плей-оффта ұтылып, топтық кезеңнен шет қалды.
«Ордабасы» алғашқы екі ойынның қорытындысы бойынша Еуропаға «жорығын» аяқтады. Шымкенттіктер тәп-тәуір ойнады, бірақ төрешілердің дөрекі қателіктері команданың жолына тосқауыл қойды. Сондықтан олардың әрі қарайғы тағдырлары біз үшін жұмбақ күйінде қалды. Ал «Ақтөбенің» қарсыластары анау айтқандай мықты емес еді, соған қарамастан сүреңсіз ойнаған ақтөбеліктер өз жанкүйерлерін жерге қаратты.
Не нәрсенің де деңгейге барып тірелетіні белгілі жайт қой. Мәселен, командаларымызды күшейтеді деп сырттан жалдайтын легионерлеріміздің деңгейі жоғары деп айта алмаймыз. Өйткені деңгейі жоғары футболшы Қазақстан сияқты рейтингі төмен елде доп теппейді. Әрине, біздің өлшеммен алып қарағанда, олардың алатын жалақылары жоғары-ақ.
Жергілікті аяқдопшыларды да алақан жаятындардың санатына қоса алмайсыз. Бірақ әлемдік деңгейдегі демей-ақ қояйық, Еуропадағы ортан қол командаларда ойнайтын футболшылардың жалақылары біздегімен мүлдем салыстыруға келмейді. Міне, легионерлеріміздің біз күткендей ойнай алмайтындарының сыры осында екенін көзіқарақты жанкүйерлер біз айтпай-ақ бес саусақтай біледі. Осы себепті командаларымыздан аса жақсы нәтиже күту күпірлік дер едік.
Темірбек АРЫСТАНОВ
Қостанай облысы