Білім • 08 Қыркүйек, 2023

Кәсіптік білімнің мүмкіндігі

199 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде 190 мың студент колледжде білім алады. Олардың 133 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысымен оқиды. Сондай-ақ осы оқу жылында мемлекеттік білім беру көлемі 50 мың орынға артып, негізгі басымдық геология, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, металлургия және машина жасау, көлік, IT, құрылыс және ком­мунал­дық шаруашылық сияқты техникалық бағыттарға берілді.

Кәсіптік білімнің мүмкіндігі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында шәкіртақы 50 пайызға көбейді. Келер жылы 100 пайызға жеткізу көзделген.

Биыл 2,5 мың орынға ар­нал­ған 13 жаңа жатақхана ашы­лады деп күтіліп отыр. Ал ин­­женерлік-педагогикалық қыз­мет­­­керлерді ынталандыру мақ­сатында басшылар мен олардың орынбасарларына біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақысы­на 30 пайыздан 100 пайызға де­й­ін материалдық қосымша ақы төленеді.

Сонымен қатар биылдан бас­тап еңбек өтілі 5 жылдан кем емес әрі өндірістен тартылған педагогтерге аттестаттаудан өтпей-ақ «педагог-модератор» біліктілік санаты беріліп, еңбекақысына қосымша 30 пайыз қосылады. Ал 10 жыл өндірістік еңбек өтілі бар педагогтердің еңбекақысына 35 пайыз үстеме қосылып, «сарапшы» біліктілігі беріледі. Дуальды оқытуға 8 мың кәсіп­орын, 72 мың білім алушы, 558 ұйым тартылған. Колледж­дерге кәсіпорындардың қамқорлығы аясында 498 кә­сіпорын 410 колледж­бен ке­лісімге қол жеткізіп отыр. Оқу-ағарту министрлігі алда­ғы уа­қытта колледждердің ма­те­риал­­дық-техникалық базасын жаңар­туды жалғастырып, сту­­денттердің кәсіпкерлік дағ­ды­ла­­рын дамытуда бизнес өкіл­дерінің қатысуымен техни­ка­лық және кәсіптік білім беру ұйымдары жанынан жүздеген бизнес-инкубатор ашуды ұсы­нып отыр.

сч

Десек те, елімізде жұмысшы мамандарын даярлау, олардың беделін арттыру маңызды болып тұр. Сарапшылардың пікі­ріне сүйенсек, таяу жылдарда елімізде жұмысшы мамандар жетіспейтін болады. Алдағы он жылда 200-ден аса жаңа кәсіп пайда болып, қазіргі кәсіптердің 95 пайызы өзгеріске ұшырауы ықтимал. Осыған байланысты әрбір екінші маман жұмыс орнында тұрақтап қалуы үшін қайта біліктіліктен өтуге тиіс. Еңбек нарығындағы ахуалды ескере отырып, тиісті министрлік кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты түрде даярлауды енгізді. Бұл ретте жұмыс беруші практиканы ұйымдастыру және колледж түлектерін одан әрі жұмысқа орналастыру міндеттемесін өзіне алады. Былтырдан бері кә­сіпорындардың өтінімдері бо­йынша қосымша 10 мың студент қабылданып келеді. Ал 2025 жылға дейін талапкерлердің барлығы колледждерде тегін білім алады деп көзделіп отыр. Бүгінде колледждерде білім беру бағдарламаларының маз­мұны мен оқыту мерзімін дербес анықтау жолға қойылып, студенттер үшін үш біліктілікке дейін алу қарастырылған.

Колледжге түсетіндердің 80 пайызын 9-сынып түлектері құрайды. Осы орайда мамандық таңдауға байланысты екіұшты пікірлердің де орын алып келгені белгілі. Көп жағдайда колледж­ге түскен түлектердің басым көпшілігі қандай мамандықты таңдайтынын білмейді деген пікір бар. Салдарынан диплом алып шыққаннан кейін басқа салаларға кетуге мәжбүр болады. Алматы теміржол көлігі колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғалима Мусинаның айтуынша, қазіргі кезде түлектер оқуға қабылданған бірінші жылы болашақ мамандығын анықтай алады. Мұнымен қоса колледж­дерге берілген академиялық еркіндік түлектердің сапалы білім алуына, өндіріспен тығыз жұмыс істеуіне толыққанды жағдай қарастырып отыр.

– Қазіргі кезде мемлекеттік жал­­пыға ортақ стандарт бойын­­­ша кәсіпорын мамандары­мен тығыз жұмыс істеу жүйе­лі жолға қойылып отыр. Яғ­ни өндірістегі мамандар кол­ледждегі оқу үрді­сіне оқы­ту­шы ретінде қатыса алады әрі оқу бағдарламасын бірлесе әзір­леуге де атсалысады. Биыл колледжде дуальды жүйе бойынша 70 баланы оқыту көзделіп отыр. Алдағы уақытта мұнда білім алып жатқан түлектер еліміздің теміржол саласындағы кәсіби мамандардың қатарын толықтырады деген сенім мол, – дейді Ғ.Мусина.

Білім бағдарламасы сарап­шы­лары­ның зерттеулеріне сүйенсек, отандық колледж­дер озық мамандар даярлау қа­ғи­датын заман талабына сай икемдеп отыруға тиіс. Оқу орындарының халықаралық стандарттар бойынша маман даярлауы көптеген саланың дамуын жеделдетеді. Алматы құрылыс және халық­тық кәсіп­шілік колледжі директоры­ның өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары Талғат Айтжанов жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін басым­дық­тарды заңнама тұрғы­сы­­нан бе­кіту керегін айтты. Осы ретте Германия, Финлян­дия елдерінде­гі дуальды оқы­ту­дың озық үлгі­ле­рін, кәсіп­орын­дардың страте­гиялық даму келе­шегін айқындап, болашақ­тың мамандықтарын болжап отыратын тәжірибесін негізге алған тиімді.

– Заманауи трендтерге бай­ланысты түлектер автомобиль­дер­дің электр құрылғысын жасайтын электриктен гөрі аспаз немесе тасымалдаушы бо­лып істегенді жөн көреді. Мұ­ны­мен қоса жаңа технология кезеңінде IT мамандықтарға сұраныс артып келеді. Алайда он жылдан кейін дәнекерлеушілерге сұраныс артып, құрылыс саласы, жиһаз өндірісі жұмысшы мамандықтар тапшылығын сезіне бастайды. Сондықтан колледждер өз имиджі үшін жұмыс істеп, автоматтандыру, цифрлық бағдарламаларды пайдалануы қажет. Бүгінде дәнекерлеу аппараттары, құрылыс саласындағы жұмыстардың көбі цифрлық жүйемен басқарылады. Алпыс жылдан аса тарихы бар кол­ледж кезінде мыңдаған жұмыс­шы мамандарын даярлағаны мәлім. Олардың 20 пайызы – дә­некерлеуші, 20 пайы­зы – элек­трик, 20 пайызы кран жүр­гізушісі болса, дер кезінде жұ­мыспен де, баспанамен де қам­тамасыз етіліп келген. Ал қазіргі кезде еңбек нарығына енді шыққан жас кадрлар бір­ден қиын­дыққа тап болады. Өндіріс орын­дарының көбіне дипломды кадр­лардың орнына шетел­ден жұ­мысшы ша­қырған әлдеқайда тиімді. Сондықтан жас мамандарды жұмыспен қамтып, әлеу­меттік жағдайына қарайласу, бас­пана бағдарламаларының шарт­тарын жеңілдетуді қа­растырған жөн, – дейді Талғат Айтжанов.

Бүгінде колледжге түсу тү­лек­­терге қиын емес. Онлайн тес­­ті­­леу бағдарламасы арқылы өз қа­білеттерін анықтап, қандай ма­мандыққа икемді екенін тек­серіп, дұрыс таңдау жасай алады. Өткен оқу жылында аталған колледж түлектерінің 88 пайызы жұмысқа орналасса, оның ішінде 65 пайызы өз мамандығына сай жұмыс тапқан. Тек көптеген тү­лектің жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтағаннан кейін жалақысы тәуір салаларға ауы­сып кететіні қынжылтады. Сөй­тіп, алған дипломы керексіз бо­лып қалады. Бұл мемлекет ақша­сы­ның желге ұшқанымен бірдей.

Т.Айтжанов жұмысшы ма­ман­дығының беделі оларды оқы­та­тын ұстаздарға да тікелей бай­ланысты екенін алға тарта оты­рып, бүгінде магистратура­дан кейін колледждерде сабақ беріп жүрген мамандарға қосымша ақы төленбей келгенін еске салды. Оның үстіне өндірістік тәжірибеден сабақ беретін ше­бер­лердің жалақысы төмен бол­­ғандықтан, көпшілігінің кәсіп­орын­дарға кетіп қалуы жиі кез­деседі. Бұл мәселе Парламентте де көтеріліп, депутаттар кол­ледж­дер­дегі мұғалімдер мен шебер­лердің жалақысы орта мек­теп мұғалімдеріне қарағанда әлде­қайда төмен екенін, бұл фактор ма­мандардың жұмыстан кетуіне, кә­сіптік білім сапасының төмендеуіне әкелетінін айтқан-ды. Ал колледж студенттері үшін жан басына шаққандағы қар­жыландыру орта мектептегі тө­лем­дерден екі есе төмен. Осы орайда депутаттардың айтуынша, колледждерде сапалы білім беруді ұйымдастыру мен білікті орта буын мамандарын даярлау үшін жан басына қаржыландыруды тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет.

Осы орайда Алматы әкімдігі­нің де бұл бағыттағы қадамдары қуантарлық. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін биыл мемлекет­тік тапсырысты 16 500 орын­ға арт­тырып, жергілікті бюд­жет­тен 7,8 млрд теңге қарас­ты­­рыл­ған. Тәлімгерлік бағ­дар­­ла­ма­сын енгізу арқылы дуаль­ды білім беру тетігі де қай­та қарастырылып отыр. Сту­дент­тер жақсы тәжіри­бе жи­нақ­тауы үшін әкімдік тарапы­нан өндірістік тәжірибелі шеберлер еңбегін қаржыландыру жағына да көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ биыл ондаған маман Германия, Финляндия, Түркия, Швеция, Швейцарияның озық білім орталықтарына барады.

Оқу-ағарту министрлігі ака­демиялық дербестік алған кол­ледждерде оқу мерзімі 3 жыл 10 айдан 2 жылға дейін қыс­қарып, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары жергілікті кәсіпорындармен келісім жа­сауының нәтижесінде түлек­тер 100 пайыз жұмысқа орнала­суға кепілдік алады, деп мәлім­дегені белгілі. «Алайда акаде­мия­лық дербестік бойынша оқу мерзімін қысқарту мәселесі ма­мандықтардың барлығына қол­данылмауы керек», дейді Т.Айтжанов. Оның айтуынша, оқу мерзімін белгілі уақытпен ғана шектеуге болмайтын маман­дықтар бар. «Бүгінде маман­дыққа лицензия беру нормативі де қарастырылып жатыр. Бір мамандықта 3-8 біліктілік болуы мүмкін. Ал тексеріс барысында оқу орны сол талаптарға сәй­кес келуі керек. Яғни оқу әдістемесі, шеберханасы, оқыту­шы­сы да заманға сай болуға тиіс. Сондықтан біліктілік бойынша лицензияны барлық мамандыққа пайдаланған дұ­рыс емес. Мы­салы, аспаз-кон­дитердің оқу мерзімін қыс­қартқанмен, оны құрылыс ма­мандықтарына қол­дануға кел­мейді. Сондықтан кей­­бір ма­мандықтарға сараптама керек», дейді ол.

Мемлекет қаржысын білікті мамандар даярлауда тиімді жұм­сау үшін іске асыратын қадамдар жеткілікті. Мамандар дуальды оқыту жүйесін дамыта отырып, кәсіптік техникалық оқытудың стандарттарына өзгеріс керек деген пікірде. Ал жұмысшы ма­мандықтарының беделін көтеріп, сұранысын арттыру үшін ковор­кинг орталықтар, мектептер, колледждер жанынан өндірістік хабтар ашу тәжірибесіне де көңіл бөлген абзал. Мектеп бағдарламасында еңбек, технология пәні бағдар­ламасын күшейту – уа­қыт талабы. Ал колледждер тү­лектер таңдаған мамандықты кә­сіби тұрғыдан шыңдаудың ба­за­лық орталығына айналуға тиіс.

 

АЛМАТЫ