Үкімет • 08 Қыркүйек, 2023

Қашағанның өндірістік әлеуеті

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов республиканың мұнай-газ саласы ардагерлерінің қатысуымен Каспий теңізінің елімізге тиесілі бөлігін игерудің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі.

Қашағанның өндірістік әлеуеті

Үкімет басшысы атап өткендей, 1993 жылдан бері Солтүстік Каспий­де ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, ондаған келе­шегі бар құрылымды анықтау­ға мүмкіндік берді.

«Барлау жұмыстарының басты нәтижесі Қашаған кен орнының коммерциялық ашылуы туралы бүкіл әлемге жариялау болды. Бұл кен орнының ерекшелігі – мұнда орасан зор мұнай мен газ қоры болғанымен, оны игеру жұмыстарының күрде­лілігі»,  деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, сол кезеңде жас тәуелсіз Қазақстанның теңіз­дегі мұнай өнеркәсібі енді ғана пайда болған еді, ал шетелдік инвестор­лар Солтүстік Каспийдің ерекше­ліктерімен – экологиялық жағ­дайы­мен, қыс мезгілінің қатал­дығымен, таяз су және басқа да қиын­дықтармен енді таныса бас­таған болатын.

«Қашаған жобасының талап­тарына сәйкес келетін арнайы жаб­дықтарды жасау үшін инновациялық технологияларға бірталай күш пен қаражат жұмсалды»,  деп атап өтті Премьер-министр.

Әлихан Смайылов бүгінгі таңда осы қажырлы еңбектің нәтижелері көрініп отырғанын атап өтті. Бүгінде шамамен 90 млн тонна мұнай, 55 млрд текше метр газ өндірілді, 60 млрд доллардан аса инвестиция тар­тылды, жергілікті қамтуды дамы­т­уға 17 млрд доллардан аса инвес­тиция салынды, 10 мыңға жуық адам, ал құрылыс кезеңінде 40 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар Солтүстік Каспий жобасының операторы – «North Caspian Operating Company» консорциумы алдында өндірісті одан әрі ұлғайту бойынша маңыз­ды міндеттер тұрғаны атап өтілді. Сарапшылардың бағалауын­ша, Қашағанның өндірістік әлеуеті тәулігіне 1,6 млн баррель мұнайға жетуі мүмкін. Бұл – жылына 75 млн тоннаға жуық мұнай.

«Кен орнында газ өңдеу қуатын дамыту да өте маңызды мәселе. Осы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті тапсырма бергені белгілі. Біз оны белгіленген мерзімде әрі толық көлемде орындауымыз керек. NCOC ұжымының алға қойған мақсаттарына жетуі үшін зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі бірлескен жоспарларды іске асыруда әрқашан сындарлы диалогке ашық.

«Біз Консорциумның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жо­ғары бағалаймыз және ұзақ­мер­зімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», деп түйін­деді ол сөзін.

Іс-шарада NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар да сөз сөйледі.

«Мен қазіргі жетістіктерімізді мақтан тұтамын және ҚР Үкіметімен бірге бұдан да үлкен жетістіктерге жетеміз деп үміттенемін. Оператор ретін­де NCOC компаниясы Қазақстан эко­­номикасына барынша пайда әке­луге және елдің қарқынды дамуына ла­йықты үлес қосуға ұмтылады», деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Премьер-министр Солтүстік Каспий жобасының ардагерлерін еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на қосқан үлесі үшін мемле­кеттік наградалармен марапаттады.

NCOC басшылары мен жауапты қызметкерлері, жоба ардагер­лері «Парасат», «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.