Фото: www.gov.kz
Солтүстік өңірлерінің арасындағы күзгі-дала жұмыстарының ең төмен қарқыны осы облыста. Ауа райының қолайсыздығына байланысты барлығы 834,3 мың га астық немесе жалпы алаңның 17% - ы жиналды.
Ауыл шаруашылығы министрі облыстың үш ауданын аралап, агроқұрылымдардың басшыларымен өзекті мәселелер талқылады. Биылғы күздегі екі аптадан аса тоқтаусыз жауған жаңбырдың салдарынан диқандар бидайды жинай алмай отыр. Диқандар астықтың сапасыз болып, келесі жылы тұқымсыз қалу қаупі де жоқ емес дейді. Оларды астықты кептіру үшін әлдеқайда көп отын қажет ететін элеваторлардың рентабельділігі де алаңдатады. Несиелік міндеттемелер мен субсидиялар да шаруалар үшін маңызды мәселенің бірі. Айдарбек Сапаров диқандардың барлық мәселелері жедел шешілетінін айтты.
«Мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі. Барлық қаржы институттары несиелік міндеттемелерді ұзарту мүмкіндігін жеке қарастырады. Астықты кептіруге арналған дизель отынының бағасы мен қосымша көлеміне келетін болсақ, басқа мемлекеттік органдармен келісу процесі аяқталып жатыр. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары мен кептіргіштері бар фермерлер үшін міндетті түрде арзандатылған отын беріледі», деді министр.
Шаруалармен кездесуде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов барлық шаралар қабылданатынын, өңірде егін жинау науқанын өткізу мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасары бастаған комиссия құрылғанын мәлімдеді.
«Ақмола облысына сапары қарсаңында ауыл шаруашылығы министрі жедел штаб отырысын өткізіп, бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарының қызметтері бағасының өсуінсіз тәулік бойы жұмыс істеуін, астықтың сандық-сапалық сипаттамаларын есепке алу үшін аумақтық инспекциялар мен карантиндік қызметтердің тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету бар. «Қазагроэкс» АҚ Азық-түлік корпорациясындағы қолда бар астық қорын зерттеп, оның тұқым материалы ретінде пайдалануға жарамдылығын тексереді. 2024 жылы себілетін тұқымдар бөлек сақталады. Облыс әкімдіктері субсидия алуға келіп түскен өтініштерді қарау үшін қосымша мамандарды тартады. Шаруалар арасында туындайтын сұрақтар мен мәселелерді жедел шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, Қостанай облысына барды. Кейін уәкілетті органдардың өкілдері Солтүстік Қазақстан мен Ақмола өңіріне баруға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап жатқан шаралар қолайсыз ауа райының салдарын барынша азайтуға және Қазақстан шаруаларын қолдауға мүмкіндік береді. 9 қыркүйектегі жедел мәліметтерге сәйкес, республика бойынша барлығы 5 млн гектар астық жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 29,2%-ын құрайды. Орташа өнімділігі 9,9 ц/га болған кезде 5 млн тонна астық бастырылды», делінген хабарламада.