ФОТО: prosports.kz
Кештің басты бәсекесі жартылай жеңіл салмақтағы Қаршыға Дәуітбек пен Диего Брандао арасында өтті. 29 жастағы отандасымыз 14 рет октагонға шығып, 11 рет жеңіске жеткен. 10 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Диегоның жасы 36-да. Бразилияның Форталеза қаласының тумасы 46 жекпе-жек өткізіп, 26-сында басымдық танытыпты. 21 қарсыласын есінен тандырған. 2012 мен 2016 жылдар аралығында ол UFC-де өнер көрсетті. Әлемнің ең белді промоушені ұйымдастырған турнирлерде Брандао атағы жер жарған Конор Макгрегор мен Дастин Порье сынды саңлақтармен жұдырықтасқан. Одан бөлек, түрлі жарыста Венер Галиев, Марат Балаев, Алексей Полпудников, Биберт Туменов және тағы басқа танымал файтерлермен күш сынасты.
Қарсыласының атақ-даңқынан еш қаймықпаған қазақтың қайсар ұлы Астанадағы турнирде бразилиялық спортшыны ұрып жығып, «Алаш Прайдтың» чемпиондық белбеуін иеленді.