Алдында ғана жерлестеріміз Новосібірге сапар шегіп, жергілікті «Сибирге» есе жіберген еді. Бір айта кетерлігі, үш кезең бойы қос команда бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Жеңімпаз тек қосымша уақытта анықталды. Одан кейін Омбыға аттанды. «Авангардқа» қарсы матчта «Барыс» жарты сағаттан аса уақыт бойы айдын иелерінің екпінді шабуылына төтеп берді. Сол аралықта өздері есеп ашып та үлгерді. 22 минутта Нельсон Ножье нысананы дәл көздеді. Үзілістен соң омбылықтар таразы басын теңестірді. Үшінші кезеңде «Барыстың» «бензині» бітті. Соңғы 10 минутта «Авангардтың» хоккейшілері қатарынан үш мәрте мергендік танытты. Бұл голдардың авторлары – Либор Шулак, Владимир Ткачев және Райан Спунер. Ал қонақтардың ең болмағанда бір шайбамен жауап қайыруға қауқары жетпеді – 4:1.
Сөйтіп, елордалық клуб қатарынан төртінші ойында ұтылды.