Ұлттық спорт • 11 Қыркүйек, 2023

Хиуадағы саммит: Ұлттық спортты қолдау мүмкіндіктері

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Өзбекстанның Хиуа қаласында Халықаралық этноспорт саммиті өтті.

Хиуадағы саммит: Ұлттық спортты қолдау мүмкіндіктері

Бұл жиынға 60-тан астам мемлекеттің үкіметтік қызметкерлері, федерация өкіл­­дері мен ғалымдары, сондай-ақ қазір­гі уақытта Дүниежүзілік этноспорт кон­феде­ра­циясына кірген елдердегі арнайы ме­кемелерден 24 өкіл қатысты. Сон­дай-ақ, саммитке Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Наж­меддин Біләл Ердоған мен Өзбекстан Жастар саясаты және спорт министрі Адхам Икрамовтың арнайы ша­­қыртуымен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құ­ранбек пен Ұлт­тық спорт қауымдастығының прези­ден­ті Ис­ламбек Салжанов та барып қайтты.

Саммит аясында Жоғары деңгейдегі министрлер алқасы, этноспорт фестивалі және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы мүшелерінің VI кездесуі сияқты маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Талқылаулар өткен келелі жиындарда ұлттық спорт түрлерін дамыту және оның ауқымын кеңейту мәселелері қозғалып, нақты ұсыныстар айтылды.

Жиында арнайы сөз алған Ұлттық спорт қауым­дас­тығының президенті Исламбек Сал­жанов саммитке қатысушы­ларды келесі жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік Көшпелілер ойындарына шақырып, бірқатар мәселелені көтерді.

«Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, қандай да бір спорт түрін жоғары деңгейге көтеру үшін ең алдымен оны регламенттеп, ережесін жасап жетілдіру қажет. Он­сыз еш­қандай спорт тиісті деңгейде дамымайды.

Сол секілді түркітілдес елдер жиналып ұлт­тық спорт түрлеріне ортақ ереже бекітіп, нормативтік базасын қалып­тас­тыру ар­қылы болашақта ұлт­тық спорттың бір түрін Олимпиада ойын­дарының бағдар­ламасына кіргізсек баршамыздың ортақ жеңісіміз болар еді.

Сондықтан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына мүше барлық мемлекеттер жұдырықтай жұмыла алға қойған ортақ мақсаттарымызға жетеміз деген үміт­­темін», дейді. Ұлттық спорт қа­­уым­­­дас­тығының президенті Исламбек Сал­жанов.

Айта кетейік, бүгінде Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясына 16 мемлекет мүше. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Түр­кия, Әзербайжан, Моңғолия, Мажарстан, Гру­зия, Ресей, Аргентина, Жапония, Мек­сика, Польша, Қатар, Румыния, Тунис, Литва.