Кешегі ойында ұлттық құрама футболшыларын қолдауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып, жігіттердің жеңісіне елмен бірге куә болды. Сонымен қатар кәсіпқой бокс әлемінде елеулі табысқа қол жеткізіп, үш түрлі нұсқа бойынша әлем чемпионы атанып, қазақ елін әлемге танытып жүрген мақтанышымыз Геннадий Головкин мен оның сыңары Максим Головкин АҚШ-тан арнайы келді. Олар ұлттық құрамамызды қолдауға келетінін әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген еді. Осы орайда «Астана Аренаны» басына көтеріп, айқай мен қиқуға басқан жанкүйерлер футболшыларымызға зор қолдау білдіргенін де ерекше атап өткен жөн. Еліміздегі Отбасы күніне тұспа-тұс келген ойында жанкүйерлер мен футболшылар бір отбасы болып, Тұманды Альбионнан келген футболшылардың екпінін басты.
Матчтан бір күн бұрынғы баспасөз мәслихатында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Солтүстік Ирландиямен өтетін ойында негізгі құрамда өзгерістер мен тактикалық түзетулер болатынын мәлімдеген еді. Айтқанындай, Финляндиямен болған бірінші ойында өнер көрсеткен қорғаушы Лев Скворцовтың орнына Еркін Тапаловты шығарса, ортадағы Исламбек Қуат пен Аслан Дарабаевты Абзал Бейсебеков пен Рамазан Оразовқа алмастырды. Ал шабуылдағы Абат Айымбетовтің орнын Максим Самородов басты.
Төрешінің ысқырығы естіле салысымен «Астана Арена» стадионы екі иінімен дем алды. Апыр-ай, жанкүйерлердің мұндай қолдауы кейінгі 30 жылда алғаш рет болып жатса керек. Аренадағы атмосфераны сөзбен жеткізу мүмкін емес, тек оны стадионда сезініп көру керек. Футболшыларымыз бірінші таймды ерекше қарқынмен бастады. Алғашқы 20 минуттың ішінде Ян Вороговский мен Бақтиер Зайнутдинов қауіпті соққы жасап, Солтүстік Ирландия қақпашысының қырағылығын бір тексеріп көрді. Ал арада сегіз минут өткен Максим Самородов айып алаңынан тамаша соққы жасап, ойынның есебін ашты – 1:0. Бірінші таймның соңына дейін біздің жігіттерде есепті еселейтін, ал қарсыластарымыздың таразы басын теңестіретін бірнеше мүмкіндік болғанымен, екі құраманың шабуылшылары да өз жанкүйерлерін қуанта алмады.
Екінші таймды қонақтар өте белсенді бастады. Үзіліс кезінде Солтүстік Ирландия құрамасының бас бапкері жартылай қорғаныс пен шабуылға тың футболшыларын шығарып, алаңның орталығы мен шабуылда билік жүргізуге тырысты. Және бұл тактикалық өзгеріс қарсыластардың ойынына өзгеріс әкелді. Алғашқы бес минутта ирландиялық футболшылар біздің қақпамыздың маңайын торуылдады. Шацкийдің шеберлігі болмағанда, қарсыластар таразы басын жылдам теңестіріп кетуі мүмкін еді. Абырой болғанда, Игорь тамаша сейв жасап, қақпамызды голдан сақтап қалды. Орайы келгенде жерлестеріміз де қарап қалмай, қарсы шабуылға иек артып отырды. Ойынның соңына таман Асхат Тағыберген Дания құрамасына гол соққандай допты алыстан тағы бір мәрте қақпаға бағыттап көрген еді. Өкінішке қарай, бұл жолғы соққысы әлсіздеу болса да, қақпашыға әжептәуір қиындық тудырды. Бірақ екінші таймда есеп өзгеріссіз қалды.
Осылайша, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде төртінші жеңісіне қол жеткізген жерлестеріміз Н тобының турнир кестесінде 12 ұпаймен уақытша екінші орынға көтерілді. Магомед Адиев шәкірттері келесі тур ойындарын қазан айында сырт алаңда топтың үздіктері Дания (15 қазан) және Финляндия (17 қазан) футболшыларымен өткізеді.