ФОТО: kapital.kz
Бұл Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық бағыты барынша қамтылған, халқымыз үшін өте маңызды және әр азаматтың көкейінде жүрген мәселелерді нақты шешуге арналған құжат болды. Басты мақсаты – отандастарымыздың әл-ауқатын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру және бәсекеге төтеп бере алатын ел болу.
Жолдауда экономика мен өндірістің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ауыл шаруашылығына аса мән берілген. Еліміздің аграрлы мемлекет ретінде әлеуеті зор екені үнемі айтылып келеді. Бұл саланың проблемалары мен оны шешудің түрлі тетіктері түзілген мемлекеттік бағдарламалар да жетіп артылады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобаларын жедел қолға алып, осы саладағы шағын және орта бизнес нысандарын қолдау шараларын арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын біздер, осы саламен тұрақты шұғылданып келе жатқан кәсіп иелері аса ықыласпен қабыл алдық.
Кейінгі жылдары Алматы облысының Балқаш ауданында Мемлекет басшысының алдағы жылдардағы Жолдауларында айшықталған бағыт-бағдарлар үдесінен шыға отырып, берілген тапсырмаларды орындау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша жоспарланған бес жобаның екеуі жүзеге асырылды.
Алыс ауылдарға қатынайтын жолдардың сапасы сын көтере бермейді. Осы жылы жолдарды орташа жөндеуге: Береке ауылына – 33,5 млн теңге, Желтораңғы ауылына – 27,8 млн теңге, Құйған ауылына 67,8 млн теңге қаржы қарастырылған еді, жұмыстары тамыз айында аяқталды. Енді Көктал ауылына 49,6 млн теңге бөлініп отыр.
Бақанас ауылындағы 5 қабатты, 20 пәтерлі, жалпы ауданы 4,7 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Қарой ауылындағы Үлгілі орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге 489 753 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыстар өткен жылдың желтоқсан айында тиянақталды.
Міне, осы және басқа, тұрғындардың қалыпты, жайлы өмір сүруіне бағытталған жұмыстардың барлығы – Мемлекет басшысының бұрнағы Жолдауларында, сондай-ақ «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында айшықталған мақсат-міндеттер. Алда атқарылатын жұмыстар тізбесі де аса қомақты. Атап айтқанда, күріш қауызын кешенді кәдеге жарату зауытын салып, пайдалануға беру, қамысты терең өңдеу зауытын ашу, тауарлы-сүт фермасы, жылыжай құрылыстарын жоспарлау, елді мекендердің ішкі көше жолдарын орташа жөндеуден өткізу, су құбыры желілерін, магистралдық газ құбырын салу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына: медициналық мекемелер, балабақша, мектептерге, спорт алаңдарына жөндеу жүргізу, демалыс орындарын, сауда нүктелерін, қоғамдық тамақтандыру нысандарын, қызмет көрсету кәсіпорындарын заманауи талаптарға сай жаңғырту, жабдықтау, тағысын тағылар.
Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері үшін өндіріске қажетті техникалардың, құрал-жабдықтардың мән-маңызы ерекше. Қазір көпшілік қызметкерлер, шаруалар қол күші емес, озық технология жетістіктеріне жиі жүгінеді. Осы тұрғыда қолда бар техниканың азып-тозғанын Президент ерекше атап өтті.
Бұл да біздің ауданда өткір мәселе болып қалып отыр. Дегенмен іске асып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Айталық, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жыл сайын кемінде 10 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Өткен жылы 153 млн 494 мың 176 теңгеге 10 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл жоспар биыл да орындалуға тиіс.
Жолдауда еңбек адамын лайықты бағалау, мәртебесін арттыру жайында да жақсы айтылды. Осы тұрғыда жер-жерлерде кәсіби мамандардың тапшылығын алға тарта келіп, агроғылымды дамыту мәселесін күн тәртібіне қойды. Аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығы өндірісінің тоқырауына, әлемдік озық үлгілерден кейіндеп қалуына себеп болады.
Қанша дегенмен ауыл шаруашылығы саласы мемлекет тарапынан қолдау көрмей отыр деп айта алмаймыз. Жоғарыда айтқанымыздай, көптеген бағдарлама, жоба бар. Шаруашылық желілерін, науқандық жұмыстарды субсидиялау да барынша жолға қойылған. Үкімет субсидия бөлу шарасы мемлекет тарапынан жалғаса беретініне сендіріп отыр.
Агросекторды дамытуға қатысты атқарылуға тиіс міндеттерді Мемлекет басшысы тағы да айқындап берді. Үлкен әрі басты миссия – ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Еуразиядағы басты аграрлық орталыққа айналу, өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу. Ол үшін тауарды шикізат күйінде сата бермей, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу бағытын дамыту керек. Оны өткізетін нарық та үлкен. Алпауыт Қытай, Ресей елдерін айтпағанда, туыстас, бауырлас Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері де біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп алуға қызығушылық танытып отыр.
Жоғарыда аталған маңызды міндеттермен қоса Жолдауда еңбек нарығы, кәсіпкерлікті қолдау, су тапшылығы мәселесін шешу, салық саясатын жетілдіру сынды, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері үшін аса қажет мәселелер айшықталды. Жолдаудың өн бойынан еліміздің болашағына деген жаңа көзқарас, соны бағыт, мол мүмкіндіктер тізбегі айқын аңғарылады. Бір сөзбен, Президент Жолдауында әлемдегі түрлі шиеленістер, дағдарыстар жағдайындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты нақты көрініс тапқан. Еліміздің әрбір тұрғыны осындай сындарлы сәтте жасалған Жолдаудың мән-маңызын терең ұғынып, ондағы тапсырмалардың реттілікпен жүзеге асуына жұмыла үлес қосуға тиіс. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынғалы отырған әрбір жұмысқа белсене кірісіп, Әділетті Қазақстанды жаңғырта отырып, жаңарту жолында бірлігімізді көрсету, қажыр-қайратымызды таныту баршамызға ортақ борыш деп білемін.
Ерболат ҚҰСАЙЫНОВ,
Алматы облыстық мәслихатының депутаты,
«Amanat» партиясының мүшесі