Сұхбат • 11 Қыркүйек, 2023

«Дарынды жастар қатары көбейіп келеді» – дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова

229 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда Ақтауда шахматтан «World Schools Team Championship» деп аталатын мектеп командалары арасындағы әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Бұл тұңғыш рет ұйым­дастырылған жарыс па, әлде осындай бәсе­келер бұ­ған дейін де өткен бе? Дәл осы сауалды Қа­зақ­­стан шах­мат феде­ра­ция­сының атқа­рушы директоры Гүлмира Дәуле­товаға жолдаған едік.

«Дарынды жастар қатары көбейіп келеді» – дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова

– Мектеп оқушылары ара­сын­дағы әлемдік дода осындай деңгейде және осындай ауқымда тұңғыш рет ұйымдастырылды. Ақтаудағы жарысқа 53 мемлекеттен келген 70 команда қатысты. Жас жеткіншектер үшін бұл үлкен мерекеге айналды. Әр команда сапында 5 ойыншы және 1 капитан өнер көрсетті. Барлығы – 420 жеткіншек. Жарыстың басты командасы Түркия құра­масы еді. Мәселен, Анадолы елі­нің өкілі Джан Ишиктің xалық­аралық шебер деген атағы бар. Үндістаннан атағы алысқа жа­йылған бірнеше шахматшы келді. Басқа мемлекеттердің сапында да мықты ойыншылар болды. Ел құрамасы жайында айтсақ, бас­ты үмітіміз 14 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы Зарина Нұрғалиева еді. Ол жанкүйерлер сенімін ақтады. Сөз орайы келгенде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы жобаны барынша қолдап, үлкен жәрдем көрсеткенін айта кеткен жөн.

Бүгінде Қазақстан шахмат феде­рациясының президенті Тимур Турлов елімізде осы спорт түрінің дамуына орасан зор еңбек сіңі­ріп келеді. Алысқа бармай-ақ 2022 жыл­дың желтоқсан айын­да Алматыда рапид және блицтен әлем чемпионатының жалауы жел­бірегенін айтсақ та жеткілікті. Оған көптеген атағы алысқа жайылған шахмат­шылар қатысты. Сондай-ақ осы жылдың сәуір айында Ас­та­нада Дин Лижэнь мен Ян Не­помнящий арасындағы чем­пиондық матчтың өткізілуі де ел спорты тарихындағы елеулі оқиға екені даусыз. Ал келесі жылы 8-18 жас аралығындағы балалардың Азия чемпионатын өткіземіз.

– Каспий жағалауында жалауы желбіре­ген жарыстың нәтижесі қалай болды? Қай елдің өрендері жеңіс тұғырына көтерілді?

– 12 жасқа дейінгі балалардың бірінші­лігінде Үндістан құра­масы бас жүлдені жеңіп алды. Украинаның Львов академиялық лицейі екінші орын алса, Астана қаласының Респуб­ликалық физика-математика мектебінің өрендері үшінші сатыға табан тіреді. 18 жаста­ғылар сайысында Түркияның Istanbul ENKA High School түлектері топ жарды. Еліміздің респуб­ликалық физика-математика мектебінің шахматшылары күміс және Үнді елінен келген жеткіншектер қола медальды мойындарына ілді.

– Жерлестеріміздің көр­сеткіші көңілден шықты деп айтуға бола ма?

– Әрине, нәтижеге көңіліміз толды. Бұл жарыс біздің елде дарынды шахматшылардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын тағы бір мәрте аңғартты. Шы­ны керек, біріншіліктің соңы­на дейін кімнің озатыны бел­гісіз болды. Жергілікті жан­күйер­лер өз өрендері үшін қатты қобал­жыды. Десек те біздің ұл-қыздар өздерінің мықтылығын дәлел­деп, жүлделі орындар­ды олжалады. Жоғарыда атал­ған еліміздің командалары­мен қатар, Алматыдағы Ма­хатма Ганди атындағы №92 мек­тебі, Шымкенттегі Өмірбек Жол­дасбеков атындағы №9 мек­тебі, Павлодардың №8 мек­теп-лицейі және Нұрсұлтан Назарбаевтың Зияткерлік мектебі оқу­шыларының да шеберлігіне тәнті болдық.

– Еліміздің жекелеген жас шахматшылар арасынан қай спортшылардың шеберлігін жеке-дара атап өтер едіңіз?

– Дарынды шахматшылар өте көп. Дәп қазір ешкімді бөле-жара атағым келмейді. Десек те бұл жолы Зарина Нұрғалиева, Эдгар Мамедов, Иманғали Ақыл­бай және Иген Әмір сынды ой­ын­­шылардың асқан шеберлігі кө­ңілге қуаныш ұялатты.

– Мектеп командалары ара­сындағы әлем чемпионаты рес­публикамызда осы спорт тү­рінің дамуына тың серпін береді деп ойлайсыз ба?

– Оған еш күмәнім жоқ. Биылғы әлем біріншілігі елімізде өткізілгендіктен, жергілікті БАҚ өкілдері арқылы ол кеңінен насихатталды. Дүбірлі дода барысында ата-аналар өз ұл-қыздарын барынша қолдады. Шетелге де ақпараттар тарады. Соңғы жыл­дары елімізде ойлылар ойы­нына деген қызығушылық күрт артып, көптеген ата-ана­лар өз балаларын шахмат үйір­мелеріне беріп жатыр. Ал Ақ­таудағы әлем біріншілігінен кейін олардың қатары күрт артатыны сөзсіз. Оның үстіне 14 маусымда Үкіметтің қаулысына сәйкес Қазақстандағы шахмат ойынын дамыту бағдарламасы бекітілді. Қыркүйек айынан бас­тап, оны мектептерге де енгізу жұмыстары басталды.

– Байыптап қарсақ, қазіргі кезде елімізде әйелдер шахматы өте жақсы дамып келеді. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Ал ерлердің қарқыны баяу. Осы пікірмен келісесіз бе?

– Біздің қыздар дүбірлі додаларда өте жақсы нәтиже көрсетіп жүргеніне барша жұрт куә. Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева сынды шахматшылар биік белестің талайын бағындырды. Олардың ізін басқан ойыншылардың да қарқыны қуантарлық. Бір ғана мысал, осы жылдың өзінде біз­дің төрт қызымыз түр­лі жас ерекшелігі бойынша әлем чем­пионы атанды. Атап айт­сақ, Әмина Қайырбекова 17 жас­тағыларға дейінгілер арасында топ жарса, Алана Берікқызы 12 жастағылардың додасында дара шықты. Рапидтен Зарина Нұрғалиева мен Айару Алтынбек алтыннан алқа тақты. Осының өзін айтсақ та жеткілікті.

Соңғы кезде жігіттер де қыз­­дардан қалыспауға тырысып жүр. Мәселен, ел құрама ко­ман­дасының көшбасшысы Ри­нат Жұмабаевтың Азия чемпионы деген атағы бар. Кезінде ол ре­сейлік Сергей Карякин мен ұлы­британиялық Майкл Адамс сынды есімдері төрткүл дү­ниеге танымал саңлақтарға сан соқтырғаны жанкүйерлер жа­дында. Қазбек Нөгербектің 18 жасқа дейінгілер арасында ра­пид пен блицтен әлем чемпионы деген атағы бар. Аңсат Ал­диярға да айрықша сенім артып отыр­мыз. Жақында ол гроссмейс­тер атағын алды. Балғын ойын­шылар қатарынан Димаш Тілендиевтің табысы қуантады. Ол – оқушылар арасында әлем чемпионы. Сонымен қатар бү­кіләлемдік 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер олимпиадасында ел құрамасының төртінші орынға ие болуын да өте тамаша нәтиже деп бағалаған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»