Пікір • 11 Қыркүйек, 2023

Өзің өндірмесең, өзгеге тәуелдісің

3382 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының бас­ты ерекшелігі – экономикалық саясатқа негізделуінде. Осы тарихи құжат – жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп жатқан қазіргі кезеңдегі ел дамуының жаңа парадигмасы.

Өзің өндірмесең, өзгеге тәуелдісің

Бұл құжатта ел экономикасының не­гізгі салаларын қайта құрылымдау жол­дары көрсетіліп, 2029 жылға дейін орын­да­луға тиіс бірнеше бағыт қамтылды. Сон­дықтан да алдағы үшжылдықтың жоспары қағаздағы әдемі жоба күйінде қалып қоймай, оның орындалуын халқымыз күтіп отыр. Осы бағытта Су ресурстары және ирригация, Көлік, өнеркәсіп және құрылыс, Туризм және спорт министрліктерінің құрылуы экономикалық реформалардың орындалуына сұранысты күшейтіп, құзыретті органдардың жауапкершілігін арттырады. Меніңше, Президенттің өзі реформалардың сапалы жүргізілуіне басты жауапкершілікті алып отырған сияқты. Екінші жағынан, алдыңғы Жолдауларда көтерілген мәселелер биылғы Жолдауда да жалғасын тапты. Соның бір көрінісі – қаржы-банк саласына қатысты сын-пікірлер. Пре­зи­дент: «Былтыр негізгі капиталға са­лын­ған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банк­тер­дің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр», дей отырып, банктердің экономиканы қар­жы­ландыруға құлықсыздығы, былайша айтқанда олардың оңай пайда табу жолын іздеуі, әсіресе тұтыну несиесімен тым әуестеніп кеткендігін сынға алды. Банктер адамдарды шексіз қарызға батыруын доғарып, экономиканың нақты секторларын қаржыландыруға тиіс. Әйт­песе, мұндай біржақтылық еліміздің қаржы жүйесіне үлкен соққы әкеледі. Бір нәрсені түсініп алған жөн, Президент Ұлттық банк тарапынан ақша-несие сая­сатының дұрыс жүргізілуін сұрап отыр. Өйткені коммерциялық банктер не­ғұрлым экономиканың нақты сектор­ларына бетбұрыс жасаса, соғұрлым макро­эко­но­микалық жағдай жағымды жағына қарай өзгереді.

Алдағы күндері еліміздің салық саясатында да бірқатар өзгеріс болмақшы. Президент корпоративтік табыс салы­ғы­нан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге берудің оң нәтиже көрсеткенін айта келіп, аудан әкімдеріне жергілікті бюд­жетті басқару құқығын беруге ұсы­ныс етті. Жолдауда көрсетілген тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеу үлесін алдағы үш жылда 70 пайызға арттыру. Осы тұрғыдан алып қарағанда, кейбір салық түсімдерінің аудандық бюджетте қалуы ауылдағы шағын кәсіпкерліктің өркендеуіне жол ашары анық. Жолдауда жаңа өнер­кә­сіп саясатына көшу жолдары да нақ­ты айтылды. Ел экономикасының тірегі бірыңғай саудаға негізделмейді, шикізат ресурстарын сатумен шектел­мей­ді. Ел экономикасының негізгі қоз­ғау­шы күші өндіріс екені тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде дәлелденді. Өйткені экономиканың тірегі саудаға ғана негізделмейді, шикізат ресурстарын сатумен шектелмейді. Экономиканың тірегі – отандық өндіріс. Соның ішінде ақсап келе жатқан тұсымыз – терең өңдеу мәселесі. Алайда елде өндірілген өнім тұтас өңделмей жатыр деп те біржақты айтуға болмас. Өнеркәсіп өндірісі бар, азық-түлік өнімдерін өндіруде бұрын­ғыға қарағанда ілгерілеушілік болғанымен, бұл жеткіліксіз.

Елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі өте өзекті күйінде қалып отыр. Біз халық тұтынатын ең қажетті бұйымдармен және азық-түлікпен өз-өзімізді қамтамасыз етуге қол жеткізуіміз керек. Сол тұрғыдан алғанда отандық тауар өндірушілер алдынан шығатын кедергі көп. Шағын кәсіпкерліктің өнім өндіру және оны өңдеумен айналысуына кедергі келтіріп отырған негізгі фактор – салық түрлерінің көп­­тігі және салық мөлшерлемесінің тым жоғарылығы. Отандық тауар өн­ді­рушілердің алдындағы тағы бір қиын­дық – ғимаратты жалдау құны мен қуат көздерінің қымбаттығы, банктен алатын несие мөлшерлемесінің тым жоғарылығы. Кәсіпкерлердің алдынан үнемі тосатын осы кедергілерді реттеуге Үкімет араласпаса, өз күшімен шыға алмайды. Мұны шешудің бірнеше алғышарты бар. Бұл үшін сапалы жолдар салынып, логистика дұрыс жолға қойылуы керек. Сонда экономикаға тың серпіліс келеді. Жақсы жолдар, реттелген көлік қатынасы тауар қозғалысының жылдамдауына септігін тигізіп қана қой­май, отандық туризмді дамытуға жол ашады. Бұл өңірлерде жаңа жұмыс орын­да­рының көптеп ашылуына жол ашады және халықтың әл-ауқаты жақ­сара түседі. Тағы бір өзекті мәселе, бү­гінде қай салада болмасын делдалдық белең алып, ол ел экономикасының ілгерілеуіне үлкен кедергі келтіріп отыр. Басы ашық жайт, Үкімет делдалдықты жоймай, баға тұ­рақ­тылығы орын алмайды. Баға тұрақ­ты­лығы экономикаға оң серпіліс әкелетіні Жолдауда нақты айтылған.

Жолдауда көрсетілген бағыттарға сәйкес әр өңірдің өзіндік ерекшеліктеріне сай экономиканың нақты секторы дамуға тиіс. Президент қадап-қадап көрсеткен негізгі экономикалық сая­сат­тың бағыттарын орындауға ел болып жұмылғанымыз жөн. Бұл жерде жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдар басшыларынан бастап, өңірдегі жауапты органдар қызметкерлерінің өз ісіне деген адалдығы мен парасаттылығы үлкен рөл атқарады. Еліміздің дамуына ықпал ететін экономикалық парадигмалардың өміршең болуына әрбір азамат атсалысуы керек. Тұтастай алғанда, еліміздің өзге мемлекеттермен терезесі тең болуы үшін ұлттың ұйысуы осындай сәттерде қажет.

 

Ғалым МҮСІРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты