Оның айтуынша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы нығайып, адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалып, заң үстемдігі мен әділдікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
Жолдауда саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруға қатысты көптеген мәселе қамтылды. Осы орайда мазмұны ерекше келесі тармақтарды атап өткім келеді.
Ақорда мен Үкіметтің құзыреті. Президент Тоқаевтың пайымдауынша, Үкімет бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілін қолында ұстауға тиіс. Тоқаев Президент Әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдыратынын атап өтті.
Әкімдерді сайлау. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Жоспар бойынша олардың 45-і қанатқақты режімде таңдалады. Президент аудан әкімдеріне бюджетті дербес қалыптастыру құқығын беру туралы нұсқау береді.
Атом энергетикасының дамуы. Қазақстан Президенті елде атом электр стансасын салудың қажет екеніне күмән келтірген жоқ. «Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», деді Қ.Тоқаев.
Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. «Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет. Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс», деп тапсырма берді Қазақстан Президенті.
Жаңа министрліктер құру. Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды ұсынды. «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын», деді Қ.Тоқаев. Тағы бір жаңа ведомство ретінде Көлік министрлігі құрылмақ. Қазақстан Президентінің пайымдауынша, көлік-логистика саласы экономиканы алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. «Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр», дейді Мемлекет басшысы.
Президент Тоқаевтың Жолдауы Қазақстандағы атқарушы билік жүйесін қайта құруды көздейді. Өйткені реформалардың негізгі міндеті атқарушы билік жүйесіне жүктеледі. Үкіметтің кадрлық трансформациясы Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін бірден басталды. Ел үкіметінде де, Президент Әкімшілігінде де кадрлық өзгерістер болды.
Александр ЦИНКЕР,
Шығыс Еуропа және ТМД елдері институтының директоры