Қоғам • 12 Қыркүйек, 2023

Шаруалардың жанайқайы: Киік қаптап, егістікті таптап жатыр

401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шаруалар үшін жаздағы қуаңшылықтың зардабы аздай шегірткенің қаптауы, киіктердің егіс алқабын таптауы жығылған үстіне жұдырық болды. Даланың еркін жануары саналатын киіктердің шамадан тыс көбеюі жер емген диқандарды дігерлетіп отыр.

Шаруалардың жанайқайы: Киік қаптап, егістікті таптап жатыр

Фото: https://aviales.kz/

Ақтөбе облысында киіктер Бетпақдала мен Үстіртті мекен етеді. Байғанин, Шалқар аудандарының территориясында өрістейтін киіктің саны тым артып кеткен. Мысалы Үстіртің өзінде 39 700 бас бар екен, Ал Бетпақдала төсінде 120 000 бас киік жайылып жүр. Әйтеке би, Ырғыз, Хромтау аудандарының шаруаларына орасан салмақ салып, егіс алқабын қоруға мәжбүр, бірақ «қолдан келер қайран жоқ» деп күйінеді шаруалар.

ортасына

Осы жылы Қарағанды облысының үш ауданындағы 13 ауылдық округтің 36 шаруашылық иесі киіктердің өруінен орасан зардап шеккен. Бұл облыста тапталған жалпы егістік көлемі - 38 440 гектар. Киіктердің таптауынан тек егістік алқаптары ғана емес, шабындық жердің де шөбі оруға жарамайды. Соның салдарынан шаруа қожалық иелері малға қысқы шөбін тиісті мөлшерде жинай алмай қаламыз ба деп қауіптенеді. Олар өздігімен арнайы жасақ құрып, егіс алқабын қорығандарымен қол күшінің аздығынан киіктердің қайырым бермей тұрғанын айтып дабыл қақты. Шаруалар осы келеңсіздікке байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шығын келтіріп, әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында киіктердің егістік алқабын таптауына байланысты шұғыл шаралар қабылдануын талап етті.

Батыс Қазақстан облысы шаруаларының басында да осы кеп. Ақжайықта да киік популяциясының қарқынды өсуі байқалып отыр. Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Тасқала, Ақжайық аудандарында киіктер мекен етеді. Бұл өңірде киіктер тек 1990 жылдары ғана 300 мыңға дейін өскен.  Көктемгі төлдеу кезеңі  басталар алдында жүргізілген авиа санақта 1 миллион 130 мың бас анықталған, мамандар биылғы төлімен қосқанда Батыс Қазақстан облысында киік саны 2 миллионға жетуі әбден мүмкін дейді. Батысқазақстандық ғалымдардың биологиялық негіздемеге сүйеніп екшеуі бойынша бұл облыста киіктің саны 500 мың бастан аспауы тиіс. Дала жануарының өрісінде ешқандай шекара болмағандықтан төрт түлікпен мидай араласып бірге өріп, жусайтын киіктердің ауру тарату қаупі де жоғары. Ветеринар мамандардың шырылдайтын да жөні бар. Өйткені 1984 жылы 100 мың бас, 1988 жылы 164 мың бас, 2011 жылы 12  мың бас киік пастерелез індетінен қырылды. Бұл мәселенің түйінін қалай шешу қажет? Жергілікті атқарушы органдар қандай қам жасап отыр?     

«Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес киіктен зардап шегіп отырған әрбір ауданда киіктен залалдар көлемін есептеу үшін комиссиялар құрылды. Әр шаруашылық көлемінде акт жасақтап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынып отыр. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес облыс көлемінде 1350 агроқұрылымдардың 913 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге (3,0 мың га егістік, 46,1 мың га шабындық және 863,9 мың га жайылымдық жерлер) залал келтірілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған әдістемеге сәйкес, залалды өтеудің қаржылай көлемі де министрлікке жолданды. Ауыл шаруашылығы министрлігінен ұсынылған есептеулерге сәйкес, жайылымдарға келтірілген залал құны 8,0 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ қазіргі кезде киіктердің популяциясын басқару жөнінде Үкімет қаулысы қабылданды. Қаулы шамадан тыс көбейіп кеткен киік санының 20%-ын азайтуды көздейді. Бұл жұмыстар қыркүйек айының 15-нен басталады», дейді жергілікті атқарушы орган өкілдері.

Ақмола облысының диқандары мен мал шаруашылығын өрістетіп отырған кәсіпкерлері киіктің кесапатымен тек биыл ғана күресіп келе жатқан жоқ. Жыл сайын осы мәселе кесе-көлденең тұрады. 2021 жылы облыс аумағында 40 мың бас киік болса, былтыр екі есеге артып, 80 мыңға жеткен. Ал биылғы санақтың көрсеткіші тіпті жоғары – 200 мың бас. Тапталған егістік алқаптың көлемі де орасан бұл облыста. Әсіресе Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжың, Астрахан, Целиноград аудандарындағы шаруалар киіктің зардабын тартудай-ақ тартып отыр.

Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді, Жангелдин, Наурызым, Қамысты аудандарының диқандарының мәліметінше 23 118 гектар егістік алқабын киік таптап жарамсыз еткен.    

Киіктерді атуға мораторий осы жылдың соңына дейін ұзартылды. Шаруашылық иелері қайтеді бұдан кейін? Алдағы уақытта егіс алқаптарын қорып, киіктерді үркіту үшін макеттік-габариттік қаруды (бос патронды) қолдануға рұқсат ету мәселесі қарастырылып отыр. Мұның қаншалықты тиімді болатынын уақыт айқындайды.