Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2023

Мәселенің шешімін күтіп отырмыз

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маусым айының орта шенінде Арқалық өңіріндегі төрт мың­нан аса жайылымдық жер мен егістік алқабын киік жайлап алды. Жангелдин ауданында ақбөкеннен 8 мыңдай ауылшаруашылық мақсатындағы алқапқа зиян келді.

Мәселенің шешімін күтіп отырмыз

Түз жануарлары алқапта 5-10 мыңдап өріп жүргенін көзіміз көрді. Жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді, 10 шақты шаруа қожалығы бірігіп, арнайы чат ашып, өзіміз күзеттік. Егістікке киік кірсе, қай жерде жүргенін, қайда бет алып бара жатқанын фото-видеоға түсіріп, чатқа салып отырдық. Күндіз-түні киік қуумен болдық. Әкімдікке де, «Охотзоопромға» да хабар­ластық. Енді ол кісілер күнде шапқылай бермейді. Киік жайпап кеткен жерді фитосанитария өкіл­дері де келіп, өздеріне тіркеп алды. Киік егінді балғын кезін­де жейді. Бірақ көбіне же­ге­нінен, таптап кеткені көп. Жұм­сақ болған соң аунап, басып тас­тайды. Біздің 800 гектар егі­німіздің 200 гектары шығынға ұшырады. Мойнымызда банк­­­­тен алған қарызымыз бар, оны қалай өтейтінімізді біл­мейміз. Бұрын осындайды бақылап, қарап жү­ретін қа­рауыл болатын. Қазір бәрі же­кеменшік болғандықтан, ол жұмыстарды өзіміз атқарамыз. Тәжірибемізде мұндай оқиға кездеспеген. Киік­тің төлдеп келетін бағыты Тор­ғайдан бас­талып, өзінің ауанымен Қор­ғалжың аума­­ғына өтіп кететін. Бір жағы жаңа теміржол сал­ғаннан кейін өте ал­май жатыр ма деп ойлаймыз.

Енді күннің ыстығынан, шегірткенің жегенінен, киіктің таптағанынан қалған егінімізді жинап алуға толассыз жауған жауын кедергі болып тұр. Егі­німіз шіріп, ысырап бола ма деп қауіптенеміз. Үкіметтен көмек болмаса, сіңіріне ілінген шаруа қожалықтарына жабылып қалу қаупі төніп тұр. Бәріміздің де Үкімет тарапынан берілетін не­сиенің демеуімен жұмыс жүр­гізіп жатқанымыз шындық.

Бүгінде Торғай даласында 90 мыңнан аса киік бар деген мә­лімет бар. Ақбөкендердің дені Ақшығанақ, Ақкөл, Саға ауылдарына тиесілі жерлерді мекен­дейді. Ел басында отыр­ған азаматтар да біздің жағ­дайымызды көрі-біліп отыр­ған шығар. Сон­­дықтан бұл мә­селенің бір ше­шімі болар деген үмітіміз бар.

 

Ерден СЕЙІТЖАНОВ,

«Сейтжанов ЖК» шаруа қожалығының басшысы

 

Арқалық қаласы