Спорт • 13 Қыркүйек, 2023

Әлем чемпионатындағы «тосын сый»

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

5-12 қыркүйек күндері Польшаның Быдгощ қаласында ұйымдастырылған шахматтан әйелдер арасындағы ІХ командалық әлем чемпио­на­тында тарихи нәтиже тіркеп, күміс медаль жеңіп алған Қазақстан құра­масының шахматшылары елге оралды.

Әлем чемпионатындағы «тосын сый»

Астана қаласының халықаралық әуежайынан ойыншылар мен бапкер­лерді туыстары, достары, БАҚ өкілдері, Спорт­ты дамыту дирекциясы мен Астана қаласы Спорт және дене шынықтыру бас­­қар­масының қызметкерлері зор ықы­ласпен күтіп алды.

«Ұлттық құраманы жастардан жа­сақтап апарғанымыз біздің басым­ды­ғымыз болды дей аламыз. Өйт­кені жас спортшыларымыз жылдам шахмат ойнауға бейім. Ереже бойынша әр жүріске 10 секундтан беріледі. Бұл, әсіресе, Франция құрамасымен бол­­­ған ойында қатты көмектесті. Иә, ко­мандадағы барлық ойыншы – жас­өспірімдер, жастар арасындағы әлем чемпионы. Алайда ешқайсысы ересектер арасындағы мұндай ірі сында ешқашан көзге түспеген. Сондықтан мамандардың көбі Польшадағы чемпионаттың «тосын сыйы» деп біздің шахматшыларды айтты. Соның ішінде Алуа Нұрманова ерекше көзге түсті.

Алда тағы да маңызды бәсекелер бар. Азия ойындарында команда сапын тәжірибелі Жансая Әбдімәлік пен Ди­нара Садуақасова толықтырады. Негізгі қарсыласымыз Қытай мен Үндіс­танның да дайындығы жоғары деңгейде екені белгілі», деді Павел Коцур БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Спортты дамыту дирекциясы бас­пасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асау­баева Польшадағы додадан кейін бірден Германияға кезекті жарысқа қаты­су үшін ұшып кеткен. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына алдағы аптада сол мемлекеттен аттанады.

Айта кетейік, биыл Қазақстан әйел­дер арасындағы командалық әлем чемпионатында алғаш рет жүлдеге ие болды. Поль­шадағы сайыстың бар­лық жүлдегері (Грузия, Қазақстан, Франция) А тобында өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Осы уа­қытқа дейін әйел­дердің дүниежүзі додасында жеті мемлекеттің ойыншылары тұғыр сатысына көтерілген.

Соңғы жаңалықтар

Алғыс арқалаған хирург

Маман • Бүгін, 10:10

Қатерлі ісікпен алысқан

Медицина • Бүгін, 09:50

Үздік отбасылық дәрігер

Медицина • Бүгін, 09:40

Марқакөлдің мейіргері

Медицина • Бүгін, 09:30