Биыл жаз бойы мыңдап өріп жүрді. Мотоцикл мен «Жигулиге» мініп алып әркім өз алқабын күзетті. Біздің егістік 70 шақырым қашықта, оған күн сайын барып тұру мүмкін емес. 500-ге тарта гектар арпамыз киікке жем болды. Бидайдың да біразы киіктің тұяғының астында қалды. Әулиекөлден 8 адам комиссия келіп, шығынымызды есептеп акт толтырып кеткен. Ауылдың шетіндегі малдың маңайында да 500-1000-дай киік жайылып жүрді. Бір шаруа қуса, екінші шаруаның алқабындағы арпаға түседі. Қашқан киікке жете алмайсың, қуа да алмайсың, жолсыз жермен жөңкіле жөнеледі. Үйірінің бас-аяғы 5 шақырымға дейін созылады. Тірсек жақта 7-8 мыңдайы жүрді. Атуға тағы болмайды. Қолдан келер қайран жоқ, үш ай бойы әбден титықтатты. Әлі күнге дейін жүр.
Киіктен кейін жаңбыр діңкелетіп кетті. Біз негізінен Әулиекөлдің әйгілі асыл тұқымды сиырларын өсіреміз. Қыстан мал қоңды шығу үшін 5 мың тонна шөп керек. Соның 2 мың тоннасын ғана жинап алдық. Енді мал басын қысқартатын шығармыз. Қысты күні қалай бағамыз? Әп-әдемі жайқалып тұрған 500 гектар егістігіміз жоқ болды. Жағдай – ауыр. Мемлекет қолұшын созып, қаржылай көмек көрсеткеннің өзінде ол ақшаны малға бере алмаймыз ғой.
Сондықтан қалайда киік санын реттеп отыратын бір амал табу керек. Бұл мәселеге консерві шығаратын кәсіпорындарды тартып, киік азайып кетпеу үшін оны қорғайтын заң күшін әлі де қатайта түссе, белгілі бір мөлшерден асқанын өндіріс көзіне айналдырса, құба-құп. Бұдан киік те, шаруа да ұтылмайды деп ойлаймын. Өйткені түз жануарларының саны шектен тыс көбейіп кетсе, індет тарауы мүмкін. Бұл киікке де, қоршаған ортаға да, сайын даланың бір шетіндегі шалғай елді мекенде тұрып жатқан адамдарға да қауіпті.
Дулат ЖАҢБЫРШИНОВ,
«Москалевское» ЖШС басшысы
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы