Пікір • 14 Қыркүйек, 2023

Тариф саясатына жаңа көзқарас қажет

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірыңғай технологиялық жүйені құрайтын электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтаушы ресурстарды тиімді әрі ысырапсыз пайдаланудың маңызы зор. Өйткені дәл осындай жүйе халықтың жайлы өмір сүріп, алаңсыз тіршілік етуіне қажетті әрі қолайлы жағдай жасайды. Сол себепті, бұл игіліктерді пайдалануда асқан жауапкершілік, ұқыптылық керек.

Тариф саясатына жаңа көзқарас қажет

Бұл мәселеге Президент биылғы Жолдауында ерекше мән берді. Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты айқындалған құжатта бірінші кезекте жергілікті шикізатты, білікті кадрлар мен тауарларды кеңінен пайдалану ұсынылды. Демек еліміз жаңа өнеркәсіптік саясатқа, сөйтіп дамудың сапалық жағынан мүлдем жаңаша моделіне көшуге тиіс.

Мұндай көзқарас елімізде жаңа тұрмыстық мәдениеттің негізін қалай­тыны даусыз. Осылайша, бұл ресурс­тарды үнемдеу мен сақтау мақсатында жаңа шешімдер қабылдап, тарифтік саясатты қайта қарау, сондай-ақ тариф­терді қалыптастырудың жаңа, мейлінше тиімді әдістерін енгізу керек.

Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Халық партиясының жүргізіп отыр­ған саясаты Президенттің ойымен үндес­тік тапқандай. Партия белсенділерінің табиғи монополияларды реттеу департаменті мамандары және халыққа коммунал­дық қызмет көрсетуші құрылымдар­дың өкілдерімен кездесулерінде қозғала­тын әңгіменің түйіні көбінесе осыған тіреледі. Сондай басқосулардың бірінде «Тарифтерді тұтыну көлеміне қарай белгілеген дұрыс» деген пікірді ашық білдірген едік. Бұл ұсыныс тарифтерді көрсетілетін қызмет немесе тұтыну көлеміне қарай белгілеу жөнінде. Қазірдің өзінде мұндай тариф Қарағанды облысында сумен жабдықтау саласында қолданысқа енгізілген.

Ендеше, тәжірибеде бар нәрсені әр өңірде неге қолданбасқа? Оның үстіне табиғи монополия субъектілері тарифтерінің бірден бес жылға бекітілетіні белгілі. Әйтсе де, осы уақытқа дейін монополистер пайдасынан гөрі шығыны көп әдіспен жұмыс істеп келді. Басқаша айтқанда, олар әуелі шығын көлемін өсіріп алады. Кейіннен оны азайтып, қысқартуға тырысады. Алайда мұның өзі көп жағдайда күткендегідей нәтиже бермейді. Ақырында қыруар шығынға батып, зиян шегеді. Осыны қаперге ала отырып, «Табиғи монополиялар туралы» заңда көрсетілген тарифтің ынталандырушы әдісі неге тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізілмеген?» деген сауалға жауап іздеп көргенбіз. Сонда мұндай шешімді қабылдау монополистердің өздеріне байланысты екеніне көзіміз жетті.

Президент бұл жөнінде: «Баршаңызға мәлім, соңғы кездері монополия субъек­ті­лерінің тарифтері 5-7 жыл мерзімге бекітіліп жүр. Дегенмен қазіргі таңда қалыптасқан ахуалға қарай оларды қайтадан саралап, тұтастай алғанда тариф саясатын қайта қарастыру керек. Ол үшін реттеуші және ынталандырушы механизмдерді қолданысқа енгізу қажет», деп ойын ашық айтты.

Мемлекет басшысының мұндай тұжырымға келуі бәріміздің көкейі­міз­дегіні дөп басты. Сондықтан оны мін­детті түрде орындалуға тиісті талап әрі тапсырма ретінде қабылдап, іске асуына мүдделі болғанымыз дұрыс. Соның ішінде жаңа тариф саясатын қалыптастыруда ынталандырушы әдістің атқаратын рөлі маңызды екенін баса айтқымыз келеді. Өйткені бұл әдіс бірінші кезекте қызмет сапасын көтеруге ықпал етеді.

Осы орайда ескерер бір жайт – моно­полистердің жауапкершілігін арттыру мәселесі. Анығын айтқанда, бұл ұғым олар үшін ең маңызды критерийге айналуға тиіс. Президент атап өткен­дей, жаңа тариф саясатын жүзеге асыру бары­сында бұл саладағы бақылауды күшей­ту үшін цифрлық құрылғы-құрал­дар қол­даны­лып, аза­маттардың тарифтік сметалар мен инвес­тициялық бағдарламалардың орын­далуы жайында ақпарат алуға қолже­тімділігі артады. Сайып келгенде, мұның бәрі тариф саясатына сындарлы көзқарас танытатын кез жеткенін аңғартып отыр.

 

Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА,

Атырау облыстық «Қазақстан Халық партиясы» филиалының төрағасы