Фото: kaz.nur.kz
Тараздағы перзентханадан Найзабековтар отбасы шаңырақтарына үлкен қуанышпен оралды. Бір емес үш бірдей қыздың әкесі атанған Нұрбол Найзабеков – мемлекеттік қызметкер. Меркі ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінде бас инспектор болып қызмет атқарады. Ал анасы − Гүлжан Әбдібаева №17 И.Трубицын атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Үшем қыздар мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 33-аптасында дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 2 490 грамм болса, екіншісі − 2 300, үшіншісінікі 2 700 грамға жеткен. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы қыздарының есімдерін Аяна, Айша, Айла деп қойыпты. Гүлжан Әбдібаеваның айтуынша, әулеттерінде күйеуі мен өз жағынан да егіздер бар.
«29 тамызда дәрігерлер жүктілігімнің 33-аптасында жоспарлы түрде кесарь тілігімен босандырды. Қатты қиналмадым. Операция сәтті өтті. Қыздарым шала туғандықтан демалуы қиындап, жансақтау бөліміне жатқызылды. Ертесіне балаларым неонатология бөліміне ауыстырылды. 3-4 күннен кейін денелері сарғыштанған соң, сәуле терапиясын қабылдадық. Дәрігерлерге рақмет, жақсы қарады. Қыздарымның жағдайы жақсарған соң екі аптадан кейін ғана үйге шықтық», деді үшемнің анасы.