Қоғам • 14 Қыркүйек, 2023

Air Astana, «Қазақстан темір жолы» акциясы халықтық IPO-ға қашан шығатыны белгілі болды

245 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Келер жылы Үкімет Air Astana компаниясын халықтық ІРО-ға шығарады. Осы мәселеге қатысты ілкіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте акциясынан халыққа да сыбаға үлестіру мақсатында өзге де кәсіпорындар ІРО-ға шығарылуы қажет екенін тапсырды.

Air Astana, «Қазақстан темір жолы» акциясы халықтық IPO-ға қашан шығатыны белгілі болды

Фото: inbusiness.kz

«Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. QazaqGaz кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс» деген Мемлекет басшысының тапсырмасы межелі мерзімінде жүзеге асырылса,  ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға серпін береді.  Мұндағы басты талап  қайтарылған активтің барлығы да жария түрде мемлекетке пайдалы шартпен нарыққа сатылуы тиіс.  

Президент биылғы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында  мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту маңызды мәселе екенін айтты.  «Бармақ басты, көз қыстымен»  жекенің иелігіне өтіп кеткен және шетелге шығарылған активтер мемлекеттің меншігіне қайтару қолға алынды. «Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек. Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет», деді Президент. Қ.Тоқаевтың тапсырмасын тиісті орындар тездетіп атқарса игі енді.  

Халықтық  ІРО-ға  2012 жылы «ҚазТрансОйл»,  2014 жылы «KEGOC» АҚ акцияларын шығарды. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының еншісі саналатын өзге  компаниялардың да осы  сүрлеммен акциялары сатылымға шығарылады деген жоспар бар еді. Бірақ бағдарлама басталмай жатып аяқсыз қалды. Сол кезде де Air Astana компаниясы акцияларын халықтық ІРО-ға шығарады деген жоспар түзілді. 2020 жылғы сырғыды, ол кезде  тағы екі жылға  сырғытып, биылға жоспарлаған. Енді міне келесі жылға жылжытты. Бұл компанияға қатысты бір кілтипан бар. Air Astana компаниясының 49 пайыз акциясы британдық BAE Systemsке тиесілі. Олар бұл шараны яғни ІРО-ны  халықаралық қор биржасында  өткізу міндетті деген талапты көлденең тартты. Бүгін ішін, ертең сыртын беріп тұрған халықаралық нарықтың  жалт етпе  құбылмалы мінезі де әсерін тигізбей қойған жоқ.

Қаңтар айында  Air Astana компаниясының  басшысы Питер Фостер Президенттің қабылдауында болғанда келесі жылы акция сатылымға шығатынын мәлімдеген болатын. Халықтық ІРО үш бірдей  биржа алаңында жүргізіледі: KASE, AIX және  үшіншісі британдық компанияның талабына сай халықаралық өріс. 

Елдегі ең ірі әуе компаниясы  саналатын Air Astanaға былтырғы жылы 1 миллиард АҚШ долларынан аса кіріс кірген,  шығындарды  жапқаннан кейінгі пайда 80 миллион долларға жуықтайды.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы халықтық ІРО-ға 2025 жылы шығарылады деген жоспар түзілді. Бірақ қарыз деген кедергі екі жылдан кейін де акцияны сатуға тұсау болуы әбден мүмкін.  «Қазақстан темір жолы» компаниясының  мойнындағы қарыз  АҚШ долларымен есептеледі.  Теңге құнының тұрақсыздығынан компания  қарызды өтеуде орасан шығынға батып отыр. Демек, «Қазақстан темір жолының» акциясын екі жылдан кейін бастапқы бағада сатып аламын деу әзірге қашпаған сиырдың уызынан  дәмету секілді. Дегенмен де Премьер-министр Әлихан Смайылов бірер күн бұрын өткен  Үкімет отырысында  ҚТЖ халықтық ІРО-ға 2025 жылы шығарылады деді.  

ІРО-ны халық төменгі яғни алғашқы бағада ұсынылған акцияны сатып алудың өрісі деп түсінуі әлі де тереңдей қойған жоқ. Жалпыхалықтық сипат алып, азаматтардың басым бөлігі акционер атануы   мемлекетке үлкен демеу болады. Азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсартып, қосымша табыс көзі саналған  «Халықтық ІРО-дан» гөрі  жұртшылық қазір  «Каспий жұманы» ерекше күтетін болып жүр.