Келесі жылы Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте жалауы желбірейтін әлем чемпионатының іріктеу кезеңін Қазақстан құрамасы екінші айналымнан бастады. Ол кезеңде Рикарда Кака шәкірттері Словения және Черногория құрамаларымен бақ сынасып, өз тобында бірінші орынмен элиталы кезеңде ойнау мүмкіндігіне ие болды. Ал әлем чемпионатына жолдама беретін соңғы іріктеуде жерлестеріміз жеребе қорытындысы бойынша Нидерланд, Румыния және Әзербайжан құрамаларымен бірге А тобына түсті.
Өткен аптада ел құрамасы соңғы іріктеу сатысындағы алғашқы ойынын сырт алаңда өткізіп, Нидерланд футзалшыларынан басым түсті. Алмере қаласында өткен тартысты ойында Қазақстан құрамасы әр таймда бір-бір голдан соғып, іріктеудегі маңызды үш ұпайына қол жеткізді. Алғашқы таймда Эдсон есепті ашса, екінші таймда Дәурен Тұрсағұлов таблодағы көрсеткішті еселеп, ойынның нүктесін қойды – 2:0.
Статистикаға көз жүгіртер болсақ, Қазақстан мен Нидерланд құрамалары бұған дейін тек бір мәрте кездескен екен. 2019 жылы әлем чемпионатының екінші іріктеу кезеңінде жолдары түйісіп, сол кезде де Қазақстан құрамасының мерейі үстем болған еді – 5:0.
Біздің топтағы екінші ойында Румыния құрамасы өз алаңында Әзербайжан футзалшыларын қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, бірінші турдан кейін А тобында Қазақстан мен Румыния құрамалары үш ұпаймен көш басына шықты. Алайда румындар көп гол соғу көрсеткішімен турнир кестесінде Қазақстанды екінші орынға ығыстырды. Енді А тобының қос мықтысы 20 қыркүйек күні Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде шеберлік байқасады. Демек элиталық раундтың екінші турынан кейін А тобында жалғыз көшбасшы пайда болуы мүмкін.
Іріктеу сайыстарының ережесі бойынша элиталы кезеңде бақ сынап жатқан Еуропаның 20 құрамасының тек жетеуі ғана келесі жылғы әлем чемпионатына қатыса алады. Яғни бес топта үздік шыққан бес құрама жаһандық додаға тікелей жолдама алса, екінші орын алған ең үздік төрт құрама бір-бірімен електік ойын өткізіп, қалған екі жолдаманы сарапқа салады.