Руханият • 17 Қыркүйек, 2023

Орағаң туралы ой толғады

528 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел астанасында көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеден басталған іс-шаралар легі дөңгелек үстел басындағы рухани жиынға ұласты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Шолпандай таң алдында туып батты» атты конференцияға мәдениет пен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен қарапайым оқырман қауым қатысты.

Орағаң туралы ой толғады

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Алқалы жиын басында Пре­зидент кеңесшісі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кон­ферен­цияға қатысушыларға ар­нал­ған құттықтау хатын оқып берді.

«Оралхан Бөкей – ұлт ру­ханиятының көкжиегін кеңей­туге зор үлес қосқан біртуар тұл­ға. Қарымды қаламгер әдебиет әле­міне алғаш қадам басқан сәт­тен бас­тап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қа­уымның ықыласына бөленді. Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пье­салары елі­міздің іргелі өнер ордаларында қо­йылып, кө­рермен көзайымына айналды. «Алтайдың Кербұғысы» атанған ерек­ше дарын иесінің шығар­машылық жолы, азаматтық ұстанымы және қай­раткерлік қа­сиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұ­расы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола бе­ре­тіні сөзсіз», делінген Президенттің құт­тықтау хатында.

вап

Әдеби жиынның модера­торлық тізгінін филология ғы­лымдарының докторы, профес­сор Сауытбек Абдрахманов ұс­тады.

«Бүгін елдің руханиятында үл­кен оқиға болып жатыр. Осы отырыс хал­қымыздың бойын­дағы асыл қасиет­терді, сөз өне­ріміз­дің ғажайып сырын аша түс­пек. Бұл – Оралхан Бөкейге арналған кеш. Орекеңе алғаш жолығуым өзі қызық. Бейне бір кеше ғана болғандай, әлі көз алдымнан кетпейді. 1970 жыл, ол кезде студентпін. Жазған-сыз­ғанымды «Лениншіл жасқа» алып бардым. Кірген бетте оң жағында көзілдірік киген бір жігіт отырды. Оны танымадым. Ал Оре­кеңді бірден танып, жазбамды соған ұстаттым. Содан жаз­­ғанымды апарам да тұрамын. «Өт­кен сенбіде шықты ғой. Апта сайын шықпасаң болмай ма?» деп қалды бірде Орекең. Мен үндеместен шығып кеттім. Бір уақытта артымнан әлгі көзілдірікті жігіт ере шығып, менің көңілімді демдеді. Сөйтсем, ол Оре­кеңнің жақын досы, сыйлас інісіне ай­налған – Сағат Әшімбаев екен», деді Сауытбек Абдрахманов.

Сондай-ақ жиын барысында ға­лым Са­ғымбай Жұма­ғұл баян­да­ма жа­сап, қоғам қай­рат­кері, драматург Ер­­мек Аманшаев, абайтанушы, фи­ло­­ло­гия ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, сенатор Нұртөре Жү­сіп, жа­зу­­шылар Алдан Смайыл, Ма­рат Мә­жи­тов, Шәрбану Бей­сенова, журналист Жарылғап Бейсенбайұлы, басқа да Орал­­ханның көзін көрген, замандас бол­ған қа­ламгерлер сөз сөйлеп, ескі жыл­дардағы естеліктерімен бөлісті.

Келген қонақтарға Оралхан Бөкей­дің 80 жылдығына ар­нал­ған мерей­тойлық медаль сал­танатты түрде табысталып, «Шол­пандай таң алдында туып бат­ты» кітабының тұсаукесер рә­сімі өтті. Бұл жинақта жазушы туралы жазылған естелік ма­қалалар топ­тас­тырылған.

Айта кетейік, жазушы мерейтойы­на орай Астанада жос­парланған іс-ша­раларға мұрын­дық болған – Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры.

«Бірнеше жылдан бері Ауыл­дық ай­мақтарды тұрақты да­мыту қоры рес­публика көле­мінде көптеген жо­ба­­лар­ды жү­зеге асырып келе жатыр. Ай­­­мақ­тардағы жобаларымызда стра­те­гиялық, экологиялық, ту­ристік ба­­ғытқа басымдық бер­ген едік. Биылдан бас­тап біз мәдениетке көңіл бөлуді шеш­­­тік. Өйткені тұрақты да­мудың негі­зін білім беру мен эко­но­микалық даму тұр­ғысынан ғана емес, ұлттық құн­дылықтар жа­ғынан да қарастыруға ұм­тылдық. Осы тұрғыда көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойына мән беруді жөн көрдік. Катонқарағайдан бастау алған мерейтой бүгінде Астанада жалғасын тапты. Өз­деріңіз білетіндей, мерейтой Ал­матыда республикалық айтыс­пен аяқталады», деді Ауыл­дық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.

Еске салсақ, Оралхан Бө­кейдің 80 жылдығына арналған іс-шаралар жазушының ту­ған жері Шығыс Қа­зақстан облы­сындағы Катонқарағай ауданынан басталды. Мерейтойды рес­публикалық көлемде атап өту Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қорының ұйыт­қы болуымен өтіп жатыр. Ендігі іс-ша­­ралар 28-30 қыркүйек күн­де­рі Ал­маты қаласында жал­ғасады.