
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Оқырманға түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайық. Президент осы айдың басындағы Жолдауында: «Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», деді.
Ал дәстүрлі Тамыз кеңесі кезінде ұйымдастырылған жоғары білім мен ғылым форумында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Елдегі, әлемдегі бала туу көрсеткіші жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Бұл болашақта жоғары білімге сұранысты арттыратыны сөзсіз, ал грант бәріне бірдей жете бермейді. Грант санын жыл сайын арттыруды мемлекеттің бюджеті көтермейді. Сол себепті келесі жылдан бастап «Келешек» бірыңғай жинақтаушы жүйесі іске қосылады», деген болатын.
Оның сөзіне қарағанда, 1 айлық есептік көрсеткішті – қазіргі көрсеткішпен 3 450 теңгені ай сайын ата-аналар осы жинақтаушы жүйеге салып тұрса, оған мемлекеттік сыйақылар беріліп, бала 17-18 жасқа жеткенде 7,5 млн теңге жинақтауға болады екен. «Оның үстіне, –дейді ол, – өздеріңіз білетіндей, Президентіміз Ұлттық қордан әр балаға шот ашып, кәмелеттік жасқа дейін қаржы құйып отыруды тапсырған. Сөйтіп, осы екі қайнардан жиналған ақша баланың жоғары білім алуына жеткілікті болады. Бұл – үлкен реформа. Осыны келесі жылдан біртіндеп бастаймыз. Мұндай жүйе ата-аналарға мемлекеттен кепілдендірілген сенімді шот ашуға, қоғамда баланың болашағына инвестиция құю мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді».
Президент тапсырып, оны орындайтын саланың басшысы жүйеге қатысты негізгі ақпаратты айтса да, көпшіліктің депозитке қатысты сұрағы көбейді. Себебі ата-ананың бәрі ұл-қызының сапалы білім алуына барын салады. Бұрынғылар қорадағы соңғы малын сатса да, баласын оқытуға тырысатын. Қазір заман басқа. Нарықтық заманда бала оқуға түскен сәтте өзгеге алақан жайып немесе қорадағы малды өткізгенше, ай сайын қорға қаржы құйып, мемлекеттен, банктен сыйақы алып, депозиттегі жинақты көбейткен тиімді. Осыны түсінген ата-аналар «Aqyl» деп аталатын білім депозитіне қаражат құя бастағанын да білеміз. Сондай ата-ананың бірі Айгүл Мыңжасар: «Қазір «Аqyl» депозитінің мөлшерлемесі 15 пайызға көтеріліпті. Оған 5-7 пайыз мемлекеттік сыйақы қосылады. Ал «Келешек» не берер екен?», дейді.
Иә, шынымен де не берер екен? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне жауапты Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын Қаржы орталығына хабарластық. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Асқар Ибраимовтың айтуынша, болашақта «Келешек» пен «Аqyl» біріктіріліп, алғашқысы ғана қалады.
– «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі мемлекеттік қолдаудың барлық шарасын бірыңғай жүйеге шоғырландыру мақсатында құрылды. Өйткені қазіргі қолдау шаралары бөлек-бөлек іске асырылады. Сол себепті ата-аналар баланың біліміне берілетін мемлекеттің нақты қолдаулары мен салымдарынан хабардар бола бермейді. Ата-ананың көбі «Келешекті» «Аqyl» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен салыстырып, екеуінің қандай айырмашылығы барын сұрап жатыр. «Келешек» – қолданыстағы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін, яғни «Аqyl» депозитін бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне трансформациялау мақсатында құрылған және ел азаматтарына жоғары оқу орындары мен колледждерде оқу ақысын төлеу үшін берілетін мемлекеттік қолдау шараларының бәрін жүйелеуді көздейтін, ата-аналарға жинақтау мәдениетін сіңіруге бағытталған реформа. Түбінде қазіргі «Аqyl» жүйесі, ондағы қаржысы, сыйақылары сақталып, «Келешекке» қосылады. Яғни екеуі толығымен интеграцияланады, қос депозит болмайды. Сол себепті «Аqyl» жүйесінде депозиті бар салымшыларға «Келешек» жүйесін енгізу кезінде депозитті қайта ашудың қажеті жоқ. «Келешектің» қазіргі жүйеге қарағанда тағы бір артықшылығы – 5 жасқа толған әр балаға, яғни салымшыға бастапқы жарнаны мемлекеттің беретіндігі. Бұл мемлекеттік бюджеттен беріледі. Президенттің былтырғы Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес әр балаға 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы арқылы кәмелетке толғанша қаржы құйылып отырады. Осы қаражатты бала кәмелетке толған соң «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіндегі депозитіне біріктіріп, білім алуына жұмсай алады, – дейді А.Ибраимов.
Қаржы орталығы басшысының айтуынша, жинақталған қаражат оқу ақысын төлеуге жетпесе, азаматқа сараланған грант, жеңілдікпен кредит беру, Ұлттық қордан қаражат беру сияқты бірқатар құрал ұсынылады. Бірақ бұл – болашақтың әңгімесі. Аталған жеңілдіктер жиынтығы «Келешек» жүйесі енгізілген соң іске асады. «Келешек» жүйесінде мемлекеттік бюджеттен бөлек ата-аналар, заңды өкілдер, меценаттар және тағы да басқа тараптан жарна құю қарастырылады. Депозиттерді ашу мәселесін реттеу «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңның нормалары негізінде жүргізіледі. Осы заңға сәйкес салым шарты «Келешек» жүйесіне қатысушы банк пен салымшы арасында, ал сақтандыру шарты «Келешек» жүйесіне қатысатын сақтандыру ұйымы мен сақтандырушы адам арасында жазбаша жасалуға тиіс. Сондықтан «Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-ана екінші деңгейлі банктерде салым ашуы немесе сақтандыру шартын жасасуы қажет. Ал білім депозитін ашу тегін.
Қостанайлық ата-ана Азиза Кемел «Аqyl» депозитін ашып, баласының болашағына қаржы жинақтап жатқанын айтты. Әрине, бұл баласының келешекте кәсіптік я жоғары білім алуына кепілдік бере алады. Бірақ ол депозиттің банктен берілетін пайыздық мөлшерлемесінің төмендеп кете беретініне алаңдайды.
– Балам болашақта қандай университетте, қай мамандықта оқитынын өзі шешеді. Оның кезінде грантқа талас көп болатын шығар, өйткені жыл сайын бала саны өсіп жатыр. Бәлкім балам таңдағысы келген мамандық елімізде оқытылмайтын болар. Алдағы уақытта қандай мамандықтар пайда болатынын білмейміз ғой. Онда шетелге оқытуыма тура келеді. Сондай жағдайға дайын болу үшін білім депозитін ашқан едім. Депозит жақсы, бірақ банктен беретін сыйақы мөлшерлемесінің өзгере беретіні тиімсіз. Бұрын «Аqyl» депозитінің пайыздық мөлшерлемесі 8,3 пайыз болған. Жақында Jusan Bank білім беру салымы үшін пайыздық мөлшерлемені 15 пайызға дейін көтеріпті. «Келешек» дипозитінде қанша пайыз болады? «Аqyl» депозитіндегідей пайыздық мөлшерлемесі біресе төмендеп, біресе жоғарылап тұрмай ма? – деп алаңдаушылық білдірді А.Кемел.
Ата-ананың алаңы барша салымшыға ортақ. Сондықтан сұрағы да орынды. Бұл сауалға А.Ибраимов: «Бүгінгі таңда «Аqyl» білім беру депозитіне мөлшерлеме банкке немесе сақтандыру компаниясына байланысты жылдық 14,1 пайызға дейін есептеледі. Өйткені әрбір банктің пайыздық мөлшерлемеге қатысты өз саясаты бар. Оған қоса жыл сайын 5 немесе 7 пайыз мөлшерінде мемлекеттік сыйақы төленеді. Ал «Келешекке» келсек, мұнда сыйақы мөлшерін төмендетпеу мақсатында министрлік тиісті заңға өзгерістер енгізу арқылы пайыздық мөлшерлеменің ең төменгі шекті мөлшерін белгілеуге тырысып жатыр. Егер төменгі шекті мөлшер белгіленіп, заңға өзгеріс енгізілсе, мемлекеттен берілетін сыйақы мөлшерлемесі шегінен төмен түспейді. «Келешекке» қатысатын екінші деңгейлі банктер де пайыздық мөлшерлемені ең төменгі шектен төмендете алмайды. Осы ретте бастапқы жарнаға қатысты да айта кеткім келеді. Қазір білім депозитін ашу үшін кемінде 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы салу керек. Ал «Келешек» жүйесінде бұл талапты алып тастау жоспарланып отыр. Яғни жоспар жүзеге асса, білім депозитін ашу үшін бастапқы біржолғы жарна салу міндетті болмайды», деп жауап берді.
Қаржы орталығы басшысының айтуынша, «Келешек» жүйесін енгізу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде бастапқы білім беру жарнасын төлеу (бұл бюджеттен беріледі) және өзге де мәселелер бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі трансформацияланады. Екінші кезеңде мемлекеттік грант ретінде білім беру саласындағы мемлекеттік қолдаудың басқа да монетарлық (гранттар, квоталар) шаралары бірізділенеді.
Шыны керек, қазіргі ата-аналар балаларының жоғары немесе одан кейінгі (магистратура, докторантура) білімді шетелден алғанын қалайды. Оның үстіне мамандығы елімізде жоқ болғандықтан, баласын шетелде оқытуға мәжбүр жандар да бар. Олар білім депозитіндегі қаражатты шетелдегі оқуға пайдалана ала ма? Бұл сұраққа А.Ибраимов «Иә», деп жауап берді. «Мұндай мүмкіндік қарастырылған. Қазір қолданылып жүрген білім депозитінде де шетелдегі оқуға қаражатты пайдалануға болады. Салымшы өзінің жинақтарын Қазақстанда және шетелде кәсіптік-техникалық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу үшін пайдалана алады. Мұнда ата-аналар тарапынан жоспарлау функциясы іске қосылуы керек. Яғни ата-ана шетелдегі оқу ақысының ең төменгі шегін біліп, өз шотын толтырудың тиісті көлемін дұрыс болжауы қажет. «Келешек» жүйесінде бастапқы жарна деген болмайды. Максималды сомаға да шектеу жоқ. Ата-ана өзінің мүмкіндіктерін ескеріп және баласының болашақ білім алу стратегиясын анықтай отырып, шотты толтыру көлемін өзі анықтайды», деді ол.
Иә, бұл жерде бәрі ата-ананың қаржылық сауатына, алдағыны болжай білуіне, жоспарлау қабілетіне байланысты. Қаржылық сауат демекші, баласының білім алуына қазірден қаражат жинап, депозит ашқысы келетін жандар тағы бір маңызды ақпаратты білгені абзал. «Келешек» жүйесінде депозит ашқан салымшылар ондағы қаржысына қатысты салықтан және кез келген үшінші тұлғаның өндіріп алуынан қорғалған. Мұндай кепілдік әрі қаражатқа қамқорлық қолданыстағы «Аqyl» депозитінде де бар. «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін енгізу кезінде де сақталады. Кепілдік пен қаражатқа қамқорлықтың бұл түрі кредитін төлей алмай немесе сотқа өткен қаржылық дау-дамайлар кезіндегі шоттарының бұғатталып қалуына қам жейтін салымшылар үшін маңызды. Білім депозитіне салық салынбайды, банктің, мемлекеттің сыйақысы толық сақталады.
– «Келешекте» білім беру жинақтау салымының қаражатын ел азаматы болып саналатын үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылатын) білім беру жинақтау салымына аударуға болады. Мысалы, егер ата-ана бірінші баласына депозит ашып, тұңғышы грантқа түсіп кетсе, депозиттегі қаражатты басқа баласының атына аудара алады. Әрі жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қайта бағыттау жағы пысықталып жатыр. Осы мәселе шешілсе, білім алуға қажеті болмаған, жұмсалмаған депозиттегі қаражатын тұрғын үй алуға пайдалануына мүмкіндік беріледі. Өмір болған соң, түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, атына депозит ашылған бала жазатайым қайтыс болып кетсе, қаражат барлық сыйақысы, пайыздық мөлшерлемесі сақталып ата-анасына қайтарылады, – деп нақтылады «Қаржы орталығы» АҚ басшысы А.Ибраимов.