Этносаралық қатынастарды нығайту мен құқықтық белсенділікті дамыту үйлесімді қоғам құруға жәрдемдесетін маңызды тетік. Осы міндетті негізге ала отырып елдің тұрақты ілгерілеуіне ықпал ететін жаңа идеялар мен серіктестіктерді қалыптастыруға бағытталған басқосу бірнеше маңызды тақырып бойынша өрбіді. Іс-шараны ашып берген Марат Әзілханов әр саланың көшін алға сүйреген білімді мамандар мен азаматтық қоғамның белсенді өкілдері өздерінің тың идеяларымен этносаралық ынтымақтың өрісін кеңейтуге серпін беретінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXII сессиясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында жалпыұлттық бірлік және қоғамдық келісім саласындағы саясат бағыттарын жан-жақты талқылау үшін жиналып отырмыз. Президент «Мемлекет әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу және елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін кешенді зерттеулер мен ұсыныстарға мұқтаж» екенін атап өтті. Бұл үшін бізге тиімді жұмыс істеуге және сапалы әрі сұранысқа ие зияткерлік өнім ұсынуға қабілетті сараптамалық-талдау орталықтарының қуатты желісі қажет екенін, бұл өз кезегінде мемлекеттің идеологиялық егемендігін сақтау үшін ерекше маңызға ие құрал екеніне тоқталған болатын. Жаһандық оқиғалар аясында қазіргі әлемде кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы – қоғамдық келісім мен халықтың бірлігіне байланысты. Көпэтносты еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі – этносаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту, мемлекетіміздің біртұтас халқын біріктіретін ортақ құндылықтар мен мүдделерді қалыптастыру. Президент атап өткендей, «бірлік пен тұрақтылықсыз саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес». Жалпыұлттық бірлікті нығайтып, қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастарды үйлестіру үшін қоғамның түрлі институттарының күш біріктіруі маңызды. Еліміздегі жалпыұлттық бірлік пен келісімнің маңызды институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлт бірлігін нығайтудың және азаматтық бірегейлік, қазақстандық патриотизм, ортақ құндылықтар негізінде барлық азаматты бір мақсатқа ұйыстырудың пәрменді құралы болып отыр. Осы орайда мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің қуатты факторы екенін айтуымыз керек, – деді Марат Әзілханов.
Пікірталасқа қатысушылар этносаралық келісімді нығайту жөніндегі қызметке мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес, өзге де қоғамдық және коммерциялық құрылымдардың күш-жігері мен әріптестігін шоғырландырудың тиімді жолдары мен форматтары туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Әсіресе этносаралық жағдайға әсер ететін үдерістер мен факторларға кешенді талдау жүргізу, бейбітшілік пен келісім құндылықтарының қоғамдық қатынастардағы рөлін зерделеу мәселесі кеңінен сараланды.
«Мұндай маңызды әрі нәзік мәселені ғылыми зерттеулерге сүйене отырып талқылаудың жөні бөлек. Қоғамда құндылықтар жиынтығын қалыптастырудың маңызды аспектісі білім, ғылым және мәдениет салалары екені даусыз. Осы тұрғыда этносаясат субъектілерінің салалық-кросс-зерттеулерін және тиісті құзыреттерін іске асыру жолдарын, сондай-ақ тұтастай алғанда осындай зерттеулерді қолдау мәселелерін талқылау маңызды. Әлемдегі жағдай көрсетіп отырғандай, ақпараттық сала жыл сайын ақпаратты алу мен таратудың, білімді қалыптастырудың, сондай-ақ теріс стереотиптер мен алалаушылықтардың негізгі кеңістігінің біріне айналып келеді. Сондықтан ақпараттық кеңістік пен бұқаралық ақпарат құралдары халықтың бойында мәдениетаралық және толерантты қоғамның құндылықтарын қалыптастыруда, арандатушылықтар мен этносаралық қақтығыстың алғышарттарына қарсы тұру тетіктерін әзірлеуде маңызды рөл атқарады», деп атап өтті Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
«Қазіргі кезеңдегі жалпыұлттық бірлік және қоғамдық келісім», «Экономикалық белсенділік – қоғамдық тұрақтылық факторы ретінде», «Медиация қоғамдағы қақтығыстардың алдын алу құралы ретінде» деп аталған үш талқылау блогінде қоғамдық келісім ісін өрістетуге қатысты өзге де тың идеялар айтылды.
Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева бұл мәселеде қатып қалған ескі сүрлеуден арылып, әр этностың тұлғалық қасиетін түрлі саладағы еңбек адамдарының портреті арқылы көрсетуге күш салу қажет деп есептейді. Оның пікірінше, жалпылама жобалармен қоса жекелеген мәселелерге мән беріп, этностардың жан дүниесін, рухани әлемін адамдар тағдыры арқылы тануға талпынған дұрыс. Бұл бағытта ақпарат пен мәдениет саласының мамандарына зор жауапкершілік жүктелетінін алға тартқан саясаттанушы сарапшыларды осы мәселеге мән беруге шақырды.
Экономикалық белсенділік халықтың әлеуметтік әл-ауқатының маңызды бөлшегі ретінде елдегі этносаралық климатқа тікелей әсер етеді. Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерінен шыққан белді бизнесмендер елдің кәсіпкерлік және қаржы-экономикалық секторларының дамуына өз үлесін қосып келеді. Этномәдени бірлестіктердің экономикаға шетелден инвестиция тартудағы үлес салмағы да басым. Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен халықтың әлеуметтік осал топтарына түрлі төтенше жағдайлар туындаған кезде қайырымдылық көмек көрсетудің жақсы дәстүрі қалыптасты. Қиын кезеңдегі ынтымақтастық азаматтық қоғамның бірлігін, бауырмалдығын көрсетті. Басқосу барысында белсенді халықты кәсіпкерлік қызметке тарту, ел өңірлерінің экономикалық дамуындағы диспропорцияларды төмендету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Конференцияға қатысқан сарапшылар елдегі медиация институтының қызметі даулы және жанжалды жағдайларды шешу барысында азаматтардың келісімге келуге дайындығын көрсететін қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды маркері деп бағалады. Медиация жүйелі жұмыс істеген елде көптеген әлеуметтік-психологиялық ахуал оңтайлы шешімін тауып, қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейі артады. Сондықтан «медиация институтын дамытудың пайдасы мол», деді ғалымдар.
Еске салсақ, Алматы қаласының республикалық Достық үйінің жанынан түрлі сала өкілдерін тарта отырып, сараптамалық талқылау, жалпыұлттық келісім мен этносаралық қатынастар мәселелерін шешудегі тәсілдерді қарастыру және Орталық Азия мен қазіргі заманның жаһандық проблемаларын зерттеу мақсатында «Алматы семинары» клубы былтыр құрылған болатын.
Алматы