Спорт • 19 Қыркүйек, 2023

Ризабекке ел риза

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның әр өңірінде еркін күрестің үйірмелері бар. Сол жерлерден жыл сайын жүздеген түлек түлеп ұшады. Бірақ осы күнге дейін спорттың осы түрінен біздің елден бірде-бір әлем чемпионы шықпаған еді. Бұл жағдай жергілікті жанкүйерлердің көңіліне селкеу түсірді. Сол олқылықтың орны кеше толды. Сербияның астанасы – Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан барлық қарсыласын қоғадай жапырып, төрткүл дүниенің теңдессіз балуаны деп танылды.

Ризабекке ел риза

92 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ризабек Айтмұхан алғашқы айналымдарда мажарстандық Балхаш Юхас (13:3) пен Еуропаның екі дүркін чемпио­ны, түркиялық Фейзоллах Актюрктің (11:0) тас-талқанын шығарса, жартылай финалда былтырғы әлем және құрлық чемпионаттарының қола жүлдегері грузиялық Мириан Майсурадзені (8:1) атойлап жеңді. Финалда қандасымыз әлем чемпионатының екі және Еуропа чемпионатының үш дүркін жүлдегері әзербайжандық Осман Нурмагомедовпен айқасты. Өте тарысты өткен бәсекеде 5:2 есебімен Ризабек жеңіске жетті. Сөй­тіп, ол Қазақстанның еркін күрес тари­хындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Балуанды тарихи жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Ал финалдық сайыс­тан кейін Ризабектің өзі «Бұл табыс маған ерең еңбектің арқасында келді. Мені әкем күнде сағат таңғы 6:00 немесе 6:30-да оятып, жаттығу жасататын. Кейіннен спорт мектебіне берді. Соның бәрі еш кеткен жоқ. Міне, бүгін мен Алла­ның қалауымен әлемдік додада топ жар­дым», деп ақтарыла сөйледі.

Өкінішке қарай, Мейрамбек Қартбай (57 кило) қола медаль үшін белдесуде армениялық Арсен Харутюняннан ұтылса, жолдама үшін тартыста ресейлік Заур Угуевқа есе жіберді. Нұрқожа Қай­панов (74 кило) жұбаныш белдесуінде жа­по­ниялық Даити Такатаниге жол бер­ді. Сол секілді Болат Сақаев та (79 ки­ло) жүл­дегерлер қатарына қосыла алма­ды.

Жоғарыда аталған салмақ дәрежелері бойынша мына балуандар жүлделі орындарды иеленді: 57 кило: 1. Стеван Мичич (Сербия), 2. Рей Хигучи (Жапония), 3. Арсен Арутюнян (Армения) мен Зелимхан Абакаров (Албания). 74 кило: Заурбек Сидаков (Ресей), 2. Кайл Дейк (АҚШ), 3. Хетаг Цаболов (Сербия) пен Даичи Такатани (Жапония). 79 кило: Ахмед Усманов (Ресей), 2. Вла­димир Гамкрелидзе (Грузия), 3. Мухамм­ад Ноходи (Иран) мен Василий Ми­хайлов (Украина) және 92 кило: 1. Риза­бек Айтмұхан (Қазақстан), 2. Осман Нурмагомедов (Әзербайжан), 3. Фай­золлах Актюрк (Түркия) пен Захид Веленсия (АҚШ).

Кеше еркін күрестен ең соңғы жүл­делер сарапқа салынды. 65 кило сал­мақтың жартылай финалында Рах­ман Амузадхалили (Иран) мен Исмаил Му­сукаев (Мажарстан), Вазген Теванян (Ар­мения) мен Себастьян Ривера (Пуэрто-Рико), 97 кило салмақта Гиви Ма­чарашвили (Грузия) мен Магомедхан Магомедов (Әзербайжан) күрессе, Ресейдің атақты балуаны, екі дүркін Олимпиада және бес дүркін әлем чемпио­ны Абдулрашид Садулаев жарақатына байланысты бахрейндік Ахмед Тажу­диновке жол берді. Өкінішке қарай, бұл межеге еліміздің бірде-бір спортшысы жете алмады.

Сондай-ақ кеше әйелдер күресінен белдесулер басталды.