Ұстаз • 19 Қыркүйек, 2023

Ұстаз тәлімі

224 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Тапанова еңбек жолын облыстық «Жезқазған туы» газетінде корректор қызметінен бастаған. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі қызметінің қыр-сырын меңгеріп, лайықты құрметке ие болды. Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және сая­саттану факультеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры қызметіне қабылданады. Жоғары оқу орнында сонау 1975 жылдан бергі уақытта ұстаз-ғалымның жарық көрген оннан аса ғылыми еңбегі болашақ мамандардың игілігіне қызмет етіп келеді.

Ұстаз тәлімі

­Сәуле Есембекқызының «Жур­­налистика және шешендік өнер», «БАҚ тілі мен стилі», «Кітап ісіндегі логистика», «Спор­тивная журналистика» атты еңбектерінің бірқатары жоғары оқу орнында міндетті және таңдау пәндері қатарына енгізілуі – үлкен жетістік. Бүгінде мерейлі жасқа келген ұстаз осынау жетістігімен ата-анасы берген тәрбиесі мен тағылымын ақтадым деп шүкір етеді.

«Ата-анамның «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» жасауды жадыңда ұста, адаспайсың. Ортаң үлкен, сыйласарың көп болады» деген тәрбиесі ес білгеннен жадымда. Отбасында жалғыз ағам Балтабай және үш сіңлім Зәуре, Қымбат, Анар бесеуміз өте тату өстік. Ағам екеуміз тете өстік. Өткен жылдардағы індет кеселі ағатайымды арамыздан алып кетті. Шана, шаңғы, велосипед, дойбы, күрес, доппен жарысуда алдына жан салмайтын еді. Мен волейбол, баскетболды ерекше ұнаттым. Мектепте спорттың осы екі түрінен топ капитаны болдым. 2020 жылға дейін факультеттің спорт жан­күйерлері құрамында болып, фа­куль­тетаралық жарыстарға қа­тыс­тым. Күні бүгінге дейін айы­на екі рет фитнеске барамын. Анам Кенеш, жеңгем Рыскен әнші болды. Менің де ән айтып, асаба болып жүретінім бар», деді кейіпкеріміз бала кезін еске алып.

Сәуле Рамазан есім­ді азамат­тың етегінен ұстап, тұр­мыс құрды. Жұбайы – бүгінде ішкі істер қызметінің ардагері. Ұлы – Руслан құқықтану ғылым­дарының кандидаты, Жоғарғы сот академиясының доценті. Ал Сағынышы «Астана балет» академиясында тәрбие бөлі­мін басқарады. Кіші қызы Салта­нат – кәсіпкер. Бүгінде қариялар осы балаларынан рақат көріп, тоғыз немере мен бір жиен шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Олардың үлкен немересі – Түркияда, екі немересі – зияткерлік мектепте, төртеуі ағылшын мектебінде оқиды. Тоғызыншы сыныпта оқитын Самира немересі фан­тастикалық әңгіме жазудан жүл­делі орын алып, арнау­лы жи­нақ­қа енді. Әслима бокспен, Ра­сул баскетболмен, Ман­сұр, Бей­барыс футболмен шұғыл­данады. Айғаным сурет салады. Барлығы да ана тілінде оқиды, жазады.

«Өмірге келгеннен кейін, адам­ның жан-дүние әлемінің бай­лығы отбасымен болады екен. От­ба­сының жылуы – әке мен шеше мейірімі. Өз шаңырағыңды көтеру – үлкен бақыт. Одан кейін өміріңнің, тәрбие мен тәліміңнің жалғасы – ұрпағың. Үлкен-кіші отбасы өмірдің үзілмейтін жібі екен. Ақын Кәкімбек Салықов ағамыз айтқандай, «біреу ерте, біреу кеш, бір құлайды». Өмір көші ұрпағыңмен жалғаса береді. Қазағымыздың Жеті ата туралы терең ғибраты – кемеңгерлік. Кемел жастың биігінен өсу жолымды оймен шолсам, қиындығы мен қызығы мол өмірлік үлкен мектеп екен», дейді С.Тапанова.

Сәуле қырық жылдай ұстаз, басшы қызметінде жүріп, ауыл­дық кеңестің жетекшісі қыз­ме­тін абыроймен атқарған, Жаңа­арқа ауданының Құрметті аза­маты атанған Есембектей әке­нің, Кенештей ананың жолын қуып, мектептен кейін ұстаздық жолды таңдады. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология фа­куль­тетін жақсы тәмамдап, еңбек жолын журналистік салада бас­тады.

«1975 жылы жаңадан ашыл­ған облыстық «Жезқазған туы» газетінде корректор болып еңбек жолымды бастадым. Мектептен жұмыс таппадым демеймін. Оқушы кезімде-ақ жазу-сызуға қабілетімнің барын байқадым. Облыстық газет ашылды дегенде елең ете қалдым. Өз қарым-қабілетімді журналистік ортада байқағым келді. Сол кезден-ақ педагогика мен журналистика саласы егіз ұғымдай болды. Бұл екі мамандық адам пси­хологиясымен, халық өмірі­мен тікелей байланысты. Ме­нің базалық педагогикалық білі­мім журналистік саладағы тәжі­рибемен толыға түсті. Ө.А.Бай­қоңыров атындағы Жезқазған университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқы­тушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерінде педагогикалық білім мен журналистік жұмыстың бір-бірімен тығыз байланысты екенін түсіндім. 2010 жылы Астанаға қоныс аударып, журна­листиканы таңдадым. Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің журналистика және саясаттану факуль­теті баспасөз және баспа ісі кафед­расының профессоры қызметінде маман журналистер даярлау ісіне түбегейлі бет бұрдым», деді кейіпкеріміз.

Сәуле Есембекқызының 2010 жылдан күні бүгінге дейін осы университетте еңбек етіп жүр­генін ел біледі. «Еңбегің жансын!» деген алғыс иесінің бірі. «ЖОО-ның үздік оқытушысы», «Бі­лім беру ісінің үздігі», «Білім бе­ру ісінің құрметті қызметкері», «Жез­­қазған универ­ситетінің құр­мет­ті профессоры» сияқты мара­­пат­тары – жемісті еңбегінің нәти­­же­сі. Ендеше, осынау еселі еңбек­тің қы­зығы ұрпақ қуанышы­на жал­ғаса берсін деген тілек қосамыз.

 

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері