Пікір • 19 Қыркүйек, 2023

Ынтымақтастықтың жаңа дәуірі

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір геосаясаттағы тектоникалық мүдделер қақтығысы, өзгерістер болып жатқан заманда мемлекетіміз теңгермелі, тежемелі, елеп-екшеген сыртқы саясатты жүргізіп келе жатқаны белгілі. Біз жер қойнауы шикізатқа да бай елміз. Өндіріске, экономикаға қажетті деген ең маңызды стратегиялық ресурстардың белгілі бір бөлігі мемлекетімізде шоғырланған.

Ынтымақтастықтың жаңа дәуірі

Осы теңгермелі тежемелі, прагматикалық саясатты жүргізе отырып, ұлттық мүддемізді халықаралық аренада сауатты жүргізе білу маңызды. Әрине, бұл ретте әлемнің барша елімен қатар АҚШ-тың да өзіндік орны бөлек. Дөңгелек үстел басына жиылып, мәселелерді ашық айту, талқылау және оны дипломатиялық жолмен шешуге ұмтылу барлығына тиімді. Себебі жаһандану заманында барша елдің экономикасы өзара бір-бірімен тығыз байланысты. Тіпті көлік логистикасынан бастап өзге секторларды сөз етсек те, мемлекеттер бір-бірімен дипломатиялық арналар арқылы тиімді саясат жүргізуге мүдделі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Көлік-логис­тика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды» деген еді. Осыған орай Мемлекет басшысының АҚШ-қа іссапары аясында ҚТЖ мен «Wabtec» компаниялары арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Осылайша, көлік-логистика саласына шамамен 1 миллиард доллар инвестиция тартылды. Бұл – Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ықпал етеді және басқа да инфрақұрылым­дық жобалар үшін негіз болады. Осы секілді өзге де салаларымыз бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, ІТ технология, тағы басқалары.

Біздің алға қойған мақсаты­мыз үлкен. Мысалы, Мемлекет басшысы Жолдауда 2026 жылға қарай IT-қызметтерінің экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырған. Әрине, бұл салада үздік мемлекеттердің бірі – АҚШ. Олар­дың технологияға бағыт­тал­ған уни­верситеттері, бұл сала­дағы өндірістік базасы, ғалымдары әлемдегі ең үз­дік­тердің бірі деп айтсақ болады. Енді алдағы уақыт­та аталған бағыт­та біздің жоға­ры оқу орындарымыз, компания­ларымыз серіктестік ор­натады деген сенім бар. Осындай мәсе­лелерді талдай келе, еліміз көп­­векторлы, теңгермелі, тежемелі, праг­матикалық, ғылыми негізделген сырт­қы саясатын жүргізе отырып, мем­лекетіміздің мүддесін сауатты қорғап келе жатыр деуге толық негіз бар.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы