Экономика • 20 Қыркүйек, 2023

Мәулен Әшімбаев жаңа экономикалық үлгіге көшудің негізгі 4 шартын атады

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының Жолдауындағы экономикалық басымдық туралы баяндады. BaitassovLive You Tube арнасына берген сұхбатында ол жаңа экономикалық модельге көшудің 4 негізгі шартын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев жаңа экономикалық үлгіге көшудің негізгі 4 шартын атады

Палата Төрағасының айтуынша, 2023 жылғы Жолдаудың экономикалық басымдығы еліміздің теңгерімді дамуы үшін маңызды. Егер бұрын саяси реформаларға баса назар аударылса, қазір қалыптасқан саясатты экономикалық шаралармен теңестірген жөн.

«Өткен жылдары, әсіресе «қаңтар» оқиғасынан кейін саяси жүйені реформалау бойынша жүйелі шаралар қабылдау өте маңызды болды. Қазіргі таңда, жалпы алғанда, саяси салада белгілі бір ілгерілеушілікке қол жеткізілді деп айта аламыз. Енді бізге экономикалық бағытты жетілдіру қажет. Экономикамызда қордаланып қалған мәселелерді шешудің маңызы зор. Осыған байланысты биылғы Жолдауда жаңа экономикалық модельдің мақсат-міндеттері айқындалып, оған қол жеткізудің маңызды тетіктері көрсетілген», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының айтуынша, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін төрт шарт орындалуы керек. Олар экономиканың дамуына қажетті серпін беріп, жыл сайын 6-7 пайыздық өсуді қамтамасыз етеді.

«Бірінші шарт – экономиканың барлық субъектілерінің, ең алдымен, кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының нақты, түсінікті, ашық, әділ және ұзақ мерзімді «ойын ережелерін» қабылдау. Екінші шарт – инфрақұрылымды дамыту және кәсіпорындарымызды шикізатпен қамтамасыз ету. Үшіншіден – бизнесті несиелермен және инвестициямен қамтамасыз ету. Енді экономикамызды дамыту үшін банктердің қызметін жандандыруға қажетті қандай заңдарды өзгерту керек екенін қарастырамыз. Төртінші шарт – ішкі нарықты жүйелі түрде қорғау. Иә, біз Еуразиялық экономикалық одақтың және Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелеріміз. Алайда ДСҰ аясында да кәсіпкерлерімізді қорғаудың барлық заңды құралдарын қолданып жатқан жоқпыз», деді Сенат спикері.