Егемен Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2023

«Хат қоржын»

214 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Саналы ұрпақ – сапалы ұлт кепілі

Бала дүниеге келгеннен бастап өзін өзі дамытуға және жеке адам ретінде қалыптасуға қабілетті. Балалардың ішкі жан-дүниесінде ерекше күш бар, ал біздің міндетіміз – сол энергияның дұрыс жұмсалуына ықпал жасау.

Баланың бойындағы табиғи дарын мектепке дейінгі шақта-ақ жан-жақты дами бастайды. Олармен нақты жұмыс дәл сол кезде жүйелі жүргізілсе, нәтижесі де айтарлықтай болады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басты міндеті де сол – жас ұрпаққа жүйелі, нәтижелі білім беру. Негізі мектепке дейінгі білім беру ұйымында оқыту мен тәрбиелеу үдерісін жақсарту үшін жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін енгізудің маңызы зор.

Білім беру салаларының бағыттарын жүйелеп өзара біріктіру әрі кіріктіру арқылы оның сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеруге болатыны дәлелденген жайт. Ал мұндай үдерісті жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа ақпараттық технологияларын меңгерген әрі оларды күнделікті қолданатын ұстаз-тәрбиешілердің жұмысы оң нәтиже бермек. Яғни дені сау, саналы, тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектеп табалдырығын дайын шәкірт ретінде аттайды деген сөз.

Адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру сияқты оң үрдістер отбасы мен балабақша арасындағы тығыз байланыс қаншалықты дұрыс жолға қойылуына да тікелей қатысты. Егер педагог мамандар дұрыс үштік (педагог-отбасы-тәрбиеленуші) құра білсе, көп мәселенің қиюы келісе кететіні күмән туғызбайды.

Жалпы алғанда, білім ордалары адамгершілік қарым-қатынастың, құндылықтар қалыптастырудың, мейірімділіктің, ізгіліктің, бауыр­малдықтың ұясы ретінде әрекет етуге ұмтылуы керек. Отбасы мен балабақша бірігіп, балаларға коммуникативтілік тұрғыдан қолдау танытса, көздеген мақсат тым қол жетпестей алыс болып көрінбейді. Бұл жерде ата-аналар бала тәрбиесінде тәрбиешілермен сенімді серіктеске айналса құба-құп.

 

Ұлтуған ЖҮНІСОВА,

«Әлі-Нұр» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі

 

Түркістан облысы,

Отырар ауданы

 

 

Қосымша білімде артықшылық көп

Қазіргі таңда білім беру жүйесінде жеке тұлғаны тәрбиелеу мен оның шығармашылық қабілетін дамытуда қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстары ұйымдастырылған. Балаларға қосымша білім беру – шығармашыл, дарынды балаларды іздеу, қолдау көрсету, дамыту үдерісі қарқын алып келеді. Басты мақсат – жеткіншекті жоғары интеллектуалды азамат етіп қалыптастыруда халқымыздың бай рухани мұраларын бойларына сіңіру.

Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруде, бойларында ұлттық мінез-құлық қалыптастыруда домбыраның алар орны ерекше. Сондықтан «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзді Қадыр Мырза Әли ағамыз жайдан-жай айтқан жоқ. Себебі баланың бойында халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады.

Жас ұрпақтың дарыны мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру, олардың өзіне деген сенімін нығайту, бір сөзбен айтқанда, өмірде өз жолын өзі таңдауына түрткі болу мақсатында ауданымызда өткен жылдың 1 маусымынан бастап балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жұмысын бастады. Бұл мекемеде домбыра, тоғызқұмалақ, шахмат, сурет, ағаш қолөнері, тігін, фортепиано, баян, хореография, эстрада-вокал, бисер, тоқыма, роботтехника, стрингарт, мүсін өнері, саксафон, сахна тілі, мәнерлеп оқу үйірмелері жұмыс істейді.

Жаңа заман талабына сай өнерлі оқушы тәрбиелеу – ұстаз білім-білігі мен шеберлігі арқасында жүзеге асары сөзсіз. Қай кезде болса да «Мектептегі басты тұлға – мұғалім» десек, шәкірт ықыласына бөлену олардың талантын байқап, дарынын ұштау, бәйгеге қосып, жеңісін көру тек дарынды ұстаздың ғана қолынан келмек. Ал дарынды бала – ұстаз үшін тағдыр сыйы. Тәуелсіз еліміздің талантты ұрпақтарын тәрбиелеп отырған ұстаздарымыздың жетістігі көз қуантарлық.

 

Ғазиз СӘРСЕБЕКОВ,

Ұйғыр аудандық балалар мен жасөспірімдер

шығармашылық орталығының директоры

 

Алматы облысы

 

 

Жас таланттар тәлімгеріне ризамыз

Әлемде қазақ баласына таңсық спорт түрлері өте көп. Әсіресе ауылда доп қуалап жүрген жастар жапон халқы меңгерген каратэ-до, айкидо, яғни Жапонияның жауынгерлік өнерлерін біле бермеуі мүмкін. Қимылдың ширақтығы арқылы қорғануға үйрететін шығыс өнері көбіне қалада кеңірек насихатталып келеді. Ал Асан Молдағали аталған өнерді ауыл балаларының да үйренгенін қалап, шәкірт тәрбиелеп жүр.

«Мен алдыма нақты мақсат қойдым. Ол мақсатқа жету үшін тынбай еңбек еттім деп айта аламын. Қай салада қызмет атқарсам да, ойымда спорт, оның ішінде шығыс жекпе-жегі тұрды. Ауылда туған соң шығыс өнерлерін дәріптейтін фильмдерді ғана көріп, кино кейіпкерлеріне ұқсағысы келетін балалардың қатарында мен де болдым. Каратэмен шұғылдануға ауылдағы қара домалақ қазақ балалары да лайықты. Сол үшін қолымнан келгенше оларды жаттықтырып, қалада жинаған, жарыстарда көрген тәжірибелеріммен бөлісіп, оларды алға шығаруға тырысамын», дейді Асан Нарынбайұлы.

Ол Оралда тек каратэден ғана сабақ беріп қоймай, айкидо деген таза қорғанысқа құрылған өнерді де үйреніп, алғашында содан нұсқаушы, каратэмен де жаттыға жүріп, одан да жаттықтырушы болып жұмыс істеген. «Шәкірттерімді осы өнерлерге баули жүріп, ата-аналардан жақсы пікірлер естідім. Олар балаларының жаттығуға келгеннен кейін өзгергенін айтады. Тәртіпке көніп, жақсы жаттыққан шәкірт мінез жағынан батыл, қайсар болады. Мұндай баладан, әрине, жетістік көрінеді. Жасыратыны жоқ, қазір телефоннан бас алмайтын заман болған соң жас ұрпақ ынжық, мінезсіз, ұсақ болып өсіп келеді. Ал спорт нағыз ерге тән қасиетті үйретеді», дейді А.Молдағали.

 Ауданға арнайы ұсыныспен келген жаттықтырушы бүгінде аудандық М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Колледж директоры Берік Ықсанов та қолынан келген көмегін көрсетіп келеді.

 

Ақтілек ӘЛІБЕКҰЛЫ,

журналист

 

Батыс Қазақстан облысы,

Жәнібек ауданы