Ол кезде әдебиет туралы көп айтылады. Жұрт дүкеннен кітап сатып алып оқиды. Зиялылардың мәдениетін көрген (әлде естіген) кейбір өзін өркениетті санайтындар сықитып үйіне кітап жинап, оған парықтың немесе кеңес адамының тұрмыстық салтының бір белгісі ретінде қарайтын.
Жалпы жазушы жайлы айтылады, бірақ жұрттың жадында, аузында кітаптың аттары жүретін. Оның авторының кім екенін білмеуі мүмкін, тіпті ол маңызды да саналмайды, кітаптың атын шатастырмаса болды. Біреу әлдебір оқиғаның сюжетін баяндап, «Шұғаның белгісінен» оқыдым» десе, «жо-оқ, ол «Ботагөз» романында ғой» деп дау айтады. «Дұрыс емес, «Мөлдір махаббатта» дейді енді бірі.
Қалыптасқан үрдіспен шығарманы авторына қарамай оқи бересің. Өзім де ұнаған кейбір өлеңдерді жаттап алатынмын. «Жалын», «Жұлдызды» былай қойғанда, өзіміздің аудандық газеттен де ұнаған өлеңдерді жаттай беретінмін.
Шілікті өзек, шилі өзе
байырғы сай,
Байырғы сай – мен өскен
«Қайыңды сай»,
Бала көңіл табысқан өзіңменен
Айырылғысы келмей тұр,
айырылғысы-ай.
Бала күннен сыр тартып бау,
құрағың,
Жылғаларда жырласа жәудір ағын,
Көктемеден нәр алған
қойнауыңның
Балбырауын қарашы, балбырауын.
Мұны кейін білдім, Арасанбай ақынның «Қайыңды сай» деген өлеңі екен. Міне, халық әдебиетті осылай оқып, осылай білетін. Тірі жазушыны көп көре қоймайды, жазушы деген елдің қиялындағы жерге анда-мында түсетін періште сияқты.
Мектептегі кезімде аудан орталығында Секен Иманасов, Өтепберген Ақыпбеков сияқты бір-екі қаламгер бар деп еститінмін. Кейін байқап қарап жүріп, солардың бірі – Арасанбай Естенов екенін білдім. Бала көңілмен, «жазушы болса бітті, егде жастағы адам» деп ойлайтынбыз. «Жалын» альманағынан суретін көрдім, жап-жас жігіт – таңғалдым.
1977 жылы – Кеңес елінде Ұлы Қазан төңкерісінің 60 жылдығы тойланды. Қыл аяғы «әдгөнде» өткен кішігірім іс-шараға дейін қызылдардың жеңісі мен кемелденген социализмнің жыры жырланып жатты. Сол жылы «ГосКомИздат» және Лениншіл Коммунистік жастар одағының Орталық Комитеті, Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастыратын дәстүрлі «Жалын» жабық бәйгесі де, әлбетте, большевиктер үкіметінің құрметіне өткізілді. Осы әдеби бәйгенің ынталандыру сыйлығын Арасанбай Естеновтің «Шырғалаң» хикаятының иеленуі – қазақ қоғамының үлкен жеңісі еді. Себебі импершіл идеологияның көздейтіні де, көксейтіні де коммунистік мұраттың әрқашан үстем болуы. Ал мына шығармада қазақ халқының қиянаттықпен қырғынға ұшырағаны, ел бастайтын игі жақсыларының қолға түскені басы шабылып, өзгесі тоз-тоз болып қашқаны суреттелген еді. Мұндай шығарманы бәйгеге ұсынбақ түгілі жазудың өзі – жүрекжұтқандықты көрсетеді. Арасан ағамыз небәрі 24 жаста екен. Әлде албырттықтың бетімен осындай нар тәуекелдікке барды ма?..
Ал «Шырғалаң» хикаяты не туралы және кімдер жайлы еді.
Большивиктер өкіметі орнағанда әуелде ауылнай болған, артынан көзқарастары үйлеспей қызылдарға қарсы шығып, тұтқындалып, ақыры қашқындыққа ұшыраған ел ағасы Нұрмұханбет жайлы. Ол жапан түзде жалғыз келе жатып, сан түрлі ойға кетеді. «Жаңа заман құрысамыз деп, аттан түспей түн қатып жүргендегі шыққан ұшпақтары осы ма? Баяғы атам заманнан бері малын бағып, «қойын құрттап, айранын ұрттап», келе жатқан бір қазақты «кедей» мен «бай» деп екі жікке бөліп, бірімен-бірін атыстырып, шабыстырып, қырқыстырып қойғанына ақылы жетпейді. Сол айтаққа ерген өз ағайындарына таң. Әкем-ау, бұған дейін қалай өмір сүріп келіп еді... Бай деген сән-салтанатымен, ауыл-аймағымен ел-жұрттың қорғаны, мақтанышы емес пе еді. Атағы алты алашқа кеткен кешегі Маман – Тұрысбектер қандай еді десеңші. Айналасындағы тамам елге қамқор да, қормал болғаны өз алдына жаңаша оқытатын мектеп салып, қазақ балаларының көзін ашып, үлкен қалалар Верный мен Уфа, Петерборға дейін білім алуға ұйытқы болғаны неге еленбейді? Ел-жұрты құрметтеп, «Байқажы» атап кеткен сол Маман әулеті ашқан «Мамания» мектебінің алғашқы түлектері Біләл мен Ілияс білімді де білікті азамат санатында осы кеңес өкіметінің келешегі үшін тер төгіп, жаңа заманның іргесін қаласып жүр ғой. Оны неге көрмейді бұлар?.. Күйіндің не, күйінбедің не, енді бәрібір. Себебі жарғақ құлағы жастыққа тимей ел мен жер қамы үшін арқа еті арша, борбай еті борша бола ғұмыр кешкен сол әулеттің басына түскен кешегі қиямет қайым күнін айтсаңшы! О дүниелік болған Маман, оның ұлы Тұрысбектер қайта ол зауалды көрмей кетті. Дәл бұлай болары үш ұйықтаса түстеріне кірмеген де шығар, жандары жәннатта болғырлар. Көрмей кеткендері де жөн бір ойдан» деген толғақты небір байламның басын шалады.
«Сол әулет» деп отырғаны Маман бидің өрен-жарандары. Баласы Тұрысбек Уфа қаласындағы «Ғалия медресесінің» үлгісін алдырып, Қараағаш қыстағында мектеп салдырып, оны әкесінің есімімен «Мамания медресесі» деді. Ал інісі Есенқұл 1913 жылы қазақ романына тұңғыш бәйге жариялаған мецанат. Сол кезде зиялылар оны «Қазақтың Нобелі» атады. Сонымен қатар «Алашорда» қайраткерлерімен қарым-қатынасы тығыз болған және Семейде «Алаш» атты әскерін құруға қолұшын берген адам еді. Алашорданың «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының үзбей шығып тұруына қаржысын аямаған кісі.
Осы әулет заман тепкісімен арғы бетке ауып кеткенде, әдісқой қызылдар артынан Мұхамеджан Тынышбаев пен Біләл Сүлеевке Есенқұл қажы мен Тұрысбектің ұлы Құдайбергенге хат жаздырады. Хаттарында «атажұртқа қайта көшіп келсе, кешірім беріліп, бәрі баяғыдай болады» деп айтылады.
Хатты арғы бетке апарып беріп жүрген бас кейіпкер Нұрмұхамет. Бұл –1921 жыл еді. Хатты оқып Есенқұл қопалақтап қалады. Ал Құдайберген қажы бұл үгітке иімеген. Сенгісі де келген жоқ. Көкірек көзі ашық, алдағыны болжай білетін оның сондағы айтқан аманаты: «Мен өз жерімнен, елімнен қашқан жоқпын. Мені елімнен еріксіз қуды. Мәжбүрледі. Кеңес өкіметі мені адам қылмайды. Жайыма қалдырмайды. Атпаған күнде, соттайды. Мен тыныш өмір сүріп, ұрпақ сүйгім, Маман әулетін жалғастырғым келеді. Тектіліктен айрылмауымыз керек. Аман жүрсең, келер ұрпаққа осыны жеткіз!» дейді.
Сонымен Есенқұл мал-мүлкімен, ел-жұртымен қайта атақонысқа оралады. Оралысымен тұтқындалып, итжеккенге айдалады. Әйелдерін кеңес заңымен таратып жібереді. Аталған туынды ел басына түскен зобалаңды күндерді көркем сипаттай алған еді.
Осындай аламан додадан Арасанбай Естеннің ауылда жүріп төбе көрсетуі, әдебиетке деген үлкен қабілетін танытты. Бәйге мазмұны қызыл сұңқарларды ұлықтауға үндесе, өндірдей ол шығармасында қызылдардың қыспағынан болған ұлттық трагедияны сөз етті. Батылдық пен шеберлік дөп келіп, жас жігіт қоясын қазғандай кеңес пиғылы мен саясатын осылай көрсетеді. Мұны қазылар байқамай қалмағаны ақиқат, тек әдебиет деп қарап, арғы жағына мән бермеуге тырысқан сияқты.
Қысқаша қайырып айтқанда «Шырғалаң» хикаятындағы мазмұн осындай. Бұның бәрі қызыл империяның құрсауында отырса да автор ақыл-ой санасының еркіндікті аңсап, тәуелсіздікке ұмтылуының көрінісі. Қаламгердің көркемдік арқылы халқының асыл мұратын паш етуін уағында байқамаса, көре алмаса ол – әдебиет сыншыларының мәселесі. Ал Арасан ағамыз біртоға мінездің кісісі, шығармасын жазуды ғана біледі. Әлдекімдер сияқты қаламынан болар-болмас бірдеме тамса, кеудесін ұрып, дүрбелеңге салмайды.
Ұяң мінезді, сыпайы ғана сөйлейтін ағамыздың бойында бұғынып жатқан өнердің кені көп. Әдебиетті үлкендерге де, балаларға да арнап жазады. Прозаны да, поэзияны да тең меңгерген. Сазгерлігі бір төбе, әншілігі тағы бар – нағыз қазақтың сал-серілері іспетті... Қазіргі күні қаламгердің қолынан шыққан он бес шақты кітабы көпшілік игілігіне айналған. «Шырғалаң», «Ауыл таңы», «Баянжүрек баурайында», «Тасжарған ерте көктейді», «Айжаңғырық», «Жансауға», «Періштелер патшалығы», «Алашапқын» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы және балаларға арналған «Әліппемен қоштасу», «Мектептегі мейрамдар», «Киелі сандар», «Алғашқы қоңырау», «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар», «Жеті саны киелі», «Біздің батыр бабалар», «Көне кенттер күмбірі» кітаптары мен «Таудай болып өсеміз», «Отан – Ана, Жер – Бесік», «Арман қанатында» атты ән жинақтары бар.
...Көз алдымда Қапалдың көшесімен сұңғақ бойлы, шашы иығына түскен, денесі тіп-тік бір жігіт кетіп бара жатқандай... Орталық көшемен түзу тартып, аудандық газеттің редакциясына бұрылады...
Осындай ағаның алдыңда жүргеніне не жетсін!
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты